№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Роза Атақаева |
Айтылмай мұңым,
Қалған жоқ сырым -
Қазақта сөздің атасы.
Көшелі қартым
Сақтап жүр салтын,
Тозбайды алтын батасы.
Өмір- өзен, күн - бір көш,
Құнарлы жерден дән боп өс.
Жазылмай жара,
Тұтасып нала -
Тарихымда із қалды.
Айта алмай, әттең,
Сан жылдар өткен.
Кеудемде ызғар мұз қалды.
Азамат айла таба алмай,
Өтті ғой жылдар қарайлай.
Секемшіл жүрек
Дір етті жүдеп –
Зымыран ұшқан сары дала.
Залалы асқан,
Зауалы тосқан
Көңілсіз тор көп айнала.
Әлі бар қауіп, қатер сан,
Жол тауып өт, өте алсаң.
Көздері тұман,
Қадамы - ылаң
Заманға дертті тап болдық.
Қашты да иман,
Құр кеуек бір жан
Теңселтіп кеуде, жақ солды.
Көз көрген соң, айтам-ау,
Еш кетер, өтсек байқамай.
Қараңғы түнде,
Елес боп жүрген
Жерімде - азап, күліс мың.
Ұрпаққа артар,
Салтымды қайтар,
Күл болып кетсін жымысқың.
Тұзың – сор, бейнет еш болмай,
Ақылмен ес жи, кеш болмай.
Жаратқан Алла
Етейін тәуба –
Көретін көзді жарық қыл!
Еркіндік барда,
Еркімді қолда,
Есемді толтыр, қарық қыл!
Жанымда барда жақсы үміт,
Күтейін алдан жақсылық!