№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әсел Оспан |
Көктеменің арайлап таңы да атар,
Көкжиекке шегейін тағы сапар.
Қарлығашым, келгейсің қанат қағып,
Көңілімнің гүл саулар жазына апар.
Заманында зұлымдық алған белең,
Қарлығашым, киеліден қалған сен ең.
Айырылып қапияда қалмайыншы,
Айналып өтсін дағы жалған сенен.
Қайырымын еселеп жүректерден,
Бауырында ләйлектің түнеп келген.
Құсы дейді пейіштің аңыз – анам,
Киелім, келіп жеткін мың өткелден.
Қасиетті тану бақ па өреліге,
Жаңаны да ақтардым, көнені де.
Жау шапқанда іргеден ұя салған,
Қарлығаш би атаған Төлені де.
Батасы бар арқалар аңыздардан,
Пайғамбардан, данагөй абыздардан.
Қанатымен су бүркіп, мейір төккен,
Бауырласа ырымдап жауын жауған.
Ұш биікке, күн сүйсін қанатыңнан,
Ырысы артып, айналсын дала думан.
Ақынның да аялары қарлығаш – жыр,
Адалдығын таныған жанарынан.