№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Гүлжан Сағидулла | |||
2. | Марита Қабижанқызы |
Елім қайда еңсесін тік көтеріп жүретін?
Ерлер қайда ел үшін білектерін түретін?
Жерім қайда төрт түлігі еркін жайлап жүретін?
Кенім қайда әз халқым, еміреніп еметін?
Патша қайда халқының көсегесін көгерткен?
Пенде қайда патшасын сүйіп өтер жөргектен?
Пейіл қайда ниет пен пиғылдарды төлдеткен?
Иман қайда жүректі шөл даладай шөлдеткен?
Төре қайда шындықты қара қылша жаратын?
Бөле қайда тым жақын туыс болып қалатын?
Көне қайда, мұрағат төрден орын алатын?
Өре қайда рухыңды намысыңа жанатын?
Биім қайда пұл үшін бүйректерді бұрмайтын,
Күйім қайда қуатты, сынақтарға сынбайтын,
Үйім қайда үкілі, шаттығымды шыңдайтын?
Үнім қайда өзекті, өршеленіп тынбайтын?
Тілім қайда жетпіс жыл мәжбүрленіп кесілген,
Ділім қайда бабаларым ұрпақтарын өсірген?
Білім қайда, ақшаменен шұрықталып тесілген?
Дінім қайда, арабшыл, дүмше молда өшірген?
Қызым қайда қырық үй жамандықтан тиятын,
Ұлым қайда әбзелін ұқыппенен жиятын?
Келін қайда иіліп, сәлем салып тұратын,
Күйеу қайда, қайын жұрт жан-дүниесін ұғатын?!
Ене қайда елпектеп, үйрететін білгенін?
Ата қайда үлгі ғып жүрген ісін ізгі мың?
Ұста қайда, шәкіртке сеніп берер тізгінін,
Ұстаз қайда марқайып, алға тартқан үздігін?
Бүркіт қайда қансонар томағасын шешетін,
Тазы қайда ашқұрсақ, тынбай ізді кесетін?
Әже қайда қылшықтан еспе арқан есетін?
Ұрпақ қайда, көне іс көкірегін тесетін?
Қайда қазақ, қайда ұлт, тарихы бар өлмейтін?
Көрсоқыр көп, қайтейін, атанды да көрмейтін.
Тілің өлсе – ұлт өлер, көп қой мұны білмейтін,
Шығар ма екен ғұлама, мұның бәрін жөндейтін?
Өткенімді шын дейтін,
Дәстүрімді тың дейтін,
Салттарымды құн дейтін,
Бабам – Сақ пен Ғұн дейтін!
Бір Тәңірді Хақ дейтін!
Иман жолы нақ дейтін!
Мәңгі емес қой тақ дейтін!
Шекарамыз сақ дейтін!
Жерімді баспа, жат! – дейтін,
Халқыма қонсын бақ! дейтін!
Қайда, қайда қазағым,
Жоғалтқанды іздейтін?!