№ |
Әннің атауы мен авторлары | Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары |
1 | 2 | 3 |
1. | Шілдеде қалған Сөзі: Әсел Оспан Әні: Анарбек Қозбақов |
Абай десем, түсіме дала кірер,
Жарылыстан жүрегі жаралы жер.
Мың ойланып бастап ең бір сәулеге,
Түбі айналып қазығын табады ма ел?!
Абай десем, түсіме шың кіреді,
Мұң кіреді...
Есен бе, жырдың елі?
Қалың елім, қазағым қайран, жұртым...
Қайда кетіп барады кім біледі?!
Абай десем, түсіме жарық кірер,
Керуенге ілескен халық кірер.
Мынау ғажап ғасырдың бастауында,
Қасиетімді, қайсың бар танып білер?!
Абай десем, көгерер көңіл нәзік,
Арайлары мәңгілік өмірге азық.
Алашына адаспас жол көрсеткен,
Баласына қазақтың – Темірқазық!...
Абай десем, ойыма жыр келеді,
Тербеп жиі оятар түнде мені.
Бір дерегі бар ма деп қарайлаймын,
Ұлылықты көрсем деп іргедегі.
Абай десем, бүлкілдер жүрек еді,
Ару біткен жолыңа гүл өреді.
Аласы аз, қара көздер қиылғанда,
Бойға ыстық шымырлап бу енеді.
Желсіз түннің шашынан ай тарады,
Адамзаттың арманы ол - айтар әні.
Абай болып шырқады дала біткен,
Абай болып ақ самал аймалады.
Абайды ойлап... намысты келем қайрап,
Байтағымда желбіреп өлең - байрақ.
Ұлы елімді тазалап алсам ба екен,
Жүрегіңнің түбіне терең бойлап...
Маңып көшіп барады айдалада ай,
Менің нәзік жанымды аймаламай.
Ел болмасақ Абай боп туар ма едің-
Сен болмасаң қайтеміз, қайран Абай?!
Ерек пе едің, еліңмен егіз бе едің?
Мұхит дедім, шалқыған теңіз дедім.
Жидебайдың жидесі жұпар шашса,
Шыңғыстаудың шыңынан сені іздедім.
Абай десем, кезім жоқ төмендеген,
Өзегінен өмірдің өлең көрем.
Абай болып сүйем де адамзатты,
Абай болып тіл қатам әлемге мен.
Жаздарың жақұт еді, сайран еді,
Желкені толқын сүйген байрақ еді.
Алакөл, айналайын арда мекен,
Арнауым Алатаудан байғазы еді.
Жанымның толқып өтті күйі демде,
Ұршығын өлең - ғұмыр иірерде,
Алакөл - тағдырлардың жасыны едің,
Жауһары жанға тартар сыйымен де.
Жамалы жарық күнмен жалғасады,
Арнасы толқын сүйген жарды асады.
Көгілдір көл бетінде қанат қаққан,
Шағала шер - мұңыммен арбасады.
Ақшидің ақ самалы маңдайды өпкен,
Аңсарым саған жеттім қайда деп мен.
Арманым адастырмай ақ таңымда,
Жазымның аз күнін де жайдарлы еткен.
Осылай күн де өтеді, ай да өтеді,
Шалқиды көңілімнің айна көлі.
Алакөл, сүйдім сенің көк төсіңді,
Бал күндер бақытымның байрағы еді.
Ай елі, айдын шалқар Айман елі,
Толқының бастайды енді қайда мені...
Қарақошқыл тартты ма далам өңі,
Қаралы жұрт жүрегің жаралы еді.
Жолаушылап шыққандар жолайырықта,
Жиі адасып осылай қала ма енді?!
Таусылмады пенденің сын сағаты-ақ,
Кеуделерін үміт пен мұң сабалап.
Періштелер кетеді қайда көктің,
Әуелейтін шақтарда сынса қанат.
Дала жылап қалды әне, бала жылап,
Жан азасын айтуда бар атырап.
Шая алмады қан дағын қасіретті,
Қар үстінде жанады қара шырақ.
Бейбіт күнде ұлы елім торықты көп,
Жұрт емес ек алатын соғыс тілеп.
Ақ ұлпалар ұша алмай жер бетінен,
Көк пен жердің арасы тоғысты кеп.
Жаным күйіп барады, тәнім күйіп,
Азалы үні ғарыштың лағыл құйып.
Көңіл айтам, қазақтың қалың елі,
Шыдас берген талайға жанын түйіп.
Арайын кешсем сәулелі сәттің,
Әуені таңға әлдилер.
Аңсасаң келіп тау демін татқын,
Дүние- ай, сен де шалқи бер!
Сәуегей ғұмыр сыр айта қоймас,
Шілдеде қалған шер - мұңым.
Тауымның толы бауыры қой тас,
Қайдасың, қайда Кербұғым?!
Армандар ғана сүйетін мекен,
Биігі де асқар тау сынды.
Түсіне де оның жиі еніп кетем,
Жаңғырық басты- ау даусыңды.
Ғұмырымның жалғасады әні,
Таңды асады әлі өлеңі.
Заңғарын сүйіп, шыңды да асады,
Өзіңдей перзент өр еді.
Тауымның жұтып ауасын тұнық,
Сіңірдім бойға жұпарын.
Жақсыларымның бағасын ұғып,
Молаяр үміт, құт, әрім.
Тәңіртау сынды Іле,
Түргенімде,
Көктемдер қалды, жаз қалды.
Көрікті көзден мың өптіретін де,
Өлеңім көрді-ау жазғанды...
Тарғыл тарих көшінде, белесінде,
Есімдері жатталған ел есінде.
Ахметтің, Әлихан, Міржақыптың,
Арманынан жаралдық сенесің бе?
Бабалардың бізге айтқан бар сәлемі,
Байтағымның бағы ертең жанса деді.
Дүниенің дүбірлі дүрмегінде,
Азаттықтың аңсаған аңсары еді.
Ертеңді ойлап олардың мұздар жаны,
Ізгіліктен жаралған ізгі арманы.
Құлпырады көңілдің қызғалдағы.
Жайлауында солардың біз қалғалы.
Нені айтты екен арыстар, нені көріп,
Жүрек мұздап кетеді, көңіл еріп...
Аманатын солардың қайттіңдер деп,
Жаутаңдайды артына өмір - елік.
Жүрегімде жарылған ғаламаттар,
Сезімімді сілкіле, сананы ақтар!
...Жанарында олардың жанартау бар,
Арманында олардың аманат бар.
Жапырағын жаз туса жайған алап,
Тұнжырайды сыр ашпай айнала бақ.
Арыстардың арманын қайталадым,
Жалғыз жүзген аспанда айға қарап...
Арысқа бар, бауырым,
Арысқа бар, ағайынға дем бермеу намыс болар.
Елдігімнің бірлігі, тірлігі үшін,
Кеудеңді қара тұман ағысқа мал.
Аспан асты дүрлігіп кетпеуі үшін,
Қара жер қайта түлеп, көктеуі үшін.
Арысқа бар, бауырым, арысқа бар,
Сәбиінен ана адасып кетпеуі үшін.
Көңілдердің көбейтпей мұң- наласын,
Жыламасын жүректер, сыздамасын.
Арысқа бар, бауырым, арысқа бар,
Апат жаншып барады қыр баласын.
Әнге тұнған өлкені, шер тұнбасын,
Көрсетіңдер ағайын, ер тұлғасын.
Арысқа бар, бауырым, арысқа бар,
Қарашығы жәутеңдеп ел тұрмасын...
Асығады көліктер көше бойлы,
Жарысқандай жаяумен телегейлі.
Бардаршамы асылған бағанадан,
Өтерімде іркемін терең ойды.
Асығады уақыттар, тоқтамайды,
Елес күнім соңымнан көп қарайды.
Тобырынан ортаның баз кештіріп,
Жалғыздың үнсіздігі кеп қамайды.
Асықтырған толқынға мен де ілесіп,
Жапырағы шашылған жерді кешіп.
Күндеріме наз айтып,
базына айтқан,
Құбажай жаз жанымнан кетті көшіп.
Көз түбінде тұнады батқан қайғым,
Алқаракөк аспанның жанары мұң.
Алғы күннің үмітін тосқандаймын,
Асығыстау алдымнан ауады мың.
Асығады... күндерім арай кешкен,
Ақ бұлттары басымнан талай көшкен.
Асығады... бәрі де тірі жан жоқ,
Қарсы шығып қал сұрар, қалай дескен...
Жұмыр жер – тіршіліктің бақ мекені,
Жалғаннан жарқ еткізер шақ та өтеді.
Жанарына тұндырған тұнық ғалам,
Торғай, Ырғыз, Бетбақтың ақбөкені.
Көңілімнің құбылған күйін бағам,
Дүбірлетсе дүбірлі дүйім ғалам.
Ақбөкені, киігі, құралайы,
Сахара асып, Арқадан құйындаған.
...Тұнған дүбір...
тербетті ащы мұңды,
Боз даланың сорына жас сіңірді.
Сағымменен жарысқан сайғақ- ғұмыр,
Бірге әкетіп барады жастығымды.
Ой- қырыңда желетін бар асылы,
Зерлі әлемді сыйдырған қарашығы.
Құралайдың жанары жарқ етеді,
Қанық оған туғалы дала сыры.
Дүрсілдейді жұмыр жер тұяғымен,
Көңілімді жыр шаяр күй- ағынмен.
Ақбөкені ақынның, армысың! де,
Кезетұғын жаһанды қиялымен.
Болу керек мейірім тірлікте шын,
Жәудір көз жанарларды үркітпесін.
Адамдық құн- арменен өлшенеді,
Кеудесін оқпен тесіп сүргітпесін.
Шомылатын туғалы кіл арайға,
Оны көрсем тұмалар тұнар ойда.
Сұлулықтың мәңгілік сыңарындай,
Қарайлай жүр, қарағым, құралайға!
Аға, сен кеткелі мені мұң құрыстаған,
Тұман басып кеткендей тұнық ғалам.
Сезесің бе, жүрегім бара - бара,
Тас түйіндеп, ашпастай құлыптаған.
Арзу - арман, қиялдар батты жүдеп,
Жылап қалды айдында аққу жүрек.
Екі дүние арасын жалғастырар,
Сағынышым заңғарда жатты түлеп.
Аға, сен кеткелі сарғайды алғашқы бақ,
Жапырақтар жасап та алған құрақ.
Өксігімді көмерге өзек таппай,
Жүрегімнің жасына алғам шылап.
Сен кеткелі қар жауды алағайлап,
Әппақ дүние баяғы, дала қаймақ.
Қар лақтырып бейдауа мына әлемге,
Ғұмырыңның жалғасы балаң ойнап.
Аға, сен кеткелі уайымым тым көбейіп,
Көрсетпеді бұл өмір күлген өңін.
Аяулы боп қалды артта сонау күнгі,
Тәп-тәтті естеліктер күлге бөгіп.
Ну ормандай қорғаным, қамалым ең,
Кекілімнен сипаған самалым ең.
Айлар бойы көрмеген дидарыңды,
Қай қиырдан іздесем табамын мен?
Аға, бүрін жарған жауқазын самалаға,
Жұпар иіс мұрныңды жара ма, аға?
Сен кеткелі алғашқы көктем келді,
Ақ жаңбыры көзімнің тама - тама.
Мезгілден де қайырсыз үміттімін,
Көңілімді паршалап, үгітті мұң.
Ақ параққа төгілген жанның жасын,
Ақтамастан кетті ме үзіп жібін...
Бозінгендей боздадым, боздауық ем,
Көңіл – дария... қайтейін, қозғалып сең.
Ішін тартып ұлыған ұлық дүние- ай,
Құм секілді көшесің сорға біткен.
Шағы ма еді таусылар білте майдың.
Айналған ба жапырақ күлге де айқын.
Керегімді тынады - ау, алып қана,
Шалғайыма оралған шілде - қайғым.
Жанды сол шақ өртердей қанталап күн,
Қайғы бұлты түнерді анталап мұң.
Құрығына түстің бе, қайран бауыр,
Ажал дейтін аждаһа зәнталақтың?
Қалды артта анашың, қос бауырың,
Аяулы жар, үш тұяқ, дос қауымың.
Аспантау аясында тізбекке еріп,
Жалғасты құстарменен көш- дәуірің.
Қиядан көзге ұрарым, қылаңдайым,
Жанымның енді қалай қылам жайын?!
Сартап болсам кеземін өзің жаққа,
Саялының боп- бозғыл тұман сайын.
Күндер легі көздің жасын төккенмен,
Өзгермейді - ау, өмір заңы өткелдер.
Тәңіртаудың бір ұлына ей, Аллам,
Бейіштен нұр, жанына жұмақ көктем бер...
Бұл біздің көктем, жетсе де кештеу, жарқыным.
Қарашы әне, біздерге даңғыл жол жайды.
Алды әркез тәтті, арманымның арты мұң,
Болмасын күнім, болмайды.
Бұл біздің көктем, басталған жаңа парақтан,
Үмітті болсын, таңым да мына әр атқан.
Ғазал жүректер, ғашық жандар да тірілсін,
Жар болшы бізге, Жаратқан!
Бұл біздің көктем, сездірген нәзік гүл демін,
Ғашық боп барам өмірге мынау күнбе- күн,
Тағдырдың ғана кінәсі бола салсыншы,
Өзіңмен күнім, біргемін.
Бұл біздің көктем, сағына күткен құстарын,
Кеңістік асып, әуелей берсін ұшқан үн.
Жыр бақтарын жырлатып бірге қайтатын,
Өзің болшы, құштарым.
Болмасын дәйім жалғыздығымның жары мұң,
Көзіме қара, бақытты көргін, танығын.
Қайталанбайтын, қайтара алмайтын ешкім де,
Бұл біздің көктем, жарығым...
Бұл күздің боларын өткенде білсең,
Өмірді сүйген қыз дер ем.
Сезімнің бүрлері өткелде гүлдер,
Жасасын күздер, бізбенен.
Ол күзге біздер сыр айтқанбыз дағы,
Қайтқанбыз талай жырласып.
Мезгілдің қайта оралар құстары,
Әкелетіндей бір бақыт.
Жапырақтармен жанымыз бір еді,
Қуарып қалса гүл - қайғым.
Соғып тұрғанда уақыттың жүрегі,
Мезгілдің бәрін жырлаймыз.
Бұл күзге біздер сыр айтамыз әлі,
Жыр айтамыз әлі ақтара.
Көктің де жасын Құдай тамызады,
Алдымда тағы ақ парақ.
Арманы асқақ аласармайтын,
Мендегі қиял тым биік.
Жапырақ жүрек, алақан жайғын,
Қалайын менде шын сүйіп...
Құйқылжыта ойнайды бір ізгі әуен,
Мезгілдері Вивальдидің нұрлы әлем.
Тәбәрікпін селт етпейтін дүниеге,
Ессіз сүйер мына өмірдің құрбаны ем.
Жазды сүйіп, қысты құшып, күзді өпкем,
Қолын бұлғап шақырады бір көктем.
Сарғайғаны жүрегімнің керек пе?!
Әр тамшыдан жаным мұздап, дір еткен.
Ойна әуен, о Вивальди, сазды төк,
Көктем жылап қалмау үшін, жаз жүдеп.
Жасыны ойнар жалт еткен жас ғұмырша,
Біз екеуміз сәл ұқсастау тағдыр ек.
Бар азабым ұмытылсын, басылсын,
Ей тағдырым, қатыгезсің, тасырсың.
Жапырақтай сабағынан үзілген,
Топыраққа тағдыр біткен бас ұрсын!
Бірде ылдиға құлдилайсың, бірде өрге,
Сенің жолың тұнып тұрмас гүлдерге.
Дала даусы, өзеннің өр үні бар,
Арманыңды айта аласың кімдерге?
Мезгілдерің осылай үн қатады,
Түстік-ау, сен де, мен де мұңға тағы.
О Вивальди, бәріміз де уақыттардың,
Түбінде бір жыртармыз күнпарағын...
Дегерес,
Баурайыңды қар жапты ма?
Бұйыртып несібеңді әр жақсыға.
Көгерткен көсегемді керім дүние-ай,
Құмарым өлеңмен де қанбас, сірә.
Жүрегімнен сыралғы сый күтетін,
Әппақ әлем,
Өзіңе сүйсінемін!
Кезбе бұлтқа ілесіп ұлы көктен,
Ақ шынарға бөлер ем Үйсін елін.
Аңсарым-ай,
Жұтатын керіп кеуде,
Тау самалын аңсаған елік - пенде.
Қар астында көктемнің гүлі жатыр,
Су боп сіңіп кетейін еріп мен де.
Тірлігімде қалмайды өлең әсте,
Көңіл шіркін, тартады қайдағыға.
Сағынышым жетер ме Дегереске?
Қар жауғызсам көгінен байғазыға.
Жарасқан аспанымда ақ ұлпалар,
Ақ қарда ең аяулы тағы із қалар.
Атыңнан айналайын, Дегерес тау,
Біз бен сізден ғажайып аңыз қалар.
Дегерес,
Баурайыңды қар жапты ма?
Бұйыртып несібеңді әр жақсыға.
Көгерткен көсегемді керім дүние-ай,
Құмарым өлеңмен де қанбас, сірә.
Әуен қалқып барады ғарыштарға,
Ғарыштармен хақым жоқ қауышпауға.
Қанаттарын сабалап айдын көлде,
Аққуыңсыз мүмкін бе тағы ұшпауға?!
Мәскеу жайды құшағын, Қырым жайды,
Құлын даусың Лондонда шырылдайды.
Оза шапқан бәйгеден Құлагер – ұл,
Арда үніңнен жан-тәнім шымырлайды.
Шарлап кетті шартарап бұлбұл үнге,
Жер қозғадың Адайдың күмбіріне.
Ұмытылмас күніңе мәңгі айналсын,
Қамшы басқын, сен дағы дүлдүліңе!
Мөп-мөлдір тұнығады ақ таңда әуен,
Сұлу саздың сен дағы ақтангері ең.
Қазағымның бағысың маңдайдағы,
Жарық болсын жұлдызың атқан берен!
Таңдандырып талайдың сал қыранын,
Аспанында Шанхайдың шалқыды әнің.
Миллионның жүрегін отқа ораған,
Адажиоң жаһанға салды ұранын.
Менде еліттім қайтейін, елжіреттің,
Сыйқыр емес, пенде едік ет-жүректің.
Шырқыраған құлыным, шын қуандым,
Сен қазақтың байрағын желбіреттің!
Байқалмайды уақыттың өткені де,
Биік таулар мүжіліп шөккені де.
Жасын ғұмыр жалт етіп жанарымда,
Арқа тостым тағдырдың өкпегіне,
Өзекті өртер өкініш қайда қалған?!
Көнереді естелік, жәймен арман.
Саялының сайларын бетке алады.
Сағынғанда құлынын, қайран анам.
Қара бұлт тіріге үйір, қайғы- шекпен,
Анамды күн жүдеткен, ай жүдеткен.
Құшады қабір тасын жарығым деп,
Жұтады жанның жасын ай түнектен.
Жарты етін жүрегінің жұлып берген,
Құлынын биік көрген, ұлық көрген.
Бұл жалған байлауы жоқ,
Арыстарын, кезексіз әкетеді сылып төрден.
Тағдырдың талайына бір сынбаған,
Пендеде қанат бар ма қырқылмаған?
Бос бесік ғайып - төрде тербелгенде,
Езіліп ет - жүрегі күрсінді анам...
Жүрекке шер қатпасын, қайғы орама,
Жоғыңды жоғалтқанмен қайтара ма?!
Саялы аспанында бұлттар қалқып,
Жөңкіп көшіп барады айдалаға.
Жылама, жасыңды сүрт, қайран ана...
Жаһанның тірілді ме айдаһары?
Тілегі қайда көптің, қайда зары?
Австралия көз алдыңда отқа оранса,
Гефестің елестейді найзалары.
Галлері ол да оранды өртке қалың,
Тасмания аралын дертке малып.
Адамзат тіршілігі талқан болған,
Орманынан аң- құсы кеткен ауып.
Жер дүние дүрмегіңнен түгел өрді,
Ғарыштан жалын шарпып түрегелді.
От шашқан тіліменен аждаһадай,
Австралия қызыл отпен шідерленді.
Көк түтін адастырды, жолдар қайда?
Ұясын тастамаушы еді бозторғай да.
Аңдары пана күтсе адамзаттан,
Басына зауал түскен боздамай ма?!
Ортақ ел ек, күллі әлем жерге мынау,
Көк - анасы, тамшыңмен көлдетіп ал.
Австралия, сеніменен жүрегім бір,
Қолда Тәңір, жер-ана тербетіп ал...
Толқындарын тулатса тағдыр – теңіз,
Жарға соғар, лақтырар қайраңға бір.
Қоңыр кеште екеу боп кофе ішеміз,
Сол екеуге үстелін жайған дәуір.
Арғы жағы әйнектің шулы аламан,
Ми қайнайды ойлардан туған одан.
Көбіктенген Капучино алдымызда,
Американо ол да тұр у жалаған.
Қос кофенің бірі ащы, бірі тәтті,
Өзіне тән бұзбайды күллі ырғақты.
Балшы емеспіз әттең- ай, сол кофеде,
Тағдырымыз түбінде ұйып жатты.
Бола бермес көңілдің хошы кілең,
Қабақтарды жазған да осы күрең.
Аурасына қарамай уақыт, мезгіл,
Кофе ішеміз әр кеште қосып рең.
Қоңыр әуен, қоңыр күй, қоңыр кофе,
Мың құралған сынбасын көңіл кесе.
Қант, сүтімен дәм беріп таңдайыма,
Тәтті қылып қайтарам өмірге есе.
Айырбастап алғандаймыз есті де біз,
Өзгелердей таңда емес, кешке ішеміз,
Көтерсек те жүректің ауыр тасын,
Әйтеуір, бір бағытқа бет түземіз.
Соқпағында көп көздер тұрады аңдап,
Мезі етеді сан алуан сұрағы алдап.
Американо буыменен ырғаққа еріп,
Темекіден көк түтін шұбалаңдап.
Жан ауырса кетеді ой жүдеп, налып,
Капучино көбігімен жүрек салып,
Ұсынғанда даяшы бала ізетпен,
Кеудемдегі ашылды түнек те анық.
Қоңыр кештің әуені біздер едік,
Пернелерден күрең күй үзген едік.
Өте шығар қалықтап өмір – өлең,
Кофе ішіп тұрайықшы күнде келіп.
Қос кофенің бірі ащы, бірі тәтті,
Өзіне тән бұзбайды күллі ырғақты.
Балшы емеспіз әттең-ай, сол кофеде,
Тағдырымыз түбінде ұйып жатты...
Көктем!
Бақ құсы боп жеткейсің бозала таңымнан,
Гүліңді терейін жұпарлы көгалдарыңнан.
Әуенін тыңдап ғаламның сыйқырлы сазын,
Шашу шашайын жырымның гөзәл бағынан.
Көктем!
Шуақты күндердің сәулесін мол сепкейсің,
Хантәңіріндей асқақ арманға жол еткейсің.
Менің жүзімнің бақытты сәттерін жасырып,
Мұңға салардай болмасыншы бөлек кейпің.
Көктем!
Мамыражай шағыңды аңсап сабылдым рас,
Жібек - мұңнан боз шәлі жамылдым рас.
Көкжиектегі алтын күннің нұрын сіңірген,
Жер - көк иісін, жыл құсын сағындым рас.
Көктем!
Көңіл өзіңдей, мен қалай жасып өтейін,
Гүлдегі шық - ол уақыттың жасы ма деймін.
Бал – бұл жайнар шаққа да, жастыққа да,
Көктемім, бәрін де өзіме ғашық етейін.
Мен кешкен күйдің бұл бірі,
Нұр төккен түннің бір сыры.
Тиектен ақса түрлі әуен,
Өмір боп көлкір күмбірі.
Түсінер екен кім мұны?!...
Жолдар бар қилы бұралаң,
Өтермін, өтпеспін сірә одан.
Бұлыңғыр күннен бір жарық,
Бұйымтай құрлы сұраған.
Бар ма екен ұғар бір адам?!...
Пенденің ұқпай пейілін,
Кімге, не деп мен кейідім?
Жүректер суытса қатаяр,
Көңілдер суыса жерідім.
Бара ма азайып мейірім?!
Жұлдыздай ағып көп күнім,
Биіксің дүние, шоқтығың.
Көңілсіз ойдың алабы,
Жанымда ешбір жоқ тыным.
Бара ма кеміп тоқтығым?!
Көктем сайын жайқалып қыр гүлдесін,
Шалқытады көңілді нұр сіңгесін.
Сауыр-сайқан бауыры құрақ жайып,
Қызғалдағын ару қыз Нұргүл терсін.
Тәнін сүйген Зайсаны, жанын сүйген,
Жанарына жарықтың бәрін де үйген.
Қарабұлақ ақ құсын қарсы ала ма?!
Топырағына мәңгілік басын да иген.
Нұр кере ме кеудеңді, жыр кере ме?!
Сәулелерін шабыттың бүркелеме.
Өзен тынып даусыңнан, дала аңқиды,
Бұрқырайды жусан да, қыр, бетеге.
Тұмасынан тұндырып қанып ішкен,
Жыр оқисың, мың бояу сағынышпен.
Көктеміңе құт қондыр, іргеңе бақ,
Жарқырашы, қалмашы... жанып іштен!
Ғашық ең, тамылжыған қыр гүліне,
Құс біткен сайрайтындай Нұргүліме.
Құйылып көмейіңе күміс бұлақ,
Бір шуақ жаныңа еніп, сүңгіді ме?!
Басыңа бақ тілерім айдан анық,
Дос жылатып айтады, қайрап алып.
Айта берсек армандар таусыла ма?!
Жыр оқышы, күндерге қайта оралып.
Тілегім сол, жүрегіңе ал жапсырып,
Солай- солай... желге ұшпасын жақсы үміт.
Тағдыр жазған өмір-дастан бетінде,
Құрбым едің, жолықтырған бақ күліп...
Сазына баттым, сағыныш атты мұңдардың,
Сіз жоқсыз мынау қалада.
Шегіне жетті-ау, сезімім биік шыңдардың,
Жапырақ жүрек сары-ала.
Сіз жоқсыз тағы, сағымдай көшті көп күндер,
Қанаттыдан да жоқ хабар.
Кеудеме сыймай, шарпылған кезі оттың дер,
Қызуы қайтпас шоқ қалар.
Жүргім де келмей көшелерді де жатсындым,
Сіз болмаған қаланың.
Жұмыр жерге Көк-Тәңірімнен жас сіңдір,
Шөліркеді лала гүл.
Мұңымды айтып, мұң шаққым да келмеді,
Көңілімде бір алаң.
Жазғы бақпен сырласқым да келмеді,
Жасыл желек құраған.
Сәлемімді ақша бұлтпен жолдармын,
Сізсіз күндер көп неге?
Жақсы үмітке жан жылытып болжармын,
Қайтем қиып өкпеге...
Салқын тартып барады тастай қала,
Аспанымды ақша бұлт жапты айнала.
Талмай берген Тәңірдің сарқыт-бағы,
Жанарымда кеткендей жасқа айналып.
Қазан ауып барады мезгілдермен,
Ғұмырымды қойғандай құсқа балап.
Сағыныштан арылмай есіл кеудем,
Өмір өтіп барады қысқа ғана...
Қараша да жақындап қалды білем,
Жалаңаштап сары күз талды кілең.
Оңашада ой баққан, қайран көңіл,
Жапырақтай сарғайды жалқы жүрек.
Жел тербетіп, балауса талды ырғайды,
Таңғы үсікке әзірге шалдырмайды.
Күз жыласа менің де жаным жүдеп,
Терең тартып кетеді сол бір қайғы.
Жапырақпен сырластым бүгін тағы,
Биылғы жаз көзімнен нұр ұрлады.
Қанатында құстардың ұшты күндер,
Қол бұлғады алыстан ғұмыр-бағым.
Сезім гүлі...
Кеше өлген маусымдағы,
Биылғы жаз
Жаңбыры таусылмады.
Бұлқынады жүрегім,
Өз кеудеме сыя алмай,
Бәрі өткінші,
Көрген түстей қиял жай.
Жазғым келмей ғазалдар да,
Хаттар да,
Қан қарайып,
Ол да айналар тастарға.
Жүрегімді
Қанталаған қымтап алып,
Селдетсем бе,
Шерімді қырға барып.
Қас- қағымдай
Бұл ғұмыр білте дерлік,
Айғыз- айғыз көзімді
Сүрте бердім.
Енді өзімді уақытпен
Емдеп алам,
Сыралғы мұңдарымды
Желге қадап.
Ал сен...
Енді қайтып келме маған...
Жапырақтың сыбдырынан іздесін демесең,
Бұлақтың сылдырынан іздесін демесең.
Шуақты күн нұрынан іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Жұлдызды түндерімнен іздесін демесең,
Жұпарлы гүлдерімнен іздесін демесең.
Бұлбұлдың үндерінен іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Жеткізбес сағымнан іздесін демесең,
Кешқұрым бағымнан іздесін демесең.
Тамшыдан, жауыннан іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Ақ басты таулардан іздесін демесең,
Өрілген баулардан іздесін демесең.
Найза ұшты жарлардан іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Қазбауыр бұлттардан іздесін демесең,
Иесіз жұрттардан іздесін демесең.
Қанатты құстардан іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Сырғалы ай нұрынан іздесін демесең,
Орманның нуынан іздесін демесең.
Аққудың жұбынан іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Тау-тастан, төбеден іздесін демесең,
Күн сайын көшеден іздесін демесең.
Жырлардан, өлеңнен іздесін демесең,
Сен өмір сүруің керек...
Сен емес сағымды күтсін демесең,
Гүл емес, қабірді құшсын демесең.
Уақыт аз, ғұмырым бітті деме сен,
Сен өмір сүруің керек.
Мен үшін...
Ай елі, күн елі секілді,
Сен өшпе, жанымның жарығы.
Ып- ыстық жалыны сезілді,
Жүрекпен сүйгізген Тәңірі.
Бейуақ өрілген тағдырлар,
Ғаламат дегейсің, ертегі.
Жүректі тербейтін ән-жырлар,
Екеуміз сияқты өрт еді.
Айналсын басымыз бақыттан,
Ай қызы,күн ұлы әдемі.
Қайта ма несібе уақыттан?!
Жанымның шалқыған әлемі.
Тірліктің бір кешкен өткелін,
Жадымда қалдырып көктемін.
Жаныма шырақ қып жағайын,
Ай туған көгімнен, өшпе күн!
Жанарда ай тұнып, күн сүйген,
Арайы тамады таңнан нұр.
Ғазалдан кеудеме жыр түйген,
Өмір-ай, тағы да тамсандыр!
Тағдыр боп байланған іргеме,
Ғашықтар мекені жүректе.
Сағынсаң күн деме, түн деме,
Тіл қатшы, бірге әрі тілек те.
Ай елі,
Күн елі секілді,
Сен өшпе,
жанымның жарығы.
Ып- ыстық жалыны сезілді,
Жүрекпен сүйгізген Тәңірі...
Жылдардың болады көп күттірері,
Түстігіне құстардың ұшты легі.
Жапырағын кей ағаш әлі үзбеген,
Сол бір күз...
Неге екенін, жып-жылы еді.
Жүрек үшін болмаған жаза жеңіл,
Жүрек үшін қымбатты, бәрі де ыстық.
Көз алдымда жылыстап барады өмір,
Қалқасында қанша жыл сағыныстық.
Сол бір күз...
Аяулы еді, баққа ораған,
Жауратып, құлазытқан шақтан аман.
Жастығын ілестіріп сонау жылдан,
Үмітіме үмітін жаққан адам.
Білмеймін, тағдыр не дер ендігісі,
Жүректің жетер ме оған еркі, күші?
Ақылға тоқтау салса арғымақ күн,
Сезімнің қалай болар кең тынысы?
Сол бір күз...
Тағдыр еді күндері алаң,
От кешкен жалынымен іздер адам.
Жылдардың адастырып жылғасында,
Жолықтық тәтті үмітпен біздер аман.
Өңім емес, бұл көрген түс секілді,
Көктемге емес, сыйлаған күзге гүлді.
Мөлдір шықтай жылғаға тамып түскен,
Сол бір күз... жып-жылы еді сіз секілді...
Сұрақ белгі... талайға жүк арта ма?
Құны арта ма, адамның мұңы арта ма?
Жаратқанның үкімі деп айта да алмай,
Әппақ жүзім жабырқау қызарды, аға.
Мынау бей-жай дүниені сілкіндірген,
Тажал-індет көрсетті сыртын бірден.
Тұяқ тілген даланың ұрпағы едік,
Қабағыңды қайтейін, кірбің кірген.
Бабам көрген сор ма еді, заман көрген,
Қай бассызды қарғайын зауал берген?
Көктемеден барады тамыр жайып,
Түссіз-тажал қым- қуат ауаңда өрген.
Құдайсыздар салды ма, көп ұранды?
Жын-ойнақтан шықты ма, тобыр аңдып?
Кесірліден сияпат - кесір келіп,
Шығарды ма, бей- берекет дабыраңды?
Нөпір едік, тиылды шулы аламан,
Ел едік қой көгіне ту қадаған.
Амандығы керек-ақ Алашыма,
Соның үшін үйіне қудалаған.
Таң бозаңы, кеш болсын іңір, мейлі,
Адамы жоқ көшелер үңірейді.
Әлем ащы көз жасын жұтуменен,
Мінәжат қып Құдайдан күбірлейді.
Көмейімнен бір үн кеп тұншығады,
Жадау күндер тез өтпей, қырсығады.
Аспан асты тірліктің бәрі қалды,
Шыр айналды мені де мың сұрағы.
Жиған-терген дүние, бақ қалады,
Пенде шіркін, бес күннің бас қонағы.
Сізді ойлантқан ағатай, сұрақ белгі,
Жұлым-жұлым жүректен басталады.
Сұрақ белгі... жауабы жоқ, бәрі үнсіз,
Сәуір айы, көңіл қаяу, жаным сыз.
Есті күннен ескірік жел соқты, аға,
Ұқтыңыз ба, бұл өмірдің мәнін сіз?!...
Ақ жауынменен ұласып көктем,
Таңдарын сүйдім сәуірдің.
Жаныма тағдыр жүк артып кеткен,
Тәтті едің неткен ауыр мұң?!
Кіреукеленіп көзімнің алды,
Аспаным бүгін де қара ала.
Үстінен жылжи бұлттардың қалқып,
Армандар ұшып бара ма?
Қытымыр күннен қыл үздім,
Кешегі бұла шақ бәрі аңыз.
Жетеді бір дауыс шыңылтым,
Сірі ме еді жаным тарамыс?
Тиылар емес Көк-Тәңір жасы,
Пендеде болса сормаңдай.
Уақытқа бұршы ноқтаның басын,
Тұманнан аршып жол салғай.
Жыладым, күлдім, еліттім бір әнге,
Жаныма сіңді ауыр мұң тұнбасы,
Көзімнің алды шытынап бір әйнек,
Тамшылап жатыр... сәуірдің жасы...
Тағдырлы мекен тұрағыма айналып барады,
Жауапсыз күндер сұрағыма айналып барады.
Мына әлем менің көзімде ғана жәутеңдеп.
Әлсіздеу жанған шырағыма айналып барады.
Жарқырап мәңгі тұрмайды күн де төбемде,
Өлеңім үшін жасынын сүйдім, өбем де.
Таласып таумен биігін сүйдім, қайтейін,
Көңілің үшін жотадай мүжіліп шөгем бе?!
Аңсатқан өмір аңсаумен ғұмыр кештірер,
Ақынның өзі адамзат үшін көп тілер.
Оранып қайтем, бүлдені керім - көйлек қып,
Тозығы жетіп, ол да бір күндері ескірер.
Аласармайын, биік те тағы болмайын,
Сауалдар қамап, тұтқындап алса әрдайым.
Уақыттың білмей қадірін кетіріп жүргенде,
Бауыры тартып, қара жер тұрса сол уайым...
Мен неге тым ерте мұңайдым,
Емес қой кезім бұл жылайтын.
Жанымда тұншыққан мың дауыс,
Жаңылдым санынан күн, айдың.
Мен неге тым ерте ояндым,
Қайда ұйқым алаңсыз, баяндым.
Тұңғиығына батып түндердің,
Тұншығып бара ма аяулы үн.
Мен неге тым ерте есейдім,
Жалынға кеудемді төсеймін.
Өртенем, осылай күн кешем,
Өзгеге бөтен күй, өгей күн.
Мен неге тым ерте қажыдым,
Бақыттың айналды сазы мұң.
Өлеңді сүйдім ғой тағдыр деп,
Өмірді сүйдім ғой-жазығым.
Мен неге тым ерте асықтым,
Көшімнен барады қашып күн.
Қанша әлі татамын дәм-тұзды?
Жастықтың белінен асыппын.
Мен неге тым ерте қоштастым,
Жаратқан тағдырын жазбаспын.
Еңсемді түсірме, елік-күн,
Бұлағы емеспін көз жастың.
Мен неге тым ойшыл боп алдым,
Шет-шегі неге жоқ обалдың?
Қайғы-мұң торынан шыға алмай,
Қамалдым, қамалдым...
Төрлет, Наурыз!
Жыр бағы, жылдың жасы,
Көк желегі жайқалсын, бүрдің басы.
Бұл дүние жаралғаннан ғажап та еді,
Бұл дүние сұлулықтың нұр тұнбасы.
Төрлет, Наурыз!
Дөп келген нұрлы баққа,
Жетеле өрге, төменге құлдыратпа!
Тіршіліктің айтылсын далада әні,
Ниеттіні жеткізсін шын мұратқа.
Төрлет, Наурыз!
Әз-Көктем! Әдемі әлем!
Толқытайын жырыммен, қасидамен.
Тамыр біткен сілкінсін, тірілші өмір,
Мәуелі - әкем, жер - анам, жазира - бел...
Төрлет, Наурыз!
бақыт боп төріме енгін,
Көңілімнің көк дөнен өрін көргін.
Қазанында анамның бүлкілдеген,
Көжесіндей ағарған өмірге ергін.
Төрлет, Наурыз!
Таңы арай, аспаны ашық,
Армандар-ай, кететін асқар асып.
Ақ тілекті жаудырам Ұлы күнге,
Өлеңіммен өмірлік бақ қаласып...
Көңіл құсым кетті айналып өлеңге,
Шерім қалды жер бауырлап көгенде.
Сал әніңді, шыңға біткен Шынар қыз,
Қаңсып қалған жүрегімді кел, емде!
Тірлігімнің иті үргенде, көші аман,
Тағдыр дейміз сыйын берер тасадан.
Алдай-ау деп күрсінгенде Алатау,
Қол бұлғайды көз алдымда Ес-ағам...
Өмір бізді, біз де өмірді сынармыз,
Ағындарға солай қарсы тұрармыз.
Домбыраның күмбірімен құйылып,
Сарқын судай ақтарылшы,
Шынар қыз!
Алла берген бұл да бақ, бір басыңа,
Жалғыз өлең менен де жыр тасыңа.
Баянауыл үстінен қалқып ұштым,
Барып қайттым Алтайдың қырқасына.
Мамырлатса жаныңның Толағайы,
Көк айдыны көгіңнің толады айы.
Айналайын даусыңнан, тұма бұлақ,
Мейірленіп қанбасам болады айып.
Асқақ едім жаныммен мұнаралы,
Құлай сүю - тірліктің бір амалы.
Көңілімнен еш кетпес өмір - өлең,
Шыңға біткен Шынар қыз,
Шынар әні...
Тәтті болып көрінеді кей түстер,
Өңіңдегі бақыттан,
Жасындардың жарқылын бер, кейпін бер,
Енді ұрлайын уақыттан.
Әппақ түске айналады бұл ғұмыр,
Алты асуы, бес белең.
Балбал таста бұғып жатыр бір күбір,
Бауырында есті өлең.
Сәл кешігіп оралармын мен бәлкім,
Салынбай жүр уайымға.
Тәтті түске тағы айналып, ен салдым,
Жалғыз өскен қайыңға.
Қамсыз едім өр тірлікке тым нәзік,
Жүрек қана сағынышын айта ма?!
Түсімде ылғи алам жұпар гүл қазып,
Несібесі қайта ма ?!...
Нұрға бөгер тылсым түннің құшағы,
Аймаласын жанымды.
Періштелер ақтаңдақ боп ұшады,
Мейірімді жаны ізгі.
Түс қой...
Құстарым, қанаттыларым қайдасыңдар?
Көктем ғой, жанымның төріне жайғасыңдар.
Тұнжыр бұлттардың шаршадым күрсінісінен,
Үміт те ғайып боп бара ма айға асылған.
Кішкентай құсым, шырылың қайда тұнатын құлақ,
Кеттің бе әлде, бала күндерге қыр асыңқырап.
Нұр күткен көзім солғындау тартып бара ма?
Гүл күткен кеудем өтінде желдің құлазыңқырап.
Өткен бір жазда қанатым қалған қырқылып,
Қазанда қайнап, сарқылды дүние жыр тынып.
Кеудемнен ұшып, ғайыпқа батты бір әлем,
Жанымның әппақ парақтары да жыртылып.
Мен содан кейін жүремін ылғи құс күтіп,
Көктем де келді, ақ тонын киген қыс бітіп.
Аңсарым ауды Аспантау дейтін бір елге,
Арыла алмадым, сағыныш қалды бүп- бүтін.
Аспанға қарап... жүремін ылғи құс күтіп...
Қайран өлең,
Арда көңіл мұң- қайғым,
Шыңдарыңа қалай биік шырқаймын.
Шалыс бассам өз обалым өзіме,
Шалындырса...
қайтем есер сұрқай құл?
Қайран өлең,
Самғаттың қанаттымен,
Масайрады мезгілдер алап кілең.
Мұқаңдардың сарқытын,
сары уайымын,
Маңдайыма жазу ғып жаратты Ием.
Қайран өлең,
Жаныңа сауға сұрап,
Жанарымды мың малдым тамшыларға.
Өз- өзімді тағдырға алдаусырап,
Сүйреп келем кеудемді жаншып алға.
Қайран өлең,
Өзіңе барымды айтам,
Жұматайдың мұңындай лағыл қайдан?!
Менің мұңым айналып Көктөбені,
Жүр ме екен біреудің бағын байлап.
Қайран өлең...
Жауабы жоқ, мың түрлі сауалы бар,
Берешек пе уақытқа зауалым әр.
Көптен күткен меңіреу аспанымнан,
Қар жауады тағы да, жауады қар.
Басын иген тағдырға қыз көремін,
Маңызды ма, жасауы кім төрелік?
Қала мең-зең, дүние астан- кестен,
Қар астына тағы да мұң көмемін.
Көзім тұман, айтайын кімге нені?
Жүректегі бір гүлім күнде өледі.
Жер бетінде қалатын шығар, бәлкім,
Сізге деген сезімнің мың дерегі.
Ақ дүниенің малынып арайына,
Жанарымды қарытып, ұлпа ұшады.
Тағдыр еді... мен көнген талайына,
Салқын еді... тұп- тұнық түн құшағы.
Қар секілді ұшады арман күндер,
Қар секілді құшады жалған күндер.
Қар секілді айта ма сағынышын,
Қар астына көміліп қалған іздер?
Жауабы жоқ, мың түрлі сауалы бар,
Берешек пе уақытқа зауалым әр.
Көптен күткен меңіреу аспанымнан,
Қар жауады тағы да, жауады қар...
Тұңғиығыңа ендім, қара түн,
Құшағыңды ашшы айқара.
Самала шамдай жанатын,
Туғандай мен үшін Ай дара.
Тарыдай төгілген жұлдызы,
Шашылып жерге түсердей.
Көгімнен ауған Үр - қызы,
Бақытын жерден күтердей.
Аспан да қара, жер қара,
Көзім де қара, мең қара.
Құйылып түссе сұлу саз,
Кетер ек шіркін, самғап ә.
Қара түндердің жамалы,
Шәлідей жұмсақ тиеді.
Тербеткен нәзік самалы.
Шашымнан өбіп, сүйеді.
Қап-қара түнім-қарашық,
Аймаласын түн - анам!
Мен тұратын қалашық,
Шырт ұйқыда, кіл аман.
Қара түнге тапсырдым.
Қайғы-мұңды жұтсын деп.
Қара таспен бастырдым,
Қарғысында ұшқын көп.
Жеті көктен жарық боп,
Тамып түскен бір сәуле.
Қарашықта қалықтап,
Үмітімдей нұр ма әлде?
Тусын дағы ай дара,
Шырағындай түндердің.
Мәжнүн сырын айта ма?!
Ләйлі түн боп үлгердім...
Көктеменің арайлап таңы да атар,
Көкжиекке шегейін тағы сапар.
Қарлығашым, келгейсің қанат қағып,
Көңілімнің гүл саулар жазына апар.
Заманында зұлымдық алған белең,
Қарлығашым, киеліден қалған сен ең.
Айырылып қапияда қалмайыншы,
Айналып өтсін дағы жалған сенен.
Қайырымын еселеп жүректерден,
Бауырында ләйлектің түнеп келген.
Құсы дейді пейіштің аңыз – анам,
Киелім, келіп жеткін мың өткелден.
Қасиетті тану бақ па өреліге,
Жаңаны да ақтардым, көнені де.
Жау шапқанда іргеден ұя салған,
Қарлығаш би атаған Төлені де.
Батасы бар арқалар аңыздардан,
Пайғамбардан, данагөй абыздардан.
Қанатымен су бүркіп, мейір төккен,
Бауырласа ырымдап жауын жауған.
Ұш биікке, күн сүйсін қанатыңнан,
Ырысы артып, айналсын дала думан.
Ақынның да аялары қарлығаш – жыр,
Адалдығын таныған жанарынан.
Қаңтардағы қара өлең қар құшады,
Айқара ашық көңілдің бар құшағы.
Жанарымды қарытқан ақ зер әлем,
Ақ пен қара ғұмырлар тартысады.
Қаңтардағы қара өлең – ақ періштем,
Қанатында хауыз жыр, бақ келіскен.
Жанарымда сәуленің мың ұшқыны,
Жүректегі қиыршық тасты еріткен.
Қаңтардағы қара өлең – аяулы әнім!
Ауылыңа сан барып, аялдадым.
Алатаудың асырып ақ басынан,
Ұшырмады ақының қай арманын?!
Қаңтардағы қара өлең – уақыт емі,
Келер күнім көзімнің жақұты еді.
Ыстық қаны бойында дір-дір еткен,
Иесіне қара өлең – бақыт еді!
Қаңтардағы қара өлең, жақұт еді...
Өзімнің есебімде...
Мен биыл дәл қырықтың қырқасында,
Шыққандай-ақ болам-ау қыр басына.
Желік көңіл желп еткен жоқ баяғы,
Кепіл де жоқ жастық шақ тұрмасыңа.
Ой тастап өткендерге мың қарадым,
Қырыққа да аяңдап сырғанадым.
Зырылдауық уақыт та өш алады
Жырдан емес, тәкаппар жылдан ағын.
Не тындырдым, білмеймін есте қалар,
Түк тынбаса бұл Құдай не істеп алар?
Екі ортада сенделткен күйбең тірлік,
Таразысын тағдырдың шектеп алар.
Айтып-айтып қалайын айтарымды,
Қырықта да қайыр бар қайтарымды.
Қырық келіп құбылса күллі өмірім,
Қырып кетіп жүрмейін найза сынды.
Қырық жаны бар дейді әйелдердің,
Айтып жүрген сөзі емес жәй елдердің.
Маңдайына муза кеп бақ байлаған,
Қырықтағы қыз-ғұмыр әйел менмін...
Кең даланың желі бетке тиер майда,
Қалды артта Жағалбайлы қиыр жайлап.
Оралдың ғой сапардан бүгін жалғыз,
Ақбоз ат, иең қайда, иең қайда?...
Тұлпардың тұяғы да саябыр жай, тапса екен,
...Өз құлыңды ая Құдай.
Дүние бір сілкіндің, дүр сілкіндің,
Ажалдың айтып келмес жай оғындай.
Кері айналып уақыттың дөңгелегі,
Аққу сыңсып, қоғалы көл кебеді.
Сырлыбайдың елінде ерте кеткен,
Жібек үшін Төлеген келген еді.
Шер қалды, жарқыраған Жайық қалды,
Бір ұлын Екіашаның ғайыпқа алды.
Дүниенің дүрмегінен азат етіп,
Ескексіз мұң тербеді қайықтарды.
Сахнаның қыздырған көрігін де,
Тағы айналды кадрлар көңілімде.
Тәңірберген, Ғаниың, Ақан серің,
Құманның биіктетті төрін мүлде.
Тірліктің тоналады ай, жылы да,
Көңілдің де тазарар айғызы да.
Ақбоздың жанарында жалған дүние,
Алаштың көңіл айтам қайғысына...
Бақыт шамы білтелі,
Жарқыраса нұр тегі.
Сәуле шашса жолыма,
Үмітімнің Үркері.
Түн белдеуі таңға асқан,
Ақиқатың – Алдаспан.
Өмір зулап барады,
Ақ-қарасы алмасқан.
Түн түрілсе таң күлген,
Қауышамын халқыммен.
Жақұт іздеп жарықтан,
Бақыт іздеп әр күннен.
Баспай таныс ізді мен,
Көңіл кейде күз - күрең.
Үмітімді аялап,
Үркер көрсем үздігем.
Жайлауыма жаз қонар,
Сезімдерім сазға орар.
Мөлдіресе жанарым,
Өлеңімдей назданар.
Жүректегі жыр керім,
Жанның жасын іркемін.
Сіз де көрсе деп едім,
Үмітімнің Үркерін!
Мөлдір еді шықтан да,
Тамып түскен бір тұнба.
Ұлылық бар ұққанға,
Жидебайдың жұртында.
Шайып кетер қайғыңды,
Өлеңінің өрнегі.
Құнанбайдай айбынды,
Зере әжедей зерделі.
Жетелейтін арманға,
Ойы ордалы, жыр ғажап.
Абай тумай қалғанда,
Қалай болар бұл қазақ?!
Өтті дәурен, өтті күн,
Бағдаршамы арманның,
Қалыбындай тектінің,
Жарығындай жалғанның.
Келе жатыр қазағың,
Керуенді көшке еріп.
Мен де бір жыр жазамын,
Адамзатты дос көріп.
Арман болдың аңсаған,
Ақындардың үлкені.
Көк жүзінде самсаған,
Жұлдыздардың Үркері.
Топырағыңда өнгемді,
Бізде де бар нар талап.
Сенің асыл көмбеңді.
Өтсек дейміз арқалап.
Көңіл нұрға тола ма ?
Бар қазына ырыстай.
Ертең ертең бола ма ?
Абайменен ұғыспай.
Өтер жылдар, айлар, күз,
Өмір болмас майдансыз.
Таппасақ та көп табыс,
Біз рухани байлармыз.
Ұрпақтардың бағалы,
Бізсіз өтпес сабағы.
Сөйтіп жүріп еңбегі,
Қалтарыста қалады.
Электронды заманда,
Өзгереді адам да.
Кітап құнсыз дегеннің,
Аузы күйсін әманда.
Том-том кітап арқалап,
Маңдай тері паршалап.
Әріптестен айналдым!
Жарқын жүзді, ай қабақ.
Уақыт қайдан шегерсін,
Өзгертуге шеберсің.
Кітап-алтын қазына,
Көнермесін, көгерсін!
Ғасырлардың жақұты,
Сақталып тұр қорында,
Алыптардың сарқыты,
Білімдінің жолында.
Кітапта бар қасиет,
Ақылыңның өлшемі.
Әріптеске бас ием,
Тақтан биік еңбегі.
Оқырманы телегей,
Қойма еңбегін елемей.
Адам қылған мені де,
Кітап емей немене ей?!
Мен, мен едім, мен едім,
ЖенПИ жақтан келемін.
Гоголь бойын бос кезбе,
Әйтекеде өлеңім.
Өтер жылдар,айлар, күз,
Өмір болмас майдансыз.
Таппасақ та көп табыс,
Біз рухани байлармыз.
Құлағыма тәтті әуен, үн келеді,
Сағыныштың орайды бүлделері.
Ыстықкөл жағасында қалған дәурен,
Ілияның армандай күндері еді.
Мекеніне сезімнің тұрақтайын,
Күндер зулап өтуде сынаптайын.
Балдай тәтті Әселдің бал әнімен,
Жапырағын қайыңның жылатпайын.
Әсел ғұмыр,
Әсел ән,
Әсел әуен,
Теңселесің дүние - ай,
жазира әлем.
Таңды ұрлатып көзімнен үзік - үзік,
Түнді ұрлатып жыр - жаһұт қасидамен.
Жапырағы жанымның жырға ғашық,
Ұжмағынан дүнияның тұрған ашып.
Хақтан жырақ қалдырма,
Жаратқаным,
Мейіріңді бірге төк нұрдан асыл!
Ақ зер әлем, құбыла сені көрем,
Бес күні де жалғанның,
түні де ерен.
Екі әлеммен тоғысқан қарашығым,
Таң шығына жуынған гүлі де өлең.
Жағалаудан іздедім сол бейнені,
Табанымен құм кешіп бара жатқан.
Көз алдымда ақ шағыл, күн көйлегі,
Қырғыз қызы арман ең бала жастан.
Сағынышым таптырмас жанымды жәй.
Басылмаса һәм көңіл жалыны ұдай.
Таусылмайтын ғұмырдың ұзақ әні,
Жаратқанның көрсетер жарығындай...
Өзіме аян, талай түн көз ілмесім,
Сезілгесін мұң құшам, сезінгенсін.
Қанаттылар тобымен түсімде ұшып,
Өлең жазып отырам өңімде шын...
Жалқының да болады бақ- баяны.
Жан ауыртқан күндерді жас шаяды.
Аспантаудың бауыры өмір- өзен,
Өмір - өзен... өзегі тастай әлі.
Тастай әлі, жылытам қалай оны?
Қажай берсек көңіл де қараяды.
Арызданып арманнан не сұрайын?!
Маңдайымда жазулы бар аяны.
Белгісіз алда қанша дауыл бары,
Білмеймін, қанша жауар жауындары.
Түбі бар тәуекелдің, не түбі жоқ,
Жылытқаны жырымның сауырлары...