№ | Авторлар тізімі | Сөзінің авторы |
1 | 2 | 3 |
1. | Жібек Искакова |
Әкешім деп өзіңді еске аламын,
Кеттің тастап, болды ма, басқа амалым.
Өмір маған үйретті қайсарлықты,
Құлаған соң өзіңдей бас қамалым...!
Шүкір Алла қасымда анашым бар,
Жақсы көріп жүретін баласын әр.
Асқар таудай ағам бар, үлкен ұлың,
Інім де бар қасымда, жанашырлар.
Сезінемін күн сайын таң самалын,
Сен келгендей әр таңды қарсы аламын.
Ал түсіме кіргенде қызым деп сен,
Бір бақытқа кенелем қаншама күн.
Жоғалтқан ек өзіңді көктем келіп,
Сәуірдің бұл екісі өктем келіп.
Түс кезінде бейқам боп отырғанда,
Алып кетті сол көктем дертпен келіп.
Келші әке, демеймін қайта маған,
Келмес жақтан деймін-ау, қайтама адам?!
Жансыз ғана бейнеңе үн қатамыз,
Қырық төртті көрсетер, қартаймаған...!
Сағынышым артады әр күн сайын,
Жиырма екі жыл құрап күн мен айын.
Әкетайым өзіңді еске аламын,
Мұңайғанда, шаттана күлген сайын...!
Уақыт емші дегендей, күн өтуде,
Жұлдызды аспан, жарық ай, түн өтуде.
Қанаттанып келемін, жігерленіп,
Тамыр жайып бағыңды гүл етуге...!
Өлең жаздым тағы да өзіңді ойлап,
Сол бақытты, балалық кезімді ойлап.
Өз-өзімнен күш алып, қуаттанам,
Сол кездегі бізге айтқан сөзіңді ойлап.
Сағы сынбас, әкетай батыл қызың,
Оқырманы үн қатар, ақын қызың.
Өзің салған дара жол, адалдыққа,
Жақсылықты жасауға жақын қызың...!
Өзіңізге жазамын талай өлең,
Қамалымды өлеңмен қалай берем.
Жаның сенің жәннәттан болсын деп мен,
Суретіңе сағына қарай берем...!