№ |
Әннің атауы мен авторлары | Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары |
1 | 2 | 3 |
1. | Ақкетік – бақ мекенім Сөзі: Роза Атақаева Әні: Ибрагим Алтыбаев | |
2. | Бозжыра Сөзі: Роза Атақаева Әні: Бақытжан Еламанов | |
3. | Жан немерем Сөзі: Роза Атақаева Әні: Матқұлбек Маясаров | |
4. | Жанға сәуле Сөзі: Роза Атақаева Әні: Жұлдыз Тойбекова | |
5. | Жетібайдың дөңінде Сөзі: Роза Атақаева Әні: Сали Басбаев | |
6. | Сыныптастар Сөзі: Роза Атақаева Әні: Сали Басбаев | |
7. | Қарақия Сөзі: Роза Атақаева Әні: Сали Басбаев |
Айтылмай мұңым,
Қалған жоқ сырым -
Қазақта сөздің атасы.
Көшелі қартым
Сақтап жүр салтын,
Тозбайды алтын батасы.
Өмір- өзен, күн - бір көш,
Құнарлы жерден дән боп өс.
Жазылмай жара,
Тұтасып нала -
Тарихымда із қалды.
Айта алмай, әттең,
Сан жылдар өткен.
Кеудемде ызғар мұз қалды.
Азамат айла таба алмай,
Өтті ғой жылдар қарайлай.
Секемшіл жүрек
Дір етті жүдеп –
Зымыран ұшқан сары дала.
Залалы асқан,
Зауалы тосқан
Көңілсіз тор көп айнала.
Әлі бар қауіп, қатер сан,
Жол тауып өт, өте алсаң.
Көздері тұман,
Қадамы - ылаң
Заманға дертті тап болдық.
Қашты да иман,
Құр кеуек бір жан
Теңселтіп кеуде, жақ солды.
Көз көрген соң, айтам-ау,
Еш кетер, өтсек байқамай.
Қараңғы түнде,
Елес боп жүрген
Жерімде - азап, күліс мың.
Ұрпаққа артар,
Салтымды қайтар,
Күл болып кетсін жымысқың.
Тұзың – сор, бейнет еш болмай,
Ақылмен ес жи, кеш болмай.
Жаратқан Алла
Етейін тәуба –
Көретін көзді жарық қыл!
Еркіндік барда,
Еркімді қолда,
Есемді толтыр, қарық қыл!
Жанымда барда жақсы үміт,
Күтейін алдан жақсылық!
Айта алмай қалған зары бар көптің,
Айналаға көп деп рахымың күткен.
Айбарлы елің адасып қалды-ау,
Айдарлы ұлдан тек жақсылық еккен.
Жаныңнан тарап тек алтын шуақ,
Жанына тарттың жандарды аяп.
Жан жүрегің сенің езіліп жүрді-ау,
Жандарға сая болсам деп сәл-ақ...
Алғысын көптің арқалап келдің,
Айтуға оңай, Қарекет – демеу.
Алтыннан қымбат жүрекке дәру-
Алдыңнан үміт арқауын көрдік.
Енді елес боп қалды нұр бейнең есте,
Еңіреді елің сең соққан көштей...
Есті азаматым едің, белді бекем буған
Есіл ерім! Дем бер, өр рухың бір өшпей!
Арысыма келді апат тосыннан,
Үй құлады. Жау шапқан ел осындай.
Қарақұрым халық безіп барады,
От-орманнан тұра қашып жосылған.
Кім көрінген мейір қолын қақпады,
Менікі емес мына бала деп жатпады.
Өз баласы қай тұста жүр, біле алмай,
Аллаға аян аманат! деп жатқаны.
Қайран қазақ! Қай жерде де пейілің
Мың есе боп қайтсын төгіп мейірін!
Сенен өткен иманды ел бар ма екен,
Өзегінен төгілген нұр-мейірім!
Арыс- құрбаны мың бір пәле-жаланың,
Есіл қала, жауабы - өзің наланың!
Сонша отпан, оқ пен дәрі қоймасы-
Мекенім бе еді - жыр-ұя емес, жараның?!
Арыс бойы – Шәмші ағадан қалған сыр,
Жүрекке мақтан, өмірге нәр ед қалған жыр.
Сол Арыстың тағдырын шешті бір күнде,
Қасаң жүйе, надан тірлік, байлам құр.
Енді қашан қырың толып жайқалар,
Енді қашан пұшайман көңіл жай табар?!
Қайран, Арыс, шаң-тозаң боп қалдың ба,
Қол созшы алға, өмір сүрем деп қайтадан!!!
Шуақ боп төккен береке күздің жанымен сезер алғысын
Арнайы бүгін ат басын тіреп келген жұрт түгел нар мүсін!
Армысың, бауыр: жүрегі бірге, тілегі ортақ ағайын,
Ар жағы сонау үш арысқа тарар қандастар, түгел бармысың?!
Баршаңа сәлем-ниетім ортақ, бүгін бар тілек жосын дүр,
Бабамның тойы ұрпағын биік көтеріп, көңіл өсірді!
Уа, маңғаз далам, тарихтан парақ алғандай тағы жаңардың,
Әулиелер мекен еткен сырлы өлкем, сәніңе көрік қосылды.
Қасиет пенен имандылықтың ақ жолы алдан төселген,
Ұрпағың- қазақ даналығы мен парызы биік өтелген.
Тілекті берді- Тәңір де көрді. Жатырмыз бүгін жиналып,
Жүрегіме қонды мөлдір шық болып, алтын сезімдер ең көркем.
Уа, қорғаным Адай-Бекет бабам! Ел тілегімен бір туған,
Тамыр боп көктеп, жайыла берші, мың жылғы діңдей қуатым!
Алыстан аңсап, Бабаларға тәуеп етем деп келген ұрпағың
Есіне алып, салтанатыңды асырып тұр ғой боп қауым!
Уа, киесі бөлек батыр бабам! Жылдардан өтіп, ғасырдан аттап қол создың,
Береке, бірлік, татулықты аңсап, даналығыңмен төрге оздың!
Үмітін жалғап, ертеңнен күту- салты ғой терең халқымның,
Жарасқан қабақ, бірлігім бекем- сынығы таза алтынның!
Сол алтындарды біз сақтайықшы Тәңір берген деп несібе,
Бабалар атын, елдіктің затын алдық-ау демей несіне!
Жалған дүниеде Адам-Адаммен бола бергей тек мейірбан,
Бабалардың да нақ тілегі сол- есіңе ал, мұны есіңе ал!
Ақтауымда шат достардың мекені,
Гүлзар бағы, ғимараттар көркемі.
Алтын шуақ, теңіздің саф ауасын,
Балдай жұтып, шаттық əнін шертемін.
Қайырмасы:
Ақтауым – ордам,
Аққулар қонған.
Каспийім толқып,
Көңілге нұр толған.
Аққолтық мекен
Аңызбен көркем.
Биіктерге мен
Қол созсам, жетем.
Тəуелсіздік аспанында жарқырап,
Ақтауыма бүкіл ғалам тұр қарап.
Қара тасқын мұнайымды саумалап,
Мұнайшы ағам, ерен тұлғаң тұр жарап.
Қайырмасы
Балалық ізім сайрап жатыр көшеңде,
Достарыммен күліп тағдыр кешем мен.
Болашағың берік қолда, Ақтауым,
Туған жердің тағдыры деп өсем мен!
Қайырмасы
Айналайын балдай тәтті немерем,
Жүрегіме жылу төктің не деген!
Тәп-тәтті ғой қылықтарың шалқыған,
Өзіңдей боп жұпар иісі аңқыған,
Өзге гүлді сағынар ма бұл әжең?!
Қайырмасы:
Бал дариям- төгілген қуанышым,
Қадам бастың тәй-тәйлап, жұбанышым.
Сылдырлаған күлкіңнен айналайын,
Өзіңсің ғой тірлікте қуат-күшім.
Қайда барсам, шықпайсың сен есімнен,
Шашу терем тойларда сен үшін.
Өмір мәні – сендер деп жүрегімде
Мен садағаң болайын тілеуіңде,
Жарқылдап өс, ақ патшам, елің үшін!
Қайырмасы
Қадамыңды кең атта болашаққа,
Күнің күліп, таң атсын әсем бақта.
Алла саған шарықтар қанат берсін,
Ұлы елің жаныңа жалау болсын,
Бауырмал бол, қолың соз әр қазаққа!
Қайырмасы
Бес күн тірлік жалған-ай,
Бес періште арман-ай.
Бекер келіп ғұмырға,
Бекер кетіп қалғаны -ай!...
Жанарымнан жас тамып,
Жабырқау мұң басқарып.
Жан жүрегім езілді,
Жаратқаннан жасқанып...
Айтып келмес ажал да,
Албасты шер жазарда.
Ала түсіп алқымнан,
Алмай тынбас мазаңды...
Келді өмірге. Кетті, әне,
Кеулеп жел боп от-дене.
Көңілде күй үзіліп,
Күрсінтер-ау сәт дәме...
Достықтың жібі – асыл жібек торқа ғой,
Доссыз бұл өмір сүреңсіз әрі орта ғой.
Достармен ішкен қара су кетер бал татып,
Қиналсаң – сүйеу, қуансаң күнде болар той!
Әр достың маған ерекше қымбат бағасы,
Біреуі алыс, біреуі жақын, нағашым.
Қазақпыз ғой деп, жүрегін сыйлап, төріне
Шығасың, қашан барсаң да жағасы жайлау, қарашы!
Сол досым менің – жанымды ұғар сырласым,
Сол досым менің – күндіз де түнде мұңдасым.
Қолында барын алғаусыз бөліп беретін,
О, менің жан досым, пейілмен толсын жыр басы!
Кей досым менің есебі мықты таудай бір,
Өмірден әлі аласысы бар-ау жаудай бір.
Бергенің болса, аласың да көп – сондай заң,
Есебін Алла біледі, жүрмейік босқа таласып!
Кей досым менің – жеткенінен жетпегені бар әлі,
Өмірдің заңы әрдайым да сол әлі.
Бар менен жоқтың бағасын жақсы білетін,
Қымбат сол досым – адамға ашық қабағы.
Адамдық болса, кеудеңде достық жалыны,
Қырыққа жетсең, қырқаның көрер арынын.
Отыздан асқан достарыма тілерім:
Сол қырыққа дейін құшағыңа толсын жыр-әнің!
Алладан сұра. Жігіт бол кеуде, иықты,
Қарекет етіп, отбасың болсын сүйікті.
Ата-анаң енді өзіңнен медет тілейді,
Жан жарың, балаң – өмірдің сыйы керекті.
Қолдағы барды орнымен жұмсап, бағала,
Кішіге – үлгі, жақсы ағаны өзің жағала!
Достармен де сыйлас. Өмірдің мәні – сыйластық,
Үш жұртың аман болғай! деп үйрет балаңа!
Тағы жаның тыншымай,
Атақ алдың бас көтерер тыңшыдай.
Өр намысың шыдатпады-ау. Кімге артық,
Үйде отырып басын бұғу сыншыдай?
Сеңді бұзған
Алғаш ерім – сен деген,
Сені қозғар қымбатшылық, шер-шемен.
Сенен басқа қымбатқа еш ұрынбай,
Сең болды ма көкіректер жел кеулеген?!.
Бекет бабам
Бозжырадан толғанып,
Ұлтына ұран сара сөзбен жол салып.
Елі-жұртын ертеңіне бастайтын,
Парасатты ерге тағылымын берді анық.
Жаңаөзенім! Ата-бабамнан аманат,
Оразмағанбет ахун күткен салауат.
Есенғали шайыр жырлап, Бесінбай
Ақындарың күнде күткен шапағат.
Әбіш қожа қолдаса – дауыл қозғалар,
Жұртың күткен жақсы күнге қол созар.
Жаңаөзен! Қойнауыңда осынша
Қай күніңе де жараған қуат күшің бар!
Кеудеңде сенің
шамырқанса мұң-ызғар,
Менің де жаным өзегіңмен бір сыздар.
Ардың туын биіктетер жаңаөзен,
Енді есең кетпесін жұлқар жауызға!
Жаңаөзен –
Ар-биіктің ағасы,
Елің қолдап жатыр саған жанашыр.
Ер қазақтың туын биік көтерген,
Өзің бүгін – өрлігімде дара шың!
Самал желмен жарысқан,
Құланы мен киігі.
Бүгінде елге танымал
Жетібайым - киелім.
Аңыз болып өрілген
Жетібайдың дөңінде.
Қазағыма құт болды
Мұнайы мен газ кені.
Қайырмасы:
Жетібай – достық мекені,
Жетібай – жастық ертеңі.
Күй өрген Өскінбай, Мұратпен,
Жетібай аты көркейді.
Атамекен, жерге ие –
Жасампаз ұрпақ біз бармыз.
Жүрегі елім деп соққан.
Шетімізден кіл нармыз.
Қайырмасы
Мұнайшылар - мақтаным,
Ырзығын жерден тапқан күн.
61-дің шілдесі –
Тарихта қалып жатталды.
Жанары алтын күннің нұрын төккен,
Жүзіңе арай сәуле шуақ сепкен.
Мен сені сағынумен күн кешемін,
Бір хабар әкелердей сырлы көктем.
Өзіңнен жаутаңдаған көз алмадым,
Сағыныш толып кеудем, төзе алмадым.
Қалқам-ау, жақын жүріп, алыстадың,
Қолыма қонармысың, ақ арманым.
Өзіңді ойлаумен таң, күн батады,
Саз толып көкірегімді жұбатады.
Сыңарын іздеп табар көгершін де,
Адамды тағдыр солай жаратады.
Қазағымның жайылып керегесі,
Қанат жайды ұл-қызбен ел іргесі.
Шат заманда гүл жайнап өсе берсін,
Ата-ананың көз қуаныш, кіл еркесі!
Қайырмасы:
Ата берсін ақ таңдар,
Салтым барда сақталған.
Ел үміті, ертеңі -
Ақ тілеумен ақталғай.
Шілдехана, тұсау кесу, сүндет тойың -
Мұсылмандық құрметі үшін міндет тойың.
Жоғалтпайық аталық салт-дәстүрді,
Жалғастырып бірлікпен өмір тойын!
Қайырмасы
Құтты болсын қуаныш-қызығымыз,
Ұлт тағдырын жалғайды ұл-қызымыз.
Жарасты күн, жайдары күлкім түзу,
Замананың тілегі - тыныштығым!!!
Қайырмасы
Бір өзіңсің – маңдайдағы жұлдызым,
Баға жетпес жағадағы құндызым.
Ұзатылып, жат жұрттық боп барасың,
Жел тигізбей мәпелеген гүл-қызым.
Қайырмасы:
Аққуым ең аяулы,
Ұшасың сен ұяңнан.
Ел-жұртының қимасы,
Бақыт тапшы қиядан.
Қазағымның асыл дәстүр-салты бар,
Қырық үйден тыйым салған халқың бар.
Ұмытпашы төр сыйлаған әкеңді,
Әжең, анаң үйреткен жөн, қалпымды ал.
Қайырмасы
Аққудай боп өрнек салдың көлдегі,
Босағаңда қалсын еркін, еркелік.
Барған жерге судай сіңіп, тастай бат,
Жан жарыңды сыйлап өтші, көркемім.
Қайырмасы
Шаңырақта шаттық оты сөнбесін,
Жадырап жүр ақ ниетпен келгесін.
Жасы үлкеннің қадіріне жеткейсің,
Әр қадамда ойланбасаң - елге сын.
Қайырмасы