№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Марита Қабижанқызы |
Күн тұтылды, күн тұтылды деп жатыр,
Әңгіме де көбейді, абыр-сабыр.
Ақыр заман болады деп шошып жүр ғой,
Қара аспан төнгендей, кейбір пақыр.
Ойламай сөйлейтіндер болады екен,
Ой-санасы олардың шолақ екен!
Алып-қашпа сөздерден құлақ тұнады,
Түбі не болады деп алам секем!
Қарттарым жүр жастарға ілесе алмай,
Сабырсыз боп кетіпті, жас баладай.
Салиқалы сөздерді айта ма деп,
Құлағымды түремін мен де талмай!
Көпшілік қосылған бір жиын тойда,
Жақсы сөздер айтайық, осыны ойла.
Ғибрат болар қазақта сөз жетерлік,
Абай атам айтқандай, терең бойла!
Жақсы сөз-жарым ырыс деуші еді,
Нақыл сөзге, зейін сап көрші енді.
Ойламай сөйлемеңдер деген бабам,
Сөз қадірін ұғар деп, бізге сенді.
Ақыр заман болмағай еш уақытта!
Тырысайық жетуге мол бақытқа!
Жақсы сөз құдіреті тең келмейді,
Алтын, күміс, бағалы тас, жаһұтқа!
Жақсылықты істейсің, өзің үшін,
Кей пендеден жақсылық қайтпауы шын!
Шыға алмай тұрғанда тұңғиықтан,
Сауапты ісің береді оң қол ұшын!
Сергелдеңге салмайық басымызды,
Төкпейікші бекерден жасымызды!
Жылы сөзбен күш беріп айналаға,
Ойнап-күліп ішейік асымызды!
Бір ауыз сөз жеткізер сан күдікке,
Бір ауыз сөз мінгізер сәйгүлікке!
Ұрпаққа мағыналы сөз қалдырсақ,
Ғибратыңды ұмытпас мәңгілікке!
Өсиеттер қалдырды бабамыз да,
Сіңірдік дәстүр-салтты санамызға.
Сөз сүйектен өтеді дейді қазақ,
Тек жақсы сөз жүрсінші арамызда!