№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әуелай Оспанова |
Бұла жел жердің тілін табады,
Бұлағы таудың сылдыр қағады.
Шешінген жердің жылынып тәні,
Шуақты күннің жымыңдағаны –
Көктемнің келгені.
Ақ жауын жердің есін алады,
Толысып өзен, есіп ағады.
Кемпірқосақтың керілер шағы,
Қазбауыр бұлттар көшіп ағады –
Көктемнің келгені.
Шыбықтың шыққан желектегені,
Жас талдың оған өрекпегені.
Күншуақ жайып құшағын кеңге,
Ызғарды бүтін бөлектегені –
Көктемнің келгені.
Көңілі көктің жадырағаны,
Алдайды көзсіз сағым даланы.
Бусанып жатыр егін танабы,
Тірліктің мына дабылдағаны –
Көктемнің келгені.
Жайлаудың малға толып етегі,
Даланы жылқы дүбірлетеді.
Жалғанып жанның үлбір үміті,
Тізіліп көктен жыл құсы өтеді –
Көктемнің келгені.
Ашылып көктің көлдей қабағы,
Қызғалдақ кілем жерді жабады.
Жауқазын әрлеп қырат-төбені,
Таң ата көк шөп маржан тағады –
Көктемнің келгені.
Даланы тербеп таңның самалы,
Құс біткен әсем әнге салады.
Бозбала қырдан қырын қарады,
Сұлуы Сырдың сылаң қағады –
Көктемнің келгені.