№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Әуелай Оспанова |
Егемен елім еңселі, еркіндігін таныған,
Кеңдік қазақ қанына ен даладан дарыған.
Рухы биік, өрлікке құмар халқым қашанда,
Арды артық көретін кеудедегі жанынан.
Еркіндіктің белгісі – тарихтан сыр толғады,
Тәуелсіздік таңы атып, үзілгенді жалғады.
Өрнектелген бағана тұрғызылып алдымен,
Ұшқыр қанат барысқа Алтын адам орнады.
Бүркіті мен садағы айқындаған бейнесін,
Тәуелсіз ел сезімі асқақтатқан кеудесін.
Нық сеніммен көз тігер тұғырынан бүгінде,
Бақытты елдің бақылап мызғымайтын іргесін.
Тас тұғырдың мазмұны одан әрі молықты,
Төрт бұрышта отбасы мүшелері толықты.
Әке, шеше, олардан өрбитұғын ұл мен қыз
Толыққанды ел деген жүйелі ойды қорытты.
Бақ орнасын таймайтын ұлан-байтақ жеріме,
Ашық болсын аспаны, күн күлімдеп көгінде.
Тас кітапқа басылған алақанға қол қойып,
Аппақ таза көңілмен тілегіңді айт еліме.