№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әсел Оспан |
Толқындарын тулатса тағдыр – теңіз,
Жарға соғар, лақтырар қайраңға бір.
Қоңыр кеште екеу боп кофе ішеміз,
Сол екеуге үстелін жайған дәуір.
Арғы жағы әйнектің шулы аламан,
Ми қайнайды ойлардан туған одан.
Көбіктенген Капучино алдымызда,
Американо ол да тұр у жалаған.
Қос кофенің бірі ащы, бірі тәтті,
Өзіне тән бұзбайды күллі ырғақты.
Балшы емеспіз әттең- ай, сол кофеде,
Тағдырымыз түбінде ұйып жатты.
Бола бермес көңілдің хошы кілең,
Қабақтарды жазған да осы күрең.
Аурасына қарамай уақыт, мезгіл,
Кофе ішеміз әр кеште қосып рең.
Қоңыр әуен, қоңыр күй, қоңыр кофе,
Мың құралған сынбасын көңіл кесе.
Қант, сүтімен дәм беріп таңдайыма,
Тәтті қылып қайтарам өмірге есе.
Айырбастап алғандаймыз есті де біз,
Өзгелердей таңда емес, кешке ішеміз,
Көтерсек те жүректің ауыр тасын,
Әйтеуір, бір бағытқа бет түземіз.
Соқпағында көп көздер тұрады аңдап,
Мезі етеді сан алуан сұрағы алдап.
Американо буыменен ырғаққа еріп,
Темекіден көк түтін шұбалаңдап.
Жан ауырса кетеді ой жүдеп, налып,
Капучино көбігімен жүрек салып,
Ұсынғанда даяшы бала ізетпен,
Кеудемдегі ашылды түнек те анық.
Қоңыр кештің әуені біздер едік,
Пернелерден күрең күй үзген едік.
Өте шығар қалықтап өмір – өлең,
Кофе ішіп тұрайықшы күнде келіп.
Қос кофенің бірі ащы, бірі тәтті,
Өзіне тән бұзбайды күллі ырғақты.
Балшы емеспіз әттең-ай, сол кофеде,
Тағдырымыз түбінде ұйып жатты...