№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әуелай Оспанова |
Бәйтеректей бұтағын кеңге жайған,
Тамырлары тереңнен орын алған.
Шуағынан шұғыла тарайтұғын,
Момын ғана бар менің асыл анам.
Асыл анам ардақты бар ғаламнан,
Тауқыметін тірліктің арқалаған.
Мейірімді жүзінен нұр төгілген,
Көркем мінез сый еткен Тәңір оған.
Ақылымен астасқан парасаты,
Отбасының сақтаған дара салтын.
Әр сөзінде тәлімді өнеге бар
Ана деген атына жарасатын.
Ақ тілегі бізге айтқан – өсиеті,
Анам менің биігім бас иетін.
Бағыт берген баталы ақниеті,
Ұл-қызына дарысын қасиеті.
Бақытын тапқан бала жаныменен,
Тәлім берген, бойдағы барын берген.
Бізді ойласа ас батпас тамағына,
Тыным көрмей бір сәтке бейнеттенген.
Апа, сенсіз өмірдің бар ма мәні,
Ойлағаның қашан да ұрпақ қамы!
Ынтымағын ұйытып шаңырақтың,
Берекелі, базарлы әр кез маңың.
Сағыныштың ортаймас толасымы,
Апа, сенсің әнімнің жарасымы.
Ана деген атыңнан айналайын,
Аман жүрші анашым – жанашырым!