MediaStar.kz
Қазақ әндерінің деректер қоры
Жүйеге кіру
Электронды пошта:
Құпиясөз:

Құпиясөзді ұмытып қалдым

Тіркелу









Өнер жолы
Алтыншаш Жақиянова
Автордың өнердегі есімі (автор халыққа қандай есіммен таныс):
Алтыншаш Жақиянова
Топтама нөмірі және автордың деректер қорына тіркелген күні:
№8, 2 наурыз 2022 жыл
Өнер жолы:

Автордың жетістіктері мен атақтары:
«
»
Туған жері және жанұясы
Автордың толық аты-жөні:
Жақиянова Алтыншаш Жұманқызы.
Туған жері:
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал ауылы.
Әкесі. Мамандығы:
Жұман Сәтбергенов – жұмысшы.
Анасы. Мамандығы:
Патима Сәтбергенова – үй шаруасы.
Жары. Мамандығы. Балалары. Мамандығы:
Ихсан Жақиянов, суретші-мұғалім.
Балалары: Медет Жақиянов – менеджер, Әділет Жақиянов – музыкант-баяншы, Жаннұр Жақиянова – инженер.
Білімі
Алғашқы мектебі. Сынып жетекшілері:
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Майдантал ауылы ХХ партсьезд орта мектебі. Төрехан Смағұлов.
Жоғарғы оқу орны. Қандай мамандық бойынша білім алдыңыз? Тәлім алған ұстаздары:
1. Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті, журналистика факультеті.
2. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық институты, филология факультеті.
Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, Намазалы Омашов, Бауыржан Жақып, Әбілфайыз Ыдырысов, Абдулхамит Марқабаев.
Өнер жолын таңдау себебі:
Ақындықты он жасымнан армандағанмын. Ақындық маған нағашы атамнан келді.
Спорт
Спорттың қандай түрімен шұғылданасыз? Бұл спорт түрі Сізге несімен ұнайды?:
Суға жүзу. Су бойыңды сергітеді.
Біздің ақпарат
Туылған күні:
1959-01-30.
Шығыс жұлдызнамасы бойынша белгісі:
Доңыз.
Зодиак белгісі:
Суқұйғыш.
Сүйікті көлігі:
Пойыз.
Сүйікті актері:
Досхан Жолжақсынов.
Сүйікті киносы:
Титаник (Леонардо Ди Каприо, Кейт Уинслет). АҚШ, 1997.
Сүйікті жазушысы:
Нұрдәулет Ақыш.
Сүйікті кітабы:
Аласа таулар аясында. Нұрдәулет Ақыш.
Сүйікті тағамы:
Бидай көже.
Сүйікті спортшысы:
Геннадий Головкин, бокс.
Сүйікті мезгілі:
Көктем.
Өмір және көзқарас
Сіздің махаббатқа деген көзқарасыңыз. Сіз махаббатқа сенесіз бе? Шынайы махаббат қандай болуы керек?:
Махаббатқа сенемін.
Сіздің достыққа деген көзқарасыңыз. Сіз достыққа сенесіз бе? Нағыз дос қандай болуы керек?:
Достық берік болған кезде ғана сенімді болады.
Сіздің ойыңызша, еліміздің өнер саласында қандай басты мәселелер бар? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Мемлекет тарапынан ақындар мен сазгерлерге аз көңіл бөлінеді.
Сіздің ойыңызша, қандай мәселелер адамзат үшін жаћандық мәселе болып табылады? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Қазіргі кезде адамдар арасында бірлік азайған.
Қызық оқиғалары:
Бәрі жұмыста болатын. Құрбым Базаркүлдің анасы тігіп берген әдемі көйлегі бар болатын. Көйлек етегінің төменгі жағында жағалай ромб тәріздес суреттер бар еді.

Екеуміз қайшыны алып, сол ромбиктарды қиып алып тастадық. Тесік-тесік әдемі сәнді көйлек болып шықты.

Жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз кеп, балалық-ай десеңші! Сонша аңқау болдық па, кім білсін, қазіргі балалар осыны істер ме еді?!.
Хобби:
Құрақ құрау.
Ұраны:
Алаш.
Автордың байланыс телефондары
Жеке телефоны:
+77053053373.
Автордың электрондық деректері
Электронды пошта (e-mail):
altynshash_zhakiyanova@mail.ru
Қосымша ақпарат
Автор (орындаушы) туралы қосымша ақпарат:
- 2017 жылғы балалар әдебиетінің бас жүлдегері.
- ҚР Жазушылар Одағының.
- ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
- Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.
- Авторлар қоғамының мүшесі.
- Қапшағай қаласының құрметті азаматы.
- Жыр мүшайралары мен айтыстың жүлдегері.
Сұрақтарға жауап берген кім және/немесе сауалнаманы толтыру барысында қолданылған ақпарат көздерінің тізімі:
16 наурыз 2022ж., сұхбат берген автордың өзі. Сұхбаттасқан Асыл Ақшолақов.
Фото суреттер галереясы

Үйлену той. Семей облысы Аксуат ауданы Аксуат ауылы. 22 шілде 1979 жыл.

19 жас. Алматы, 1978.

Жанұясының ортасында. Қапшағай, 2008.

Жолдасы Ихсанмен бірге немерелерінің ортасында. Алматы, 2015.

Atlantis Paradise Island Resort мейманханасы. Нассау, Багам аралдары, 2014.

Жолдасы Ихсанмен бірге кезекті демалыста. Хайнань, 2019.

"Құлыншақ" кітабының тұсаукесері. Қапшағай, 2017

"Қапшағай толқынында" кітабының тұсаукесері. Қапшағай, 2016

Немерелерінің ортасында. Алматы, 2016

Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған айтыстан 1 орын алған сәті. Қапшағай, 2005.
Автор әндерінің тізімі



Әннің атауы мен авторлары Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары
1 2 3
1.Абай – өлең
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Матқұлбек Маясаров
2.Бесік жыры
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Кентау Назарбек
3.Семейім
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Марат Оразаев
4.Тамшы
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Батима Жылқыбаева
5.Қазақтың Қонаевы
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Кентау Назарбек
6.Ұзату
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Матқұлбек Маясаров
7.Ұлым менің
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Достан Көзмағамбетов
8.Әндерің-ай
Сөзі: Алтыншаш Жақиянова
Әні: Ерсайын Нарымбаев

Автор өлеңдерінің тізімі
Бұл бөлімде әлі музыкасы жазылмаған автордың еңбектері жинақталған

Адасып қалған армандай,

Іздеумен өтті күндерім.

Үзіліп үміт қалғандай,

Күй кешерімді білмедім.

 

Жолығардай боп түбінде,

Жүруші ем үміт-күн кешіп.

Сен жоқсың, құрбым, бүгінде,

Қалмадым бір сәт тілдесіп.

 

Өтсем де отың жаға алмай,

Естімесем де күлкіңді.

Есігімді кеп қағардай,

Іздедім сені бір түрлі.

 

Сырлас қып ай мен жұлдызды,

Сырымды жанға шашпадым.

Іздей де жүріп сол күзді,

Ошағын жақтым басқаның.

Жатушы ед айдын бір кезде,

Толқыны өбіп жағаны.

Аңсатты-ау самал жел кезбе,

Жүрегім сыздап барады.

 

Кеп тұрмын жалғыз айдынға,

Куәсі болған өткеннің.

Шомыпты ол да ой-мұңға,

Кеудеме бір жас кептелді.

 

Ай нұрыменен сырластым,

Айдынға түскен дірілдеп.

Күркіреп теңіз жыр шашты,

Өзіндік тілмен гүрілдеп.

 

Босап та кетті-ау көңілім,

Жұбата алмай өзімді.

Желбіреп желмен өмірім,

Сүйді кеп самал көзімді.

 

Жұбатқан да жоқ ешбір жан,

Өзіңдей мені аймалап.

Осылай ауыр кештік хал,

Айдында жүзіп ай барады.

 

Сағыныш оты шарпыған,

Жанады жүрек жаралы.

Жаз қызықтарын қарпыған,

Қаздар да қайтып барады.

 

Оралар олар көктемде,

Батырды мұңға күй мынау.

Думанға толы өткенге,

Оралу бізге қиын-ау.

Аяулым менің, арманға бөлеп кеттің сен,

Сағым боп жүріп, сағыныш болып жеттің сен.

Жүрегім менің тулайды асау теңіздей,

Өзіңе ғашық еттің сен.

 

 

Тұлғаңды сенің сағынам жиі көрмесем,

Ақ құсың болып жетейін, жаным, кел десең.

Сағынам, жаным, сыр шашып қара көздерің,

Еркелей қарап күлмесең.

 

 

Сүйікті бейнең жадымнан менің кетер ме?

Күндерім менің сағыныш болып өтер ме?

Азапқа салған өзіңе ғашық жүректің,

Елшісі келіп жетер ме?

Аққу-қаздайын аңсаған көлін,

Мейірім-нұрға тамсаған шөлім.

Жанымен сыйлап, жүрекпен ұғып,

Тәтелеп жүрген қарғам-ау менің.

 

Танысты жігіт жаңадан көрген,

Жырымды сыйлап қаладан келген.

Бір-бірін адам бағалап солай,

Тұрса ғой өмір қошеметтерден.

 

Кетпейді тектен сезім далаға,

Гүлдеді ұқсап көңлім лалаға.

Бір-бірімізді сыйлап өтейік,

Сәлем айт, қалқа, келін балаға.

 

Аралдай болып ындыны кепкен,

Ақ жауын тілеп жүр едім көптен.

Аласапыран, жауын-шашынды,

Басталып кетті бір қызық көктем.

Енді міне,

Өмірде жоқсың мүлде

Достармен де жүре алған жоқсың бірге.

Туған жердің бұйырмай топырағы.

Жалғызсырап жатыр-ау жалғыз мүрде.

 

Сенен қашып жүргенде кезікті өлең,

Қош махаббат, ешқашан кезікпеген,

Сездің бе екен, әлдекім жеткізді ме?

Ең соңғы рет қарап ең сезікпенен.

 

Содан бері көрмедім

Сағындым да,

Кете бардым тағдырға

Бағындым да.

Тым құрыса кетерде бір көре алмай,

Көңілім шерге толды,

Жаным мұңға.

Сен мені сағындың ба?

 

Жылап келдім өмірге,

Жылап кетем.

Тербетеді жанымды

Тұрақ-мекен.

Өмір деген сылдырап ағып келіп

Бір күні тоқтап қалар бұлақ па екен?

 

Өмір деген жанған бір

Шырақ па екен?

Тағдыр неге тым алыс

Ұзатты екен?

Өмір деген осындай шым-шытырық

Тарихта бір қалатын сызат па екен?

 

Қайтем енді жоқ жанның атап атын,

Мезі еттің-ау, үн-түнсіз махаббатым.

Сенен безіп кеткенмін, елден емес,

Көрмеген соң сүюдің шапағатын.

Есіме ап сені

Сығып ап жасын жанардың,

Жанымды жеді ой

Қағазға тағы қадалдым.

Жаралы тәні

Тағдырын кештім маралдың

Маңдайға сені

Жазбаған мына, тағдырым

Бетінен жердің

Біржола жоқ қып неге алдың?

 

Бір жылы сөзі

Бұйырмай кеткен, қарағым,

Күрсініп салды

Қасірет шеккен дала мұң,

Қаланың емес

Елігі ең ғой даланың.

Ерке еді жаның,

Өртеді жалын жанымды,

Кім білсін қашан тарарын?!

 

Білмеппін, досым,

Мендегі сезім мәңгілік,

Осылай болып қаларын.

Жандай болып сенделдім жоқ амалы,

Көзім жұмсам сол бейнең оралады.

Бір сәт мені есіңе алдың ба екен,

Желбіреген алыстан орамалы.

 

Күтуші едім қыр асып келер күнді,

Құрбан еттім ұйқысыз нелер түнді.

Өзіңе арнап жыр жаздым таңға отырып,

Соқыр-сезім басқадай елер кімді?

 

Түбінде бір жүруші ем жолығардай,

Сырымды айтып, қалдым-ау жолыға алмай,

Өмір атты сапардан қайттың ерте,

Жолаушыдай өмірде жолы болмай.

 

Соқпағында өмірдің шиырлаған,

Сезбесең де, куә еді дүйім далам.

Қош бол енді, қиыспас қайран құрбым,

Бір ауыз жылы сөзім бұйырмаған.

Жоғалып кет, көзіме көрінбегін,

Аяған жоқ ешқашан өмір мені.

Қанша сенім тапталған аяқ асты,

Кетер ме екен күдігім көңілдегі.

 

 

Хабарыңды бермеуің мүмкін бе еді,

Ащы ызаны көрсең ғой күлкімдегі.

Ләйлісінің зар болған хабарына,

Мен болдым-ау Мәжнүнің бұл күндегі.

 

 

Сап тиылды сен жақтан ескен самал,

Сені қамап ұстаған неткен қамал.

Енді маған айтарсың қандай сылтау,

Сытыласың бұдан да тауып амал...

Жылап келдім өмірге

Жылап кетем,

Тербетеді жанымды

Тұрақ-мекен.

Өмір деген сылдырап ағын келіп

Бір күні тоқтап қалар бұлақ па екен?

 

Өмір деген жанған бір

Шырақ па екен?

Тағдыр неге тым алыс

Ұзатты екен?!

Өмір деген осындай шым-шытырық

Тарихта бір қалатын сызат па екен?

 

Енді міне,

Өмірде жоқсың мүлде

Достармен де жүре алған жоқсың бірге.

Туған жердің бұйырмай топырағы.

Жалғызсырап жатыр-ау жалғыз мүрде.

 

Сенен қашып жүргенде кезікті өлең,

Қош махаббат, ешқашан кезікпеген,

Сездің бе екен әлдекім жеткізді ме?

Ең соңғы рет қарап ең сезікпенен.

 

Содан бері көрмедім

Сағындым да,

Кете бардым тағдырға

Бағындым да.

Тым құрыса кетерде бір көре алмай,

Көңілім шерге толды,

Жаным мұңға.

Сен мені сағындың ба?

Келмедің, күттім бүгін де,

Келмессің, бәлкім, түбінде.

Базардан қайтқан түңіле,

Жандаймын қызыліңірде.

 

Шыдамның дағы бар шегі,

Болмадың жамау сыныққа.

Бәрібір маған, ал тегі,

Мейлі, сен ұмыт, ұмытпа.

 

Күттім көп іздеп бір емін,

Сарғайып тұрып соңғы рет.

Жұлым да жұлым жүрегім,

Жас толды көзге мөлдіреп.

 

Күтуге енді жоқ шамам,

Шаршадым, жаным, шаршадым.

Қаларсың болып жақсы адам,

Тастады-ау жаншып талша мұң.

 

Көрейін сені сағынбай,

Елесіңді іздеп басқадан.

Білемін, көріп жанындай,

Сүймейді мендей басқа жан.

 

Жатпенен кеттің жабысып,

Көрмегім енді сол ма еді.

Қара түн өтті қан ішіп,

Әлсіреп жүрек өлмелі.

 

Көрінбеші сен көзіме,

Көрінгім мен де келмейді.

Жаралы жүрек өзіңе,

Ешқашан енді сенбейді.

 

Көңілді мұнша қалдырып,

Не жаздым саған, не жаздым.

Жүректі отша жандырып,

Сен жағы басым тараздың.

Кеттің, міне, қаза болып,

Іздегенмен таппасқа.

Қайтқан кісі маза беріп,

Тыныш қана жатпас па?

 

Түсіме еніп мазалайсың,

Іздеп енді жүрмісің?

Мені не деп жазалайсың,

Қайта оралмас жыл құсым.

 

Тірлігіңде бас қоспадым,

Бара алмадым қасыңа.

Келмес жаққа көш бастадың,

Ажал келіп басыңа.

 

Шығартпай-ақ сырларымды,

Өмір өтті қас-қағым.

Саған жазған жырларымды,

Жерге көміп тастадым.

 

Бәлкім содан сезіндің бе?

Түсіме ене бердің-ау.

Ішімдегі жан сырымды

Қайдан білер ел мынау.

 

Ойша көңіл асып-тасып,

Ойша өзіңмен сырластым.

Қиялымда қол ұстасып,

Асулардан бірге астым.

 

Армандарым – тәтті сағым,

Жетеледі мені алға.

Күтуменен атты таңым,

Шығатындай сен алдан.

 

Кеттің  ұзап бұл өмірден,

Іздегенмен таппасқа.

Дәптерімді жыр өрілген,

Серт етіп ем ашпасқа.

Бүгін күттім, еркем,

Келе алмадың бірақ.

Келесің бе ертең,

Шығамыз ба жырақ?

 

Күттім кеше, айнам,

Келе алмадың неге?

Жолығып ем қайдан,

Қиын болды - деме.

 

Шырмалып-ақ қалдым,

Көрінбейсің кей күн.

Жанға жара салдың,

Келіп кетші - деймін.

 

Ырық бермей кеуде,

Өкпеледім, налып.

Көрінбеші деуге,

Келмейді тіл, нағып?

 

Қамалайды сұрақ,

Жүрегім тұр жылап.

Кінәлі емеспін ғой,

Қалған болсаң ұнап.

 

Көп күттірдің, күнім,

Келе алмадың бүгін.

Күрсінумен күнім,

Өтті ұйқысыз түнім.

 

Күтермін-ау ертең,

Келе алмассың, еркем.

Жаным сыймай үйге,

Күй кештім бір өртең.

 

Тереземе неше

Жүгірумен кеше.

Күттім ұзақ тұрып,

Қар жамылды көше.

 

Апта сырғып өтер,

Келесі апта жетер.

Бәлкім, сені осы,

Күтіп жүрмін бекер.

 

Қалмайды ойда тұрақ,

Болмадың ба сынап.

Қауызына сыймай,

Жаным жүр-ау шыдап.

 

Жарылады бір күн,

Құрысыншы бұл күн.

Ыдыратып кетші,

Көңілімнің бұлтын.

 

Өтсе де өмір көші,

Іздейтінім несі.

Неге, неге, неге

Күтем сені осы?

 

Сен мені түсінбедің,

Ішімде мұң.

Бір күні жарылады

Ішімдегім.

 

Жаныңа баламадың,

Жараладың.

Қаныммен жан дүниемді

Араладың.

 

Сен мені түсінбедің,

Түсінбедім.

Жырыммен сомдайтұғын

Мүсін бе едің?

 

Жайып ап шаттығыңды,

Жинап қойдың.

Несіне өйтерің бар

Қинап қойдың?

Көктем болып келуші ең, көктем болып,

Аппақ гүлін айнала төккенде өрік.

Ән сап менің көңілімді көтеруші ең,

Анда-санда түскендей көктен келіп.

 

Содан бері мен сені көргенім жоқ,

Өлді деген хабарға сенгенім жоқ.

Сен мен үшін жүре бер тірі болып,

Өйткені, сені қолдан көмгенім жоқ.

Себебі сол – мен сені көмгенім жоқ.

 

Мен үшін бірге жүрсің меніменен,

Өйткені, сені өлдіге телімегем.

Ақ қайыңдар ішінде, ақ жейдемен,

Ән сап жүрген түсімде сені көрем.

 

Сені көрем гүлдердің арасынан,

Қылығыңа өзіңнің жарасып ән.

Күлім қағып қарайтын жатқа-дағы,

Айналайын көзіңнің қарасынан.

 

Сені енді шынымен көрмеймін бе?

Тұрмын жаман хабарға сенбей мүлде.

Ақ көңілмен жарылып тыңдаушы едің,

Сырымды айтар екенмін сендей кімге?

 

Қонақ болып ешқашан келмейсің бе?

Жазған жаңа жырымды көрмейсің бе?

Көңілімді көтеріп әре-кідік,

Маған келіп ән салып бермейсің бе?

Досым...

Жымиғанда қиылып бала сынды,

Аппақ тісің тізіліп жарасымды.

Ат басындай алтынға сол бір сәттік,

Айырбастамас едім көз қарасыңды.

 

Жүрегіңді тербетер әлі жырым,

Сағыныштың сыйладың сары гүлін.

Әшейінде көрместей кей жандардың,

Жақын болып кеткендей бәрі бүгін.

 

Шуақ төктің көгімнен күнім, маған,

Сені ойлаймын кезімде тынымдаған.

Ақ қар борап далада тұрса-дағы,

Көктем болып кеткендей бүгін маған.

 

Өзіңе арнап жыр жазып түн өткіздім,

Жүрегімді бір күшпен дір еткіздің.

Көктем болып жаныма қайдан келдің,

Қалған шақта ызғары түнеп күздің.

 

Жүрегімді жібітті ән кешегі,

Аппақ ұлпа орады сән көшені.

Толастамай, қарашы, махаббаттың,

Жауып тұрған сықылды ақ нөсері.

 

Көкірегіңе сеніммен құлағандай,

Сағынамын жаныммен бір адамдай.

Жанымыздың тоңдары еріп бүгін,

Табиғат та ел-сел боп жылағандай.

 

Сағындым ғой әдемі иісіңді,

Кетірдің-ау бей уақыт күйісімді.

Сол мереке күніңде сыйға тартқан,

Өмірімнің сен де бір сыйы сынды.

Көп ойландым,

Достасуға сенімен дайын емен,

Туған жансың төмендеу айы менен.

Елес-қыз боп қаламын жүрегіңде,

Соны құптап тербелер қайың-емен.

 

Көп ойландым,

Дәрменіміз жетпейді Сіз десуге,

Сағынғандар сағынып жүздесуде.

Екеуара оңаша неге екенін,

Құлқым да жоқ сенімен кездесуге.

 

Менмендігің... байқадым басым екен,

Ондай достың қасында жасып өтем.

Иемденіп біреудің бар жиғанын,

Килігеді адамдар басы бөтен.

 

Жоқ... ойландым,

Өз мұңым да басымнан артылады,

Сағынышым өзен боп сарқырады.

Айдын көлге асыққан жағаны ұрып,

Өзен-көл де бір күні сарқылады.

 

Сен ешкім де емессің... жаны бөтен,

Күйігіңе өртеніп, жанып өтем.

Қайта мені ешкім де тұтатпайды,

Ыстық күл боп жаныңа тағы жетем.

 

Білесің бе?

Махаббат бақ сыйлаған жан емеспін,

Жүректе бар, жаныңда жоқ елеспін.

Елес болып осылай қала берем,

Жетегінде жүре бер сол елестің.

 

Қош, махаббат, тағы да кезікпеген,

Кезікпеген тағдырға төзіп келем.

Таба алмаспын іздеген жоғымды деп,

Дос болуға сенімен сезіктенем.

Сағынышын жүректің сезіп келем.

Қош, махаббат, ешқашан кезікпеген!

Өлең емес,

Жүрегімнің қаны ғой құрағаным,

Аз болғандай өмірде жылағаным.

Сен жолықтың жарқырап атқан таңдай,

Ұмыттырып өмірдің бұралаңын.

 

Келме енді, көрінбе, түсім дейін,

Бұл да қате жасаған ісім дейін.

Дос болам деп келісім берген күнім,

Бұл бір қате шешілген ісімдейін.

 

Қинай берме, ойлауға дәрменім жоқ,

Келіп едің біраз күн ермегім боп.

Ұшып жүрдік аспанда біз екеуміз,

Қиялменен,

Айырмам – жердемін тек.

Тағы да мен өзіңді көргенім жоқ.

 

Табылмас, бәлкім, менің іздегенім,

Кеп қалды, міне, шіркін күз дегенің.

Іздеп-іздеп ол жатқан жерге барам,

Құшағына енемін мұз дененің.

Табылар сонда, мүмкін, іздегенім.

 

Адасып, жоқ іздеген жолаушымын,

Алыстап бара жатыр қалау-шыңым.

Сұңқар деп жолыққаным күшіген боп,

Ілінем тырнағына талаушының.

 

Жұбататын ешкім жоқ жылағанда,

Сенетін қалмады ма бір адам да?

Онанша өлсем екен, өлсем екен...

Мен доссыз бұлай өмір сүре алам ба?

Сен – армансың,

Мен де саған арманмын,

Арманың боп, үмітің боп жалғандым.

Жұлдызымды іздеймін деп аспаннан,

Жар басында жалғыз өзім қалғанмын.

 

Мен елеспін,

Елесіммен кеңестің,

Армандайтын күндіз-түні аһ ұрып,

Ол мына мен емеспін.

Бусанып кеп, әлі ешкім баспаған,

Қызғалдағы терілмеген белеспін.

 

Сен сағындың,

Мен – жеткізбес сағыммын.

Бой бермейтін

Арыны асау ағынмын.

Айсыз түнде

жол таба алмай, жаңылдың,

Айықпас дерт төсегіне таңылдың.

 

Мен – дауылмын,

Құйып өтер жауынмын.

Құйынымын дүлей соққан ауылдың.

Бәрінен де

Жырын биік қоятын,

Жаны жұмбақ ақын деген қауыммын.

 

Мен – елеспін,

Елес-қызбын, сағыммын,

О бастан-ақ

Соры қалың бағымның.

Іздемейтін кезде іздеп, жаңылдың,

Сағынбайтын кезде неге сағындың?

 

Өкпесі көп,

Көктемге де, күзге де,

Қаңтар тапқан

Ерімейтін мұз дене.

Таба алмайсың, таба алмайсың ешқашан,

Бекер жаным, мені босқа іздеме!

Мәңгі өмір іздеуші едің өлмейтұғын,

Шарладың жаныңа ешбір бермей тыным.

Сүюді де есеппен ... білмедің-ау,

Қайта айналып өмірдің келмейтінін.

 

Келмес дейсің басына ажал кімнің,

Кеттің кіріп қойнына қара түннің.

Ширек ғасыр өткенде жыр жаздырған,

Ерте кеткен өмірден, қайран құрбым.

Бара алмап ем жаныңа, сырласпадым,

Бұлтқа толды беймезгіл мұңды аспаным.

Әдемі боп, сүйкімді, көрікті боп,

Көрінуші ең мен үшін, шыңды асқарым.

 

Жанымды өртеп тұрса да күйік демім,

Қыздың жолы жіңішке -  иікпедім.

Мен үшін сен әйтеуір сүйікті едің,

Жете алмадым, арман ең биіктегі.

 

Қош енді, амал қанша, бала ғашық,

Сағыныш пен мұң кетті араласып.

Күте бергін екі жол айрығында,

Жетермін мен көңілмен саған асық.

Сен бүгін биіктесің,

Сүйікті есім,

Қиялмен аймалайтын сүйіп төсін.

Айдын-көлдің мен ерке аққуымын,

Ерке құсың ешқашан үрікпесін.

 

Жоғалып кетсең екен осы беті,

Алдымнан шықпас па екен жердің шеті.

Зарықтырып қайдасың, қайда кеттің,

Көрінбей көптен бері  түр-келбетің.

 

Шыда, шыда, бұрын да шыдағансың,

Бұрын да дәл осылай жылағансың.

Үйреткен жоқ па өмір жыламауды,

Бұрын да түу биіктен құлағансың. 

 

Көңілің көңіліме қарамады,

Жарамады, бұл ісің жарамады.

Тынышымды тал түсте ұрлап алған,

Бұл күйің қарақшыға саналады.

 

Несі екен уайымға орағаны,

Шаттығымды қарадай тонағаны.

Зарығып осынша күн

Мен емес пе ем,

Желбіреп күтіп жүрген орамалы.

 

Жүрегіңнен өшіріп таста бәрін.

Бәрің де сондайсыңдар... басқаларың.

Кеше ғана жібіген жүрегімнің,

Білмеппін бұрынғыдай тас боларын.

 

Алданған жылымшы бір күн көзіне,

Алданып, толды тағы мұң көзіме.             

Мен енді ешқашан да жалынбаймын,

Тұрсам да қимасымды шын сезіне,

 

Алай-дүлей жан дүнием тағы мына,

Өртеме мені азаптап жалыныңа.

Мені тапқан күніңе өкінбегін,

Айналып кетсем-дағы сағымыңа.

 

Сырымды бөліскендей жайыменен,

Жағада ырғалады қайың-емен.

Үйге сыймай, даланы кезіп кеттім,

Мен сені ұмытуға дайын емен.

 

Сағынып, жабырқадым, күнім өтпей,

Кеудемнен сағыныштың мұңы кетпей.

Мен сені қия алмаймын, неге екенін,

Қойдың-ау табындырып құдіреттей.

 

Кешпесем екен сенің азабыңды,

Отырмын жаза да алмай жазарымды.

Аямастан тағы да жазалайтын,

Көрмесем екен, өмір, мазағыңды.

 

Не деген қатігез ең,

Қыңыр неме,

Мұндай күй көрсетпедің

Бұрын неге?

Ойнайсың, не болмаса әзілдейсің,

Тұрғанын қарай көргін қырын келе.

Сені іздедім

Адамдардың легінен,

Оңтүстіктің

Соққан жылы лебінен.

Бір белгіңді

Көрем бе деп осынау,

Ізіңді іздеп

Туған жерге келіп ем.

 

Ақша бұлттар

Арасынан іздедім.

Жетпейді ғой

Әттең, бірақ біздегі үн.

Сені іздедім

Қара жолда ұқсатып,

Қарсы келе

Жатқандардың жүздерін.

 

Сені іздедім

Арасынан жаңбырдың.

Жолдарынан,

Тойда айтылған ән-жырдың

Міне, міне,

Таптым ба деп жүргенде,

Ерте алып

Кеткенін-ай, тағдырдың.

Жылы сөзі

Бұйырмаған, жан құрбым!

Таспадағы сайрады салған әнің,

Әуеніңмен тосасың алға бәрін.

Сен секілді бейуақта мына менің,

Қыр астында шырқалмай қалған әнім.

 

Қадір тұтып, қастерлеп өтем деген,

Жүрегіңде жырларым мекендеген.

Ұқпайтындар өнерді бөтен маған,

Сырласпадым ендеше бөтенменен.

 

Шынымен-ақ мен саған қымбат па едім,

Отырмысың ақынның тыңдап демін.

Үңілсең де қаншалық түсінбейсің,

Жұмбақ менің мінезім, жұмбақ менің.

 

Дей алмаймын мен сені басқа жансың,

Сезімімді тұсаулап тастағансың.

Күндерімді жалғадым өлеңменен,

Өмірімді өнермен бастағасын.

 

Азабына төзсем де бұл – азығым,

Бүр жармаса жаңа жыр, құлазыдым.

Табыстырған біздерді өнер жолы,

Өнер, саған сол үшін разымын.

 

Өлең, өлең, барасың тым жақын боп,

Сенен өзге сенімді сырласым жоқ.

Өнер жолы не деген ауыр едің,

Мен сындылар үйінде жүр қатын боп.

Әзір тұрдым сен үшін шоқ басуға,

Түстім талай малтығып отқа-суға.

Алдыңа сан барғанда неге менің,

Батылдығым жетпеді қоштасуға.

 

Сені ойлаудан ешқашан ерінбедім,

Қашан-дағы жүректің төрінде едің.

Бар сырымды айтсам деп барғанымда,

Арасынан достардың көрінбедің.

 

Айта алмадым сол бала кезімдегін,

Қинап кетті беймезгіл көз ілгенің.

Күлге ұшып үмітім ақ қанатты,

Топыраққа тапталды сезімдерім.

 

Айла таппай қиналдым, амал таппай,

Қай қылығым қалды екен саған жақпай.

Онға бөліп ойымды отыз саққа,

Жүретін күнің бар ма алаңдатпай.

 

Тағдыр осы, сендік боп жаралмадым,

Өзіңменен көмілді бар арманым.

Бақыт іздеп кетіп ең басқа жаққа,

Сол кеткеннен, қалқатай, оралмадың.

Естімесін аһ ұрған әттеңімді,

Көрмесін деп жасыған сәттерімді.

Ақ қағазға жырымды төгіп-төгіп,

Жер астына жасырдым дәптерімді.

Болмасын деп жария сезімдерім,

Білмейсің-ау алыстап кеткенімді.

 

Сезбесін деп қабақта кірбеңімді,

Көрмесін деп біреуге күлгенімді

Көрсетпейін деп мәңгі кеттім алыс,

Өзге жанға пенде боп жүргенімді.

 

Шамын өзге біреудің жаққанымды,

Көрмесін деп мұңайған шақтарымды.

Мен таптаған мөлдір-шық жапырақты,

Баспасын деп қыдырған бақтарымды,

Сенен жырақ кетіп ем көз көрмеске,

Сен кеткен соң бар сырым ақтарылды.

 

Қайтем енді жоқ жанның атап атын,

Мезі еттің-ау, үн-түнсіз махаббатым.

Сенен безіп кеткенмін, елден емес,

Көрмеген соң сүюдің шапағатын.

 

Күл-парша боп балапан-сезімдерім,

Естігелі жайыңды көзімде мұң.

Алыстағы үміттің шырағы өшті,

Қараңғыда қарманды төзімдерім.

Аттаныпсың келмеске сенім-серім,

Тағы да түн баласы көз ілмедім...

Қалған екем қыдырып елге барып,

Туып-өскен, аунаған жерге барып.

Сол баяғы қос бұрым, ақ көйлегім,

Жастық жылдар барады тербеп алып.

 

Қызғалдағы құлпырған қырға асығып,

Аптығамын биікке, шыңға шығып.

Қайран күндер өтеді көз алдымнан,

Қос жанарым сағынған мұңға тұнып.

 

Қоштасатын кез кепті ауылменен,

Ауылменен, дос-жора, бауырменен.

Бәрі мені қол бұлғап шығарып сап,

Ұсынады сыйларын тәуір деген.

 

Автобусқа кірдім мен ептеп басып,

Екеуі отыр арт жақта, шіркін, жастық.

Мені көріп, қалбақтап ұшып тұрды,

Ортасында отырмын көңіл тасып.

 

Жастық, шіркін, не деген керім едің,

Қырық жыл бұрынғы боп көрінемін.

Достарым-ай, жүректің түкпірінде,

Қалғансыңдар тығылып тегі менің.

 

Хал сұрайды шіркін-ау, қайдасың? деп,

Қанық болдық бар сырды жайғасын кеп.

Өтіп кетті дегені жалған екен,

Деп ойладым, өмірдің айласы көп.

 

Автобус аяқ-асты қалды жүрмей,

Есіктен шығып жатыр бәрі бірдей.

Елмен бірге үшеуміз сыртқа шықтық,

Қоймапты алма ағаштар әлі гүлдей.

 

Бірге оқыған екеуі – құрбыларым,

Айтады кеп мені ылғи жыр қыларын.

Қиялымда менің де жүруші еңдер,

Ұмыттырды-ау, - деймін мен сырғыма күн.

 

...Оянып кеттім кенет, таңғы үмітпен,

Жан-жағымды қармандым сан күдікпен.

Қанша жыл өтсе-дағы ұмытылмас,

Қайран, бала махаббат, мәңгілік пе ең?

Мейлі, түсім болса да, әйтеуір бір,

Осы сәтті өмірден мәңгі күткем.

 

Өзіңмен бірге қыдырып жүрем түсімде,

Ақ көйлек киіп, ақ қайыңдардың ішінде.

Бақытты шақты өткізіп бастан екеуміз,

Сол бала кейіп, сол әдемі балғын мүсінде.

 

Сен мені енді іздеп жүрсің-ау адасып,

Келесің ылғи жаныма жақын жанасып.

Екеуміз, әні, ұшып барамыз биікте,

Ап-ашық көкте бозбала бұлтпен таласып.

Екеуміз ғана жарасып.

Қара жәшік!

Кеттің-ау өміріме араласып,

Жүргенде өлеңіммен жағаласып,

Қалмайын байқаусызда жаза басып.

Қалмайын біреулердің обалына,

Алданған қалады ғой сана жасып.

 

Маған асық,

Күндіз-түні алдымда қара жәшік,

Отырмын үнсіз ғана араласып.

Маңдайыма жазғаны – тек үнсіздік,

Алла жазса қайтеміз одан асып.

 

Тірі үнсіздік – алдымда қара жәшік.

Өлі үнсіздік – ол өткен бала ғашық,

Бірі – тірі, бірі – өлі  - екі үнсіздік,

Екеуінің дерті де барады асып.

 

Қара сандық,

Барады ма жанымды о да жаншып,

Байқаусызда боп қоям қарағансып.

Өзің жақтан бір лебіз – белгі келсе,

Әйтеуір бір сағыныш тұрады аңқып.

 

Қара сандық сақтайды сырларымды,

Өзіңе арнап жазылған жырларымды.

Қара сандық тағы да үн-түнсіз тұр,

Толтырып көкірегімді сырға мұңды.

 

Жаны жоқ бір әшейін қара жәшік,

Барады ма мысымды о да басып.

Өлердей боп ынтығып о да ғашық,

Кетер ме екен бір күні о да қашып.

Ешқашан көрмесем де түр-өңіңді,

Тыңдадым сенің ақын жүрегіңді.

Сырыңды білмесем де, қабыл алдым,

Кездессек деген жалғыз тілегіңді.

 

Күндіз-түн өзіңді ойлап жалындаған,

Жүрегім шығар деп ем жаңылмаған.

Есімнен шығара алмай әлек болдым,

Сені ойлап кездерімде дамылдаған.

 

Сағыныш кеудемді езіп жаныштаған,

Тағы да...бұл әрекет таныс маған.

Не боп кеткен адамдар, не боп кеткен,

Сөзінде тұрмас па еді намысты адам.

 

Мен едім, жылу іздеп, күнге өрлеген,

Өзіңдей жүрегімді жыр кернеген.

Қош енді, қоштасайын күліп түрып.                      

Өзіңмен өмірімде бір көрмеген.

 

Бұлқынады шыға алмай ішімде өлең,

Бәлкім, сенің көп шығар күшің менен.

Мен шаршадым, шаршадым зарығудан,

Көрейін тұлғаңды тек түсімде мен.

Кеш, күнім, кезім болса түсінбеген!

Көңілдер көлдей төгілген,

Таза бір достық сезіммен.

Шығарып салдың үшеуің,

Арқа да жарқа көңілмен.

 

Қайтуға тура келді енді,

Қалдырып кеттім сендерді.

Жалғыздығымды сезініп,

Сергелдең көңілім сенделді.

 

Үшеусің, ал мен жалғызбын,

Ортаңда ерке жалбызбын.

Жақсы ғой, шіркін, осындай

Достары болса бар қыздың.

 

Бәрінің қосып бастарын,

Ортаңда үлес қоспадым.

Уақытым менің жетпейді,

Ренжімеңдер, достарым.

 

Қал, – деп те батып айта алмай,

Келер деп іштей күтесің,

Үнемі үйге қайтарда,

Үшеуің еске түсесің.

Ұзақ емес мен татар бақтың дәмі,

Өшірдің үміт отын жақтың-дағы.

Алаңдатпа көңілімді, өтінемін,

Маңызды емес сендегі тақтың мәні.

 

Маған келген бақыттың соры қалың,

Көкірегімді кернейді толы жалын.

Мен көретін шаттықтың баяны жоқ,

Көрмеймісің тағы мұң торығанын.

 

Түн.

Ымырт.

Ел ұйқыда.

Мен ояумын,

Өзіңді жолықтырам мен таяу күн.

Сонда айтармын ақтарып ішімдегін,

Жөні де бола қоймас енді аяудың.

 

Жалған бәрі,

Күпірлік етесіңдер.

Көңіл соқса, таптап та кетесіңдер.

Адалың да, арамза, бай-кедейің, -

Бұл өмірден бәрің де өтесіңдер.

 

Мүмкін емес... дей берем... мүмкін емес,

Қалар ма екен боп ертең бұл күн елес;

Сырымызды ақтарып біз екеуміз,

Өтірікке айналып шыққан белес.

 

Сен оны сезбейді деп ойламаймын,

Сезесің...

Жүрсің бірақ... сезбегендей.

Мен мұнда шаттық күнді тойламаймын,

Тұнжыраған ешкім жоқ өзге мендей.

 

Кім білсін... қайда жүрсің...сен қайдасың,

Бір хабар ала алмадым қанша болды.

Кейбіреулер асырып жүр айласын,

Биігіме жеттім деп, алса қолды.

 

Өмір сонша жалған ба, опасыз ба?

Неге адамдар қинайды бірін-бірі.

Қалай, қай күн кезіктім опасызға?

Кезікпесем болмас ед мұның бірі.

Өзің жоқсың, қала да бүгін көңілсіз,

Түнеріп тұр жан біткенің сезімсіз.

Түсінгенім менің бүгін біреу-ақ,

Қызық емес екен өмір өзіңсіз.

 

Көше үнсіз, таусылғандай думаны,

Көңілім бүгін бұл қалаға сыймады.

Арнасынан асып кетті кенеттен,

Моншақ-жасым – сағыныштың жинағы.

 

Өмір бүгін мағынасыз, көріксіз,

Қалғандай ма бір сұрапыл келіп күз.

Қай жерлерде жүр екенсің көктем боп,

Ойлай берем наз күлкіңді еріксіз.

 

Бұл күні от боп күйіндім де, өштім де,

Сенсіз қанша сергелдең күй кештім де.

Бүгін менің бар түйгенім біреу-ақ,

Керегім жоқ сенен өзге ешкімге.

 

Уақыт шіркін өтеді ме тосқанда,

Бүгін қанша көңілім қалды достан да.

Бір өзіңе татымайды екен ғой

Алматының жүз жігітін қосқанда.

Кештерге барсам билегім келмей ешкіммен,

Өзіңді, жаным, аңсадым.

Қайтамын ойда соңынан жалғыз көштің мен,

Айта алмай кештің жақсы әнін.

 

 

Ауылдың шамы бірі өшсе, бірі өшпеген,

Түнгі аспан мүлгіп қарайды.

Бақытты шақтар аз ба еді менде кешпеген,

Жас жаным соны қалайды.

 

 

Құшағына алып, түн патша жасыл бақтарды,

Қорқыныш билеп маңайды.

Беймаза ойдан арылтып атар ақ таңды,

Өзіңе ғана балаймын.

Advert's photo
Ақпарат демеушісі:
Сіздің жарнамаңыздың мәтіні
Advert's photo
Сіздің жарнамаңыздың мәтіні
Ақпаратпен бөлісу
Әлеуметтік желілерде осы ақпаратпен бөлісу:

Пайдаланушылар пікірлерінің тізімі

Пікір қосу үшін жүйеге кіріңіз немесе біздің сайтымызға тіркеліңіз

Бұл авторға әлі ешкім пікір қалдырған жоқ. Бірінші болыңыз!








©2021 - 2024. MediaStar.kz – қазақ әндерінің деректер қоры
Барлық құқықтар сақталған!

Яндекс.Метрика