№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Эльмира Сәрсенбайқызы |
Іздегенде, бағыт берер жол шықпай,
Тағдыр тезі мені талай қорқытты-ай.
Бар мұңымды ұмытар ем лезде-ақ,
Сәби сүйсем маңдайы бар торсықтай...
Дейсіздер ғой, мына мені бақ тапты,
Иемдендім ана деген жақсы атты.
Шүкір деймін, артық болмас бірақ та,
Сәби сүйсем шырындайын тәп-тәтті...
Бес жасымда шашымды анам өріпті,
Анам менен өз бейнесін көріпті.
Ұлға – бауыр, қызға – серік дегендей,
Сәби сүйсем тағы да бір көрікті...
Таймай келем шүкір менен тәубәдан,
Жан-дүниемді жақсы ниет баураған.
Жақсылардың қалмай ерген ізінен,
Сәби сүйсем, әкесінен аумаған...
Тілеуімді берсін Аллам жалтартпай,
Қалмайын тек көкке қарап жалтақтай.
Сыңғырлаған шат күлкіге тойдырар,
Бір керемет сәби сүйсем балпақтай...
Бұл айтқанға келіс, мейлі, келіспе,
Айта берем, сақтамаймын тегі іште.
Бар әлемді тек шаттыққа бөлеген,
Сәби деген – періште ғой періште...