№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Роза Сұлтанәлиева |
Қарашыққа қоныс теуіп сарай-мұң,
Қарашада қайтқан қазға қараймын.
Қоңыр қаздар қанатына қондырып,
Қайда әкетті естелігін бал айдың?
Қимас сезім, сағыныш, наз-өкпелі,
Қалқып ұшқан жыл құстары көп, тегі!
Қара жерге құс-қауырсын қалдырған,
Қарашада қайтқан қаздар көктегі.
Жайлы жаздың жылу отын сөндіріп,
Күзгі салқын алды ырқына көндіріп.
Қайтқан қазға қабағымен қатулы,
Қара бұлтты қара күз тұр төндіріп.
Жазды еске алып, көктем-өмір өткенді,
Жә-жә... жетер мұңаймайын текке енді.
Жаңбырлы күз өтер-кетер, күтейін,
Жыл құстарын қарсы алар көктемді.
Күз жанарын бүркеп алды сұр тұман,
Қылаң берді кеудеде үміт, бір күмән.
Қарашада қайтқан қазды қия алмай,
Қолды бұлғап сәт тіледім сыртынан.
Қайтып келсе ғайып болмай елесі,
Қиын болмас жылды күту келесі.
Қарашада қайтқан қаздың қаңқылы,
Жүрегімді ауыртады... о несі?!