MediaStar.kz
Қазақ әндерінің деректер қоры
Жүйеге кіру
Электронды пошта:
Құпиясөз:

Құпиясөзді ұмытып қалдым

Тіркелу









Өнер жолы
Гүлбақыт Қасен
Автордың өнердегі есімі (автор халыққа қандай есіммен таныс):
Гүлбақыт Қасен
Топтама нөмірі және автордың деректер қорына тіркелген күні:
№4, 1 желтоқсан 2021 жыл
Өнер жолы:

«
»
Туған жері және жанұясы
Автордың толық аты-жөні:
Қасен Гүлбақыт Тоқтамқызы.
Туған жері:
Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылы.
Әкесі. Мамандығы:
Тоқтам Қасенов – қойшы, бес уақыт намазын қаза етпеген жан болған.
Анасы. Мамандығы:
Сейілхан Қасенова – қарапайым шаруа адамы , батыр ана.
Жары. Мамандығы. Балалары. Мамандығы:
Мәулен Адамбеков – педагог. Балалары: Дархан Тоқмұханбет – заңгер.
Білімі
Алғашқы мектебі. Сынып жетекшілері:
Панфилов ауданы, Айдарлы ауылы. Айдарлы орта мектебі. Гүлсім Өмірова.
Жоғарғы оқу орны. Қандай мамандық бойынша білім алдыңыз? Тәлім алған ұстаздары:
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, филология факультеті. Қарлығаш Сарбасова, Роза Оспанбекова, Сайлау Қожағұлов, Дүйсен Аңсабаев, Мұса Бейсембаев, Зауре Еркімбекова, Оразгүл Мұхатова, Мұратбек Иманғазиев.
Өнер жолын таңдау себебі:
Ақындық өнер – Алланың берген сыйы, бойдағы ерекше қасиет.
Спорт
Спорттың қандай түрімен шұғылданасыз? Бұл спорт түрі Сізге несімен ұнайды?:
Волейбол, стол теннисі.
Сіздің ойыңызша, еліміздің спорт саласында қандай басты мәселелер бар? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Спорт - денсаулық кепілі. Бізде ауылдағы балалар мен жасөспірімдерге спортпен айналысуға мүмкіндік жасалу керек. Ауылдарға спорт кешендері салынып, білік мамандар тартылса, болашақ чемпиондар шығады.
Біздің ақпарат
Туылған күні:
1975-08-18.
Шығыс жұлдызнамасы бойынша белгісі:
Қоян.
Зодиак белгісі:
Арыстан.
Сүйікті көлігі:
Тойота.
Сүйікті орындаушы:
София Ротару.
Сүйікті актері:
Асанәлі Әшімов.
Сүйікті киносы:
Менің атым Қожа (Нұрлан Сегізбаев, Гүлнар Құрабаева, Марат Көкенов, Зағи Құрманбаева, Раиса Мұхамедиярова). Қазақстан, 1963.
Сүйікті жазушысы:
Оралхан Бөкей.
Сүйікті кітабы:
Көшпенділер. Ілияс Есемберлин.
Сүйікті тағамы:
Сүт.
Сүйікті спортшысы:
Жақсылық Үшкемпіров. Грек-Рим күресі.
Сүйікті мезгілі:
Көктем.
Өмір және көзқарас
Сіздің махаббатқа деген көзқарасыңыз. Сіз махаббатқа сенесіз бе? Шынайы махаббат қандай болуы керек?:
"Махаббатсыз өмір бос" дейді Абай. Махаббат – ол өмір. Махаббат – ол сезім. Махаббат – ол сағыныш. Махаббатқа сенемін. Шынайы махаббат – таза жүректе сақталады, мөлдір сезім бар жерде махаббат өшпейді.
Сіздің достыққа деген көзқарасыңыз. Сіз достыққа сенесіз бе? Нағыз дос қандай болуы керек?:
Махмұд Қашқари: "Дос адам – сарайыңды жұмақ етер" деген екен. Дос болуды, достыққа адал болуды өмір үйретеді. Басыңа іс түскенде қасыңда қалатын һәм жанашыр, жылатып айтатын дос – нағыз дос. Достыққа сенемін және адал достықты қолдаймын.
Сіздің ойыңызша, еліміздің білім саласында қандай басты мәселелер бар? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Білімді, жан-жақты тұлға тәрбиелеу – заман талабы. Ол үшін ең алдымен, мұғалімердің біліктілігі жоғары болуы тиіс. Білім саласындағы өзекті мәселе – білімді саудаға салу, жемқорлыққа жол беру. Білікті, мықты мамандар тапшылығы да бар. Егер ауыл – қазақтың алтын бесігі десек, ауыл мектебінің жағдайы мәз емес. Ауылдағы балабақша, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жақсы мамандарды тарту қажет.
Сіздің ойыңызша, еліміздің өнер саласында қандай басты мәселелер бар? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Ғасырлар бойы қазақ өнері өз жалғасын тауып келеді. Ел іші - өнер кеніші. Нағыз өнер майталмандары ел ішінде, оларды танып, шығара білу керек. Өнер саласындағы мәселелер:
1. Нағыз таланттылар ауылда, оларға қолдау қажет. Ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері, кітапханаларды қалпына келтіру керек;
2. Ән жазуда өлең сөзіне мән берілмейді. Өнердегі көркемдік кеңестерді қайта жандандыру керек;
3. Өнер жолындағы жастар кітап оқымайды. Кітапхана ісін қолға алып, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру қажет.
Сіздің ойыңызша, қандай мәселелер адамзат үшін жаћандық мәселе болып табылады? Оларды шешуге сіздің ұсыныстарыңыз:
Бүкіл әлемнің басты мәселесі - экология. Таза ауа, су, жасыл желек, табиғат байлығы жойылса - үлкен қатер. Мемлекет тарапынан ірі бағдарламалар жасалуы тиіс бұл мәселені тоқтату үшін.
Хобби:
Кесте тігу, құрақ құрау, домбырамен ән салу.
Ұраны:
Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр.
Автордың әлеуметтік желілердегі аккаунттары
Facebook – facebook.com:
Гүлбақыт Қасен, Gulbahyt Kasen.
Instagram – instagram.com:
gulbahytqasen.
Автордың байланыс телефондары
Жеке телефоны:
+77756372780.
Автордың электрондық деректері
Электронды пошта (e-mail):
gkasen777@gmail.com
Қосымша ақпарат
Автор (орындаушы) туралы қосымша ақпарат:
"Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері. Тәуелсіздікке 25, 30 жыл мерекелік медальдармен марапатталды. Халықаралық Әлішер Науаи атындағы медальдің иегері.
"Студенттер көктемі", Үкілі үміт" фестивальдары, "Мағжан көктемі" өнер фестивалі, "Бір ән, бір өлең" жобасына қатысқан.
Сұрақтарға жауап берген кім және/немесе сауалнаманы толтыру барысында қолданылған ақпарат көздерінің тізімі:
5 сәуір 2022ж., сұхбат берген автордың өзі. Сұхбаттасқан Асыл Ақшолақов.
Фото суреттер галереясы

І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің студенті. Талдықорған, 1996

Анасы – Сейілхан Төреханқызы және ақын, жазушы, сазгер Базархан Жақыбаев. Жаркент, 2019

Ұлы Дархан мен мәдениет саласының үздігі, әнші Эльмира Дәуренбекова. Талдықорған, 2017

"Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатау сәті. Талдықорған, 2014

Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлымен. Анкара, 2021

Халықаралық Әлішер Науаи атындағы сыйлықпен марапаттау сәті, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбековпен. Бішкек, 2021

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов және Есенғали Раушанов, Заида Елғондинова. Алматы, 2018

Алматы облысының қоғам қайраткерлерімен бірге мемлекеттік қызметте. Талдықорған, 2018

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеевпен. Алматы, 2015

"Дара жол" бағдарламасы. Мейірхан Ақдәулет, Заида Елғондинова, Ханбибі Есенғараева, Әміре Әрін. Астана, 2017
Автор әндерінің тізімі



Әннің атауы мен авторлары Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары
1 2 3
1.Ақ халатты абзал жандар
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Бағлан Бәбіжан
2.Гитара – әуен
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Анарбек Қозбақов
3.Жетісудың қыздары
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Әли Алпысбаев
4.Көркем-ай
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Әліби Бегайдар
5.Мен қазақтың қызымын
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Гүлмира Асылхан
6.Менің жаным
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Анарбек Қозбақов
7.Наурыз жыр
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Мұратбек Сарбасов
8.Сүйем сені бүкіл қазақ даласы
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Бақберген Асқарбеков
9.Талдықорған
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Бақберген Асқарбеков
10.Туған жер
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Бақберген Асқарбеков
11.Қуанам
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Айгүл Мақашева
12.Құлпынай-ән
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Анарбек Қозбақов
13.Ұлы дала
Сөзі: Гүлбақыт Қасен
Әні: Бақберген Асқарбеков

Автор өлеңдерінің тізімі
Бұл бөлімде әлі музыкасы жазылмаған автордың еңбектері жинақталған

Туған жерім –

Алтын бесік Айдарлым,

Күннен ыстық, ажарлысың айдан мың.

Түлеп ұшып кетсем дағы құсың боп,

Тілекшің боп кіндігіммен байландым.

 

Сенде қалды балалығым балдырған,

Бақ түбінде тәтті ұйқымды қандырғам.

Табанымда ізі құмның, тікеннің,  

Таңдайымда кілегей мен тандырнан.

 

Сенде өткіздім тәтті бала күнімді,

Күлдім, жылап, тізем неше бүлінді.

Жүгерінің шашағынан шаш өріп,

Тердім жусан,  жиде, бақбақ гүліңді.

 

Сен шығардың менің ана тілімді,

Өзің бердің ең алғашқы білімді.

Бестас ойнап, алтыбақан түбінде

Ертегі оқып көзім әрең ілінді.

 

Сенде қалды достар бала күндегі,

Албырт сезім алма ағашпен гүлдеді.

Топырағыңнан түлеп ұшқан жастарың

Қандай арман жетегінде білмедім.

 

Сенде ұстаз ұлағаты жатталған,

Дәптерінде қалды арманым ақтарған.

Дүниенің төрт бұрышын шарлатса,

Сыр ұғушы ек қанаты жоқ хаттардан.

 

Сенде қалды көршілердің көңілі,

Туғандайын мейірімі төгілді.

Бір шәугім шай – бөлінбеген еншісі,

Қимас жандар той ететін төргі үйді.

 

Сенде мәңгі баба ескерткіш, мазары,

Қазыналы қарттарым мол ғажабым.

Алтын ауыл бұзылмаған қаймағым,

Бесігіңде тербелсінші қазағым.

 

Туған жерім –

Алтын бесік Айдарлым,

Күннен ыстық, ажарлысың айдан мың.

Жерұйығым,

Құдіретіңе бас иіп,

Қасиетті топырағыңнан айналлым.

Жыр арнадым Жетісуға – адал, ақ,

Қадірімді арттыратын бағалап.

Жақсы жандар қанатымды қатайтып,

Тұлпарымды берген еді тағалап.

 

Кейде өмір тасып жатты төгіліп,

Кейде көңіл – қабырғасы сөгіліп...

Сөзің болып тізіліп ем моншақтай –

Өрістедім өлең-жыр боп өріліп.

 

Дархан жүрек – кеңдігіндей даланың,

Асқақтай ма, аспандай ма дара үн?

Нота болып қосылып ем пернеңе –

Күмбірлеген күй боп шалқып барамын.

 

Күміс су да көз тартады жарқырап,

Жақсы жерде жайқалмай ма бал-құрақ?

Бұлақ болып қосылып ем арнаңа –

Өзен болып ағып барам арқырап.

 

Сәтті күнде күнім күліп, шығарай,

Жақсы істерді жүрем естен шығармай.

Шыбық болып қадалып ем шыңыңа

Тамыр алып биіктедім шынардай.

 

Даналықтан көп дүние ұқтым мен –

Гүл әлемге жыр арнадым шық тілмен.

Жота болып жалғасып ем төбеңе 

Талаптанып таудай болып шықтым мен.

 

Құрмет тұтам жақсыларды – асылды,

Бар қуаныш...

Жанарда жас жасырды...

Тамшы болып тамған аппақ тілектер –

Көл боп шалқып, мерейімді асырды.

Аңдамаймыз...

ақ жүректі жандар бар.

Жақсылықпен қарсы алатын таңдар бар,

Үзілуге шақ қалды ма соңғы үміт –

Саңылаудан сәуле тамса таңданба.

 

Титей сәуле өміріңді нұрлы етер,

Тағдырыңа өкпе айтпа құр бекер.

Мына өмірден патша да өтер арманда,

Риза болып тағдырына құл да өтер.

 

Титей сәуле үмітіңді жалғайды,

Қанат бітсе көңіл көкке самғайды.

Сабыр, сабыр...

барлық нәрсе сәтімен,

Алма ағашы мезгілсіз гүл жармайды...

 

Қуана біл бес күн өмір жалғанда, 

Қол созады ең аяулы арман да.

Бір қиындық – мың жақсылық бастауы,

Несібең де ең бақытты таңдарда...

Белжайлау, өлеңім, өрнегім...

Аңсатқан көктемде, жазда да.

Жайлауым, ырысты төр ме едің,

санамда сурет бар аз ғана...

 

Белжайлау – бабалар мекені,

Ғасырлар ізі бар кешегі.

Мезгілдің самалы, желкемі

Өзіңде қоңыржай еседі.

 

Белжайлау, бұлағың тұп-тұнық,

Аптапта шөлімді баса ма?

Даланың кеңдігін ұқтырып,

Тұрсың-ау, сенен жер аса ма?

 

Белжайлау, ғашықпын көркіңе,

Көркіңе керімсал тамсанам.

Жіберсе, шіркін-ай еркіме...

Белжайлау, кешіңде ән салам.

 

Белжайлау, мен түбі өзіңе

Бір барам.

Ойымнан шықпайсың.

Әдемі көрініп көзіме –

Алдымнан құлпырып шыққайсың.

Көп жандарда болар бәлкім сан арман,

Нұр құйылсын жүрекке, ой-санаға.

Жалғыздықты ұққың келсе сәлем бер,

Шаңырақта от маздатқан анаға.

 

Бетке айтар шындық сөзден танамыз,

Ізгілікке толы болсын тамам іс.

Жалғыздықты білгің келсе қолын ал,

Көңілі пәс, ақсақалдың тарамыс.

 

Шөл далада қанша бұлақ қосылды,

Кіл мықтылар тосын сыннан тосылды.

Жалғыздықты түсінерсің еске алсаң,

Жолайрықта қалып қойған досыңды.

 

Туыс үшін жүрек қанша ауырды,

Бір мұң басар, ойлай берем ауылды.

Жалғыздықтың жайын білгің келсе егер,

Іздеп барғын бірге туған бауырды.

 

Аяқ асты түнергенде ашық күн,

Ай күлсе ғой қабағынан қашып мұң.

Жалғыздықты сезем десең жүрекпен,

Кейпіне ен мәжнүн болған ғашықтың.

 

Ей, жалғыздық,

мұңын шерткен көңілдің,

Шымылдығын түрер жалған өмірдің.

Күйкі тірлік жанды уатар, жүдетер,  

Қобыз сарын...

Қоңыр күй боп төгілдің.

Жетелейді арман, мұрат, мақсаттар,

Үлкен сынақ – лайық болу жақсы атқа.

Тілейтінім мәртебелі тілімнің,

Құт  қадамын ешуақытта ақсатпа.

 

Қол жеткізер біреу ғажап арманға,

Сырты әдемі дүниеге алданба.

Ең көркемі, ең сұлуы – ана  тіл,

Жәутеңдетпе оны өзгеге жалғанда.

 

Жетер біреу таудай асыл мұратқа,

Оңай болса оның сырын сұратпа.

Біздің байлық – ұлттың ана тілінде,

Өтінемін тілдің туын құлатпа.

 

Ұмтылады ұлы жандар мақсатқа,

Тілің үшін қиын істен бас тартпа.

Биік болсын тіліміздің тұғыры,

Ана тілдің абыройын асқақтат.

 

Ана тілден бастау алар даналық,

Тілімізбен болашаққа баралық.

Тілге қызмет – әр азамат борышы,

Бойда болсын жігер, намыс, саналық.

Жүрегімнің хақ төрінен орын алған мекенім,

Жаркент жерім, жарқын болсын болашағың, ертеңің.

Қасиетті ана тілдің мәртебесін көтерген

Рухы биік ел-жұртымды  сүйіп, тағзым етемін.

 

 

Байтақ далам, ұл-қызыңды  бала құстай баптадың,

Тамыр алып мен өзіңнен жаңа өмірге аттадым.

Туған өлкем, тау көрінер әрбір шоқың мен үшін,

Бұл ғаламнан дәл өзіңдей жер шұрайын таппадым.

 

 

Тарихымнан сыр шертетін жерім дархан еңселі,

Таңғалдырар шаһарыма артар үміт, ел сенім.

Жетісудың бір уығы, мықты болсын керегең,

Шаңырағыңды биіктетіп, мақтан етем мен сені.

Сезбеймін сиқырын ғаламның –

Тағдырым – ұшында қаламның.

Тұтқыны боп өтем өлеңнің...

Жарымын жыр атты қағанның.

 

Сөзімнен соғамын жыр мүсін,

Бедерлеп ұлылық үлгісін.

Мен мәңгі берілдім музаға –

Сен мені таба алмай жүрмісің?..

 

Мен айға ұмтылам қалайда,

Сен мені іздеме, жарай ма...

Нұр болып оралам бір күні,

Айналған әдемі арайға.

 

Адалдық танытам жырыма,

Қанық бол тұңғиық сырыма.

Жүректі шыңдаймын болаттай,  

Төзуге тағдырдың сынына.

 

Тосыннан кез болар сын деген,

Жанарда мөлдірер мұңды өлең.

Жаныма араша – ар-намыс,

Қаныма жат қылық сіңбеген.

 

Өлең-жыр – өмірім, ардағым,

Жеткізер бақытқа арманым.

Тәуба деп оянам әр таңда,

Ақынмын.

Құлымын Алланың.

Жат жердің тауы биік, тасы бөтен,

Асқар шың асуларын басып өтем.

Аспанын мекен етем мен уақытша,

Өзіме ай мен күнін ғашық етем.

 

Дос етем жұлдыздарын жымыңдаған,

Айтады сағым дала сырын маған.

Орманы адастырмай жол көрсетіп,

Құстары құлағыма сыбырлаған.

 

Кернеген саф алтындай ауасы кең,

Емделем жұпар желдің дауасымен.

Бөтендік танытпады адамдары,

Мүсәпір жолаушыдай адасып ем...

 

Шөлімді басам мөлдір бұлағымен,

Көк майса сұлу әркез құрағымен.

Тіршілік бір өзіңнен өсіп өнген,

Қара жер, менің мәңгі тұрағым ең.

 

Қазақтың әр даласы – өз мекенім,

Несіне жат жер ғой деп сөз етемін...

Жатсынбай құшағына құлай бердім,

Аңқыған жусан иісті боз бетелім.

Бесік жыры – бастауындай бар әннің,

Сөнбейтұғын сәулесіндей санамның,

Тұздығындай тәмсіл сөзі анамның:

Белі сынған бесігі жоқ ананың,

белі тынған бесігі бар ананың...,

Бесігімде – әлди үні даламның.

 

Ойландырар есті сұрақ, есіл мұң,

Жасағанда танбай өмір кесімін,

Күзетемін балалықтың есігін,

Есейгенде жиі енеді түсіме...

беске дейін тербеген ақ бесігім.

 

Мәпелеген, құс ұшырмай төбемнен,

Үкілеген,

Болашағын бөлеген,

Құндақтаған бесік жырмен, Өлеңмен,

Жәдігерім – он балаға құт болған,

сол бесікті жұмағымдай көрем мен.

 

Төрт бұрышын шарлап шексіз ғаламның,

Аңсағанда жусан иісін даламның,

Ертегі ой мен қиялына енемін

Бесіктегі бес жастағы баланың...

 

Өлеңіме сырлы өрнек жасырып,

Ең аяулы арманыма бас ұрып,

Сәбидейін ерте шыққан емшектен

Қоштасқан ем ауылыммен асығып...

 

Топыраққа табанымды тигізген,

Күн нұрына маңдайымды сүйгізген,

Тал бесіктен жер бесікке жеткенше

Қараша мен ханның басын игізген,

Құдіретті ауылым.

Көңілдің де қысы, жазы, күзі бар,

Ал, көктемде сұлулық бар біз ұғар.

Теңіз толқып, тау теңселіп кеткендей...

Жыр ғұмырда қандай сыр бар қызығар?

 

Сүйіп кеткен, сүйікті еткен, көктемім,  

Мен өзіңмен – биіктемін, көктемін.

Қалап тұрам құс біткеннің ән салып,

Алтын күннің шұғыласын төккенін.

 

Көк белдердің гүлдегенін қаладым,

Алма ағаштың бүрлегенін қаладым.

Мені көріп мейірімді Жер-Ана:  

деп тұрғандай айналайын, қарағым.

 

Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –

...Құсжолымен жетелейді бір әуен...

Мына өмірге қайта келу бұйырса:

Мен бәрібір ақын болып туар ем,

...Ең бақытты ақын болып туар ем!

Жанарымда – бүтін ғалам,

Жүрегімде – жарты әлем,

Өлеңіммен егіз өмір, сөзбен биік мәртебем.

Өлеңшөбі құмарлыққа сүңгітеді шайырды:

Табиғатта да толғатады...

Қара тас та мәрт ерен!

 

Топырағыңды сүйдім сенің, Қоңырөлең, көктемде,

Қара жерге Тәңір ақ қар, құсқанатын төккенде.

Буынды алып жұпар иіс мені дағы мас еткен –

Ақын қыздың бұл бақытын,

О, Жаратқан, көп көрме!

 

Қоңырөлең,

Сезіндірген құдіретін өлеңнің,

Сол бір қоңыр шөптің тәтті иісін аңсап келемін.

Самалаңа шомыламын, самалыңа сүйсінем –

Бабам өткен осы жерде түбі мен де өлермін...

 

Қоңырөлең, бас сал мені, көңілдегі жайды ұқта,

Тасқа біткен көк өскіннің сырын ұқпау лайық па?..

Ой – қорғасын.

Балқытады бұлт жасырған мұң-шерді –

Отырамын көзді жұмып мастығымнан айықпай...

 

Көзімді ашсам, бар ләззатым ғайып болып кетердей,

Талықсимын дір-дір еткен кірпігімді көтермей.

Ол көктем мен бұл өлеңнің арасында өмір бар...

Таңдайдайымда – сезім дәмі.

Бал татымас бекерге...

 

Осы бір сәт тербетеді бүлдіршіндей жер төсін,

Аспан-жерде:

жібек шалғын, Күн шымылдық-пердесі.

Өлеңшөпке елітемін, мен өлердей мас болам –

Ал, өлеңім – күміс қанат...

Бірге ұшайық,

Кел, қосыл!

Жалғанда жан бар ма анаға тең келер?

Мейірім-шапқатын балаға тең бөлер.

Жұмақтың кілті де табаны астында,

Тірліктің көзі – өзі, өмірде – бас тұлға.

 

Көк аспан және анам – ең алғаш көргенім,

Биіктік, мейірім сүйреген өрге мың.

Мәңгілік сәби боп өтер ем еркелеп,

Жалғанда жағыпар келмесе ентелеп.

 

Анамның әлдиі – ақ бесік жырлары,

Көкейде уылжып әрқашан тұрғаны.

Анамның тілімен өмірді таныдым –

Дарыған бойыма өнеге, тағылым.

 

Анадан қабылдап инабат, әдепті,

Ою мен кестені үйрендім әдеткі.

Қос бұрым өргізіп, ағарып жаулығы –

Әлемді әдемі етуге баулыды.

 

Дәмді ас мәзірдің түр-түрін жасатты,

Кермек дәм жиілеп, көзімнен жас ақты.

Жеті нан пісіріп, аппақ боп білегі –

Ұл-қыздың бақытты болуын тіледі.

 

Анамыз ұяда біздерді тосады,

Немере, шөбере бал үнін қосады.

Алдымен анаңа, анаңа, сәлем ет!

деген сөз Құранда айтылған керемет.

Ананың алғысы – ақ нұры Алланың,

... Келемін тірліктің мен татып бал дәмін.

 

... Әкемнің ақылы – санамды билеген,

Ойланып қаламын оңаша үйде мен.

Әкемнің жігерлі сөзімен есейдім,

Теректей тәкәппар, асқақтау күйге енем.

 

Орнаған ептеген үйде сәл қаталдық,

Ауылда Ақшаның қыздары атандық.

Аузында – иманы, қолында – құраны,

Бақытты болсақ деп, Әкеден бата алдық.

 

Ақсақал атанып, бір басын сыйлы еткен,

Асырап асықтай алты ұлын үйлі еткен.

Қатардан қалдырмай жетелеп алдыға,

Серік боп жақсыға жүруді үйреткен.

 

Тым ерте жетім қап қиындық өткерген,

Тарамыс қолдары бейнетті көп көрген.

Басымнан сипаған сол қолдар мамықтай,

...Бүгінде қарайды томпайып бөктерден.

 

Мұра етіп төс, балға, ер-тұрман құралын,

Өсиет қалдырып, мәңгі етті тұрағын.

... Сен тіккен отаудың еңсесі биікте,

Сөнбейді, әкетай, соңыңда шырағың.

Сөзіңді еске алып, ойларым бөлінер,

Сағынып, иісіңді көзден жас төгілер.

Өрімді қамшыңыз төрімнен түспейді –

Әлі де жөн сілтеп жатқандай көрінер...

Шапанын киіп шабыттың,

Тиегін тілдің ағыттым...

Жүректен шыққан сөзді айтып,

Жауһардай жырды таныттым.

 

Түбінен сырлы сандықтың,

Шындықты танып, арды ұқтым.

Шамшырақ етіп елдікті,

Тарихта қалған сан мықты.

 

Шабуын таппай кетілген,

Балтадай кесек ет ілген.

Махамбет ақын сияқты,

Қайраса тағы жетілгем.

 

Қамалым берік бекінген,

Қағажу көрмей бетімнен.

Қасқайып тұрсам жырыммен,

Айыра қоймас еркімнен.

 

Тақылдап тұрар таңдайым,

Жарқырап тұрар маңдайым.

Алмастай шындық тілімде,

Ұсындың  деме қандайын.

 

Көңілім аппақ қардайын,

Сөздерім семсер әрдайым.

Қуат бер маған, Жаратқан,

Қанатым талмай самғайын!

Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?

Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.

Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім,

Ей, Өлеңім,

Мені қуант, тілімді ал!

 

Қуануға қақы бар-ау иеңнің,

Киелі Өлең, саған басты иемін!

Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,

Сен түсіндің, сол себепті сүйемін.

 

Қу жанымды шүберекке түйгенде,

Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.

Қол созасың тек сен ғана, Өлеңім,

Сағыныштың жыр қамытын кигенде.

 

Пана болмай салқар дала, көк аспан,

Жарық күнде жол таба алмай адасқам.

Ей, Өлеңім,

Сен төзіммен жеңесің,

Тек өзіңмен армандарым алға асқан.

 

Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,

Сені ұқпадым, түсінбедім демедің.

Барым да сен, арым да сен,

Өлең-жыр,

Сен болмасаң менің қанша керегім?

 

...ең болмаса, сезім қалса деп едім,

Сен аман бол, сен аман бол, өлеңім!

Өмір-ай, өмір...

Өзен-көл болып тасыған,

Құралғандайсың құралай көздің жасынан.

Жамандықтың да, жақсылықтың да іздері

Сіңгендей құмға, толқының шайып жасырған.

 

Тағдыр-ай, тағдыр...

Таулардай биік, құзар шың,

Қарсы алған жанды қиын белесің, ызғар сын.

Сәулеге зәру әділдік ойдың жартасы,

Сең болған мұздан табаны тайып ұзар шын.

 

Жалған-ай, жалған...

Ғарыштың көгі, аспаным,

Жолаушы жандар жолында көпір аспалы.

Тіреусіз көкте қарманар бұлт па, ауа ма,

Сезімнен қорқам ғайып боп кетер қас қағым.

 

Дүние базар...

Тылсым күш ғажап тартатын,

Тұңғиық түбің, кімдер бар сенім артатын?

Арманым болмас еді ғой ертеңгі күн үшін,

Қалдырсам жазып намыстың жырын, ар хатын.

Advert's photo
Ақпарат демеушісі:
Сіздің жарнамаңыздың мәтіні
Advert's photo
Сіздің жарнамаңыздың мәтіні
Ақпаратпен бөлісу
Әлеуметтік желілерде осы ақпаратпен бөлісу:

Пайдаланушылар пікірлерінің тізімі

Пікір қосу үшін жүйеге кіріңіз немесе біздің сайтымызға тіркеліңіз

Бұл авторға әлі ешкім пікір қалдырған жоқ. Бірінші болыңыз!








©2021 - 2024. MediaStar.kz – қазақ әндерінің деректер қоры
Барлық құқықтар сақталған!

Яндекс.Метрика