№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Эльмира Сәрсенбайқызы |
Қарашы, аға, күз де келді сұрланған,
Жанарымнан не көресіз мұңданған?
Түнге барып ашсам ба екен сырымды,
Күнге барып айтсам ба екен нұрланған?
Ұрлап алып балдай тәтті ұйқымды,
Көңіліме бір ғажайып күй тұнды.
Қайта ғашық болсам ба екен еріксіз,
Айға ғашық болсам ба екен, сүйкімді?
Соқпағында бұл өмірдің сан қырлы,
Бірде тұман, бірде мынау таң нұрлы.
Сізді ұнатып қалсам ба екен, тап қазір?
Күзді ұнатып қалсам ба екен жаңбырлы?
Сезім, шіркін, армандарға бастаған,
Сүйе де алар жүзге жеткен жаста адам.
Жүрегімді сізге ұсынып көрсем бе,
Түнегімді жарық еткен жақсы адам!?
Жапырақтай жерге түсіп қуарған,
Күйге түстім жабырқаулы, жыларман.
Қайта бастап сүрсем бе екен өмірді,
Қайда бастап барады екен бұл арман?
Қайтер едік, сезім шіркін, міз бақса,
Мұны, сірә, ойладық па, біз баста?
Сізді сүйіп қалсам ба екен ертерек,
Қызды сүйіп қалмай тұрып сіз басқа?
Ғажап екен, шын беріліп сүйсең-ай,
Сезім келіп, қос жүрекке енсе оңай.
Асып өтіп қамалдардан ойланбай,
Ғашық етіп алғам сізді... мен солай...
Өзгешесіз, ұқсамайсыз басқаға,
Махаббаттың жолы неткен асқақ, ә?
Жырым осы сізге арнаған ең нәзік,
Сырым осы, тек ешкімге ашпа, аға!