№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Эльмира Сәрсенбайқызы |
Раушан иісі аңқыған гүл деміңнен,
Айналайын, анажан, күлгеніңнен!
Тамсанып ажарыңа білесің бе,
Құрсағыңда жатып-ақ үлгеріп ем.
Періштең боп өзіңнен жаратылдым,
Дамылдадым астында қанатыңның.
Бір шоқ едім, кеудеңде шала жанған,
Бүгін, міне, от болып баратырмын...
Өмірімді өзіңсің ертегі еткен,
Жер бетіне сыйғызбай еркелеткен.
Шамын жағып өзгенің бір кездері,
Әттең, сенің қолыңнан ерте кеткем.
– Ал, қызым, сағынсаң, келіп тұрғын,
Дегеніңде жасыңды көріп тұрдым.
Күлімдеп сол бір мезет қарадың да,
Іштей ғана батаңды беріп тұрдың...
Содан бері өзіңсің сағынышым,
Сені ғана ойлаймын жанып ішім.
Тым ұзаққа кетпедім, сағынғанда,
Жаныңа тез жетіп бару үшін...
Самайыңды ағарған көрсем жүдеп,
Саулығыңды жүремін көркем тілеп.
Армандап жүрмін, ана, мына сенің,
Жүзге келген жасыңды көрсемші деп!