№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әуелай Оспанова |
Жаралғандай сезінем сағыныштан,
Аппақ сезім кеудемде алып-ұшқан.
Жақсылыққа, жылуға, махаббатқа,
Туған жерден сусындап қанып ұшқам.
Сенен ғана аламын қуат-күшті,
Сенен табам табылмас сұрақты ішкі.
Қасиетіңнен айналдым, туған жерім,
Құшағың кең, сендегі шуақ күшті.
Сенде қонды кеудеме ақ өлеңім,
Әуен қосып жырыма мәпеледің.
Адамдықты санама салып беріп,
Адастырмай арманға жетеледің.
Сен үйреттің төзімді болу жағын,
Мінезімнен өзіңді танудамын.
Адамдарға жақсылық жасар болсам,
Оның өзі мендегі сенің табың.
Көңілім көктем болып күркіреді,
Тілегім қызғалдақтай дүркіреді.
Қадіріңді, туған жер, қасиеттім,
Алыс кеткен қыз білмей, кім біледі?!
Өзінікін бұл уақыт алады екен,
Ал қимастық жүректе қалады екен.
Ауылым – аңсар әнім мен өзіңді
Сағынышқа мәңгілік балап өтем.