№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әсел Оспан |
Жұмыр жер – тіршіліктің бақ мекені,
Жалғаннан жарқ еткізер шақ та өтеді.
Жанарына тұндырған тұнық ғалам,
Торғай, Ырғыз, Бетбақтың ақбөкені.
Көңілімнің құбылған күйін бағам,
Дүбірлетсе дүбірлі дүйім ғалам.
Ақбөкені, киігі, құралайы,
Сахара асып, Арқадан құйындаған.
...Тұнған дүбір...
тербетті ащы мұңды,
Боз даланың сорына жас сіңірді.
Сағымменен жарысқан сайғақ- ғұмыр,
Бірге әкетіп барады жастығымды.
Ой- қырыңда желетін бар асылы,
Зерлі әлемді сыйдырған қарашығы.
Құралайдың жанары жарқ етеді,
Қанық оған туғалы дала сыры.
Дүрсілдейді жұмыр жер тұяғымен,
Көңілімді жыр шаяр күй- ағынмен.
Ақбөкені ақынның, армысың! де,
Кезетұғын жаһанды қиялымен.
Болу керек мейірім тірлікте шын,
Жәудір көз жанарларды үркітпесін.
Адамдық құн- арменен өлшенеді,
Кеудесін оқпен тесіп сүргітпесін.
Шомылатын туғалы кіл арайға,
Оны көрсем тұмалар тұнар ойда.
Сұлулықтың мәңгілік сыңарындай,
Қарайлай жүр, қарағым, құралайға!