№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Марита Қабижанқызы | |||
2. | Қайрат Бестібаев |
Ата! – деймін! Сен мені естимісің?
Келгеннен соң өмірге сан күйді ішім.
Жоқшылықтан арылмай көз ашқалы,
Болды менің тауқымет ес жиғышым.
Көңіл қаяу болып жүр, жігерім құм,
Аталардың болушы ед, тілеуі мың.
Рұқсатсыз өмірге келгендердің,
Сенсең ата мен соның, біреуімін.
Білем бәрін, мен кәзір он үштемін,
Ненің дұрыс екенін, теріс ненің.
Әділетсіз қоғамды құрғандардың,
Айтқанымен мен ата келіспедім.
Байлық деген біреуді сайрандатты,
Білмей біреу, іздерін қайдан бақты.
Әке-шешем өмірге әкелерде,
Ақыл сұрау керегін ойланбапты.
Кешір ата! Әкемді, шешемді де,
Шуылдайды балалар..., көшем міне.
Түрі бөтен балалар шалқаяды,
Айтшы өзің, мен неге өсем бүге?
Кешір ата! Жақсы адам шешем менің,
Қиындыққа көрсең ғой төселгенін.
Әттең-әттең ауылда жұмыс болса,
Тастап бәрін қалаға көшер ме едің.
Білсең ата әкем жан аңқылдаған,
Табысы да көп емес, там-тұмдаған..
Қу сананы бұл күнде тұрмыс билеп,
Арасы шешемізбен салқындаған…
Тек елес пен арман бар санада құр,
Түк білдірмей жұтынып қала жатыр..
Жаңа асса да қырықтың қырқасынан,
Шашы ағарып әкемнің бара жатыр.
Жаба алмай алған қос несиесін,
Пәтерақы тауып жүр кеш иесін…
Айтшы ата қайда сол бір түп жусан?
Кім жеп қойған қозының несібесін?
Талай болды әкеме қақсағалы,
Мектеп таяу. Жақында басталады.
Маған киім әперсе бар ақшаға,
Үйде отырған екі інім аш қалады.
Бәрі мұңды мен үшін дала мұңды,
Жұтып қойған дәл мендей қала мыңды.
Көштен қалған қозыдай ақсап жүрмін,
Қажап тастап бәтеңкем аяғымды..
Жүрсе дағы қалыспай еріп арман,
Тек жоқшылық шығады желіп алдан.
Еліміздің естідім бар байлығын,
Бір жүз алпыс екі адам бөліп алған.
Ілесе алмай тағдырдың жетегіне.
Кейде анамның жас толар етегіне.
Айтшы ата кім екен елімізді,
Айналдырған ұрылар мекеніне?
Неге ата сәбилер өртенеді?
Қайда сол бір сен айтқан ертегі елі?
Неге аналар лақтырып балаларын,
Паналайды түн болса жертөлені?
Ауыртпалық әрине қыста басым,
Жүйке тозар жоқшылық қыстағасын…
Көріп пе едің ананы өміріңде,
Тұншықтырған көлге әкеп үш баласын?
Сенуге де қорқамын біреуге мен,
Кіріп алса шықпайды үрей деген.
Қабақ шытып келсе егер жұмысынан,
Кейде әкеме қараймын үрейменен…
Қатты айтсам , ей, ата, ғафу ет те,
Мүмкін болар , орынсыз батыл өкпе.
Оққа ұшқан қаңтарда Айкөркеммен,
Не дер едің жолықсаң ақыретте?
Кетті бала ақсаңдап аталаған,
Көздеріне жас толып боталаған.
Ойламаған ұрпақтың болашағын,
Мына атам, не деген қатал адам?!
Ойламаған ұрпақтың болашағын,
Мына атам, не деген қатал адам?!