№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әсел Оспан |
Сұрақ белгі... талайға жүк арта ма?
Құны арта ма, адамның мұңы арта ма?
Жаратқанның үкімі деп айта да алмай,
Әппақ жүзім жабырқау қызарды, аға.
Мынау бей-жай дүниені сілкіндірген,
Тажал-індет көрсетті сыртын бірден.
Тұяқ тілген даланың ұрпағы едік,
Қабағыңды қайтейін, кірбің кірген.
Бабам көрген сор ма еді, заман көрген,
Қай бассызды қарғайын зауал берген?
Көктемеден барады тамыр жайып,
Түссіз-тажал қым- қуат ауаңда өрген.
Құдайсыздар салды ма, көп ұранды?
Жын-ойнақтан шықты ма, тобыр аңдып?
Кесірліден сияпат - кесір келіп,
Шығарды ма, бей- берекет дабыраңды?
Нөпір едік, тиылды шулы аламан,
Ел едік қой көгіне ту қадаған.
Амандығы керек-ақ Алашыма,
Соның үшін үйіне қудалаған.
Таң бозаңы, кеш болсын іңір, мейлі,
Адамы жоқ көшелер үңірейді.
Әлем ащы көз жасын жұтуменен,
Мінәжат қып Құдайдан күбірлейді.
Көмейімнен бір үн кеп тұншығады,
Жадау күндер тез өтпей, қырсығады.
Аспан асты тірліктің бәрі қалды,
Шыр айналды мені де мың сұрағы.
Жиған-терген дүние, бақ қалады,
Пенде шіркін, бес күннің бас қонағы.
Сізді ойлантқан ағатай, сұрақ белгі,
Жұлым-жұлым жүректен басталады.
Сұрақ белгі... жауабы жоқ, бәрі үнсіз,
Сәуір айы, көңіл қаяу, жаным сыз.
Есті күннен ескірік жел соқты, аға,
Ұқтыңыз ба, бұл өмірдің мәнін сіз?!...