№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әуелай Оспанова |
Күнің де, туған жерім, құмың да ыстық,
Өзіңде өтті күндер бала, жастық.
Тартады топырағың алыс жүрсем,
Сағыныш сезімдері араласып.
Өзіңе іңкәр көңіл самғар талмай,
Кіндігім тамырыңа жалғанғандай.
Аңсарым ауып отыр, өтердей-ақ,
Иіскесем жусаныңды арман қалмай.
Жылуың маған әбден сіңген білем,
Туған жер, өзіңді әркез аңсап жүрем.
Қырқаңа бауыр басқан жауқазындай,
Сағынам, түсімде де сені көрем.
Жұлдызың түнгі аспанда самаладай,
Сырыңды қалай қайтам жағаламай.
Дертіме дауа ауаңды сіміремін,
Теңізді шарлай ұшқан шағаладай.
Самалың желкілдеткен бұрымымды,
Сақтадым жүрегімде тұнығыңды.
Қызылдың құмы менің туған жерім,
Мәңгілік құрмет тұтам бұл ұғымды.
Мініп ем дәл өзіңде арман-атқа,
Қымбатым сенсің менің қимас жатқа.
Қарлығаш қанатына хат жазамын,
Сағыныш сәлемімді жолдамаққа.