№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Роза Атақаева |
Достықтың жібі – асыл жібек торқа ғой,
Доссыз бұл өмір сүреңсіз әрі орта ғой.
Достармен ішкен қара су кетер бал татып,
Қиналсаң – сүйеу, қуансаң күнде болар той!
Әр достың маған ерекше қымбат бағасы,
Біреуі алыс, біреуі жақын, нағашым.
Қазақпыз ғой деп, жүрегін сыйлап, төріне
Шығасың, қашан барсаң да жағасы жайлау, қарашы!
Сол досым менің – жанымды ұғар сырласым,
Сол досым менің – күндіз де түнде мұңдасым.
Қолында барын алғаусыз бөліп беретін,
О, менің жан досым, пейілмен толсын жыр басы!
Кей досым менің есебі мықты таудай бір,
Өмірден әлі аласысы бар-ау жаудай бір.
Бергенің болса, аласың да көп – сондай заң,
Есебін Алла біледі, жүрмейік босқа таласып!
Кей досым менің – жеткенінен жетпегені бар әлі,
Өмірдің заңы әрдайым да сол әлі.
Бар менен жоқтың бағасын жақсы білетін,
Қымбат сол досым – адамға ашық қабағы.
Адамдық болса, кеудеңде достық жалыны,
Қырыққа жетсең, қырқаның көрер арынын.
Отыздан асқан достарыма тілерім:
Сол қырыққа дейін құшағыңа толсын жыр-әнің!
Алладан сұра. Жігіт бол кеуде, иықты,
Қарекет етіп, отбасың болсын сүйікті.
Ата-анаң енді өзіңнен медет тілейді,
Жан жарың, балаң – өмірдің сыйы керекті.
Қолдағы барды орнымен жұмсап, бағала,
Кішіге – үлгі, жақсы ағаны өзің жағала!
Достармен де сыйлас. Өмірдің мәні – сыйластық,
Үш жұртың аман болғай! деп үйрет балаңа!