№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Анарбек Қозбақов | |||
2. | Исраил Сапарбай |
Жетімдерді қарғама,
Жесірлерді алдама.
Түңілсең де тірліктен,
Тіл тигізбе Аллаға.
Жетім өсіп, ержетер,
Жесір бесік тербетер.
Анда-санда Алланы,
Аузыңа алсаң не кетер?
Пенде екенің кәдімгі,
Пешенеңнен мәлім-ді.
Артық болмас білгенің,
Аяз бидей әліңді.
Аурудайын асқынба,
Өзіңе-өзің қас қылма.
Ардан да асыл жер жатыр,
Аяғыңның астында.
Алды-артыңа қарай біл, –
Манап қайсы, малай кім?
Бақыт, бақыт тар келген,
Тақымына талайдың.
Әлсіз деме момынды,
Мінсіз деме жолымды.
Жарлы екем деп жалпыға,
Жая берме қолыңды.
Отызыңда ойынды,
Қой да, түзе бойыңды.
Мықтымын деп әркімге,
Сілтей берме сойылды.
Жақсы жатып, жай жүрген,
Ортақтасар қайғыңмен.
Талай-талай тарпаңға,
Таңба түскен тай күннен.
Тәубаңа кел, тәубаңа,
Таудай пәле даулама.
Тозақ отын тілеме,
Тұзақ құрған жауға да.
Болмашыға тарылма,
Жолдасыңа жағынба.
Жарлы болсын, жат болсын,
Жақсы жүрсін жаныңда.
Түссе көздің қиығы,
Кетер көңіл күйігі.
Шешіледі, шыдасаң,
Темірдің де түйіні.
Байлығыңды бұлдама,
Айдыныңды былғама.
Сауабың мен күнәңді,
Жазып берер Жылнама.
Өміріңді тұл қылма,
Тамырыңды жұлдырма.
Алтыны бар құмның да,
Құдайы бар құлдың да.
Ақ-қараны пайымда:
Алдыңда көп айырма.
Ақыреттік орныңды,
Аманыңда дайында.
Кәлимаға тіл сындыр,
Құдайға қол ұмсындыр.
Өлім деген – жұмбақ ән,
Өмір деген – тылсым жыр!
Көбік сөздің өтемін,
Көптен сұрап нетемін?
Ұмытпайын мен де енше,
Аз сөз – алтын екенін.