№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Асқар Мұқият | |||
2. | Роман Бұрқаш |
Жігіттер сөзге терең бойласаңыз,
Кішкентай ми тәніңді басқарады.
Жалындаған қызыл өрт байқасаңыз,
Жарқ еткен бір ұшқыннан басталады.
Алланы танып адам ұғынады,
Жұдырықтай жүрекпен сезеді де.
Тым биік бәйтерек те жығылады,
Кішкене құрт түскенде өзегіне.
Іздесең сұрағыңа жауабыңды,
Бір аят көңіліңді тоқ қылады.
Таудай қылып жинаған сауабыңды,
Тарыдай тәкаппарлық жоқ қылады.
Шоршып жүрген шортандар теңізінде,
Тым кішкентай қармаққа ілінеді.
Көртышқандар үңгітіп қазған інге,
Жер тарпыған тұлпар да сүрінеді.
Теңізді тіліп өткен кемелерді,
Кішкентай тесік суға батырады.
Бірлігі сөгілмеген кемел елді,
Азғантай бүлік келіп сапырады.
Кемерінен тасыған дариялар,
Кішкентай тамшылардан құралады.
Ордалы отау тіккен жанұялар,
Кішкене тапшылықпен сыналады.
Ұсақ боп көрінгенмен көзіңізге,
Қиыршық тас жиылып тау болады.
Бір ауыз айта салған сөзіңізге,
Бүкіл ел бүлінетін дау болады.
Кішкентай кілтің үлкен үміт берсін,
Қақпасын ашар зәулім сарайлардың.
Мылтықтың да кішкентай шүріппесі,
Басына қайғы орнатқан талайлардың.
Жәннаттан үй болады-ау тіккеніңіз,
Сәл шыдап тұра алсаңыз сертіңізде.
Меңдей дәрі болса да ішкеніңіз,
Дауа болар мен деген дертіңізге.
Намазға да аз уақыт қимасаңыз,
Жоқ болар ақыреттің болашағы.
Кішкентай күнәларды тимасаңыз,
Тым үлкен күнәларға жол ашады.
Жетпессің биік шыңға-ау терлесең де,
Кішкентай қыр басына шықпасаңыз.
Үлкенге қолың жетпес сермесең де,
Қадірін кішкентайдың ұқпасаңыз.