№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Эльмира Сәрсенбайқызы |
Жаным деші, күлімдейін күніңдей,
Көзімдегі қайғы-мұңым білінбей.
Сен сыйлаған сезіміңнен нәр алып,
Өмір сүрем, жабырқамай, түңілмей.
Жаным деші, танытайын ізгілік,
Еркелейін, ындым кетіп, үздігіп.
Құшағыңа басшы мені, асылым,
Өртеші кеп, қанды бойда қыздырып!
Жаным деші, махаббаттан балқиын,
Онсыз менің көңілсіздеу хәл-күйім.
Еркелетші, ғайып болсын көңілден,
Шешілмеген шешімі жоқ бар түйін!
Жаным деші, жаның болып қалайын,
Қажығанда, сенен қуат алайын.
Көңіліңе шөлдетпеші, өтінем,
Сол көңілден жанға жылу табайын!
Жаным десең, бағың болам өзіңнің,
Жалғызым сен, қарашығы көзімнің!
Біле білсең, мендегі бұл жүректің,
Арманы көп, жалғаны жоқ сөзімнің.
Жаным десең, болам мәңгі сүйгенің,
Сенсіз өмір қызық емес, түйгенім.
Кел де, өзің сырқатымнан айықтыр,
Бүгін жүдә біртүрлілеу күйдемін...