№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Марита Қабижанқызы |
Берекені азайтпаған үйімнен,
Қыша тастың ырысы бар үйілген.
Астық піссе тары менен бидайдан,
Ұн жасайтын анам, тартып диірмен.
Алдын-ала анам жұмыс бастардан,
Жаюшы еді жерге үлкен дастархан.
Жан-жағына шашылмайтын ұн сонда,
Бұл сөзімді көзбен көрген растар жан!
Дәнді, әуелі қолмен үгіп алатын,
Ортадағы үңгісіне салатын.
Диірменді айналдырса әп-сәтте,
Түсі әппақ ұнға айнала қалатын.
Балалықпен қызықтайтын кез өткен,
Үңгісіне бидай салып кезекпен.
Ұнтақталған диірменнің өнімін,
Біз таласып өткізуші ек електен.
Ұрпақ үшін үлгі болып қалатын,
Қайран анам істің көзін табатын.
Диірменді таза ұстап баппенен,
Ақ матамен үстін оның жабатын!
Ұмытқам жоқ бала кезді әлі мен,
Не бар асқан таба нанның дәмінен.
Диірменнен шыққан ұннан пісірген,
Қуантатын анам күлше нанымен.
Бар болатын екі қыша таста құн,
Қанша еңбекпен келуші еді әппақ ұн!
Бізді еңбекке баулу үшін әкеміз,
Бір диірмен әкеп берген шап-шағын!
Естен кетпес сол тәрбие әлі күн,
Бұл еңбекте жатыр қанша тағылым!
Диірменге бидай тартып өстік біз,
Қасиетті нанның біліп қадірін!
Өкінішті, дерек қазір аз-ақ тым.
Диірмен – бұл бірі еді ғажаптың!
Дәріптейік, биік болған бағасын,
Тұрмысында көшпелі ел қазақтың!
Бұрын – қазақ, бүгін – қазақ атымыз,
Ұмыт болып кетпесінші затымыз!
Диірменнің орны бөлек қазаққа,
Ұмытуға жоқ қой оны хақымыз!