№ |
Әннің атауы мен авторлары | Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары |
1 | 2 | 3 |
1. | Алақандағы ай нұрым Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Алтын Маханбетова | |
2. | Ана Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Индира Елубаева | |
3. | Біздер, сірә, бөтенбіз Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Анарбек Қозбақов | |
4. | Балалық шақты аңсадым Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Алтын Маханбетова | |
5. | Беу өмір Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Индира Елубаева | |
6. | Бәлкім ғажап түс көрдім Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Алтын Маханбетова | |
7. | Жан азабым Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Айгүл Бажанова | |
8. | Жырла жүрек Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Мейрамбай Бектасов | |
9. | Жүгіріп-жүгіріп талмаймын Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Маржан Арапбаева | |
10. | Кездер қайда Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Мейрамбай Бектасов | |
11. | Күз кеуде Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Индира Елубаева | |
12. | Үмітті үзбе Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Индира Елубаева | |
13. | Әйел – ғұмыр Сөзі: Толқын Қабылша Әні: Индира Елубаева |
Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі емес,...
Атақ та, даңқ та, аярлық барда, алдамшы.
Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,
Арқама тимей ар қамшы.
Самалы таңның, саумалы жырдың жұтқаным,
Құлқынның құлын, сатқынның сырын ұқпадым.
Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,
Жақсының туын жықпадым.
Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,
Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым.
Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,
Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.
Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,
Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.
Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен,
Кінәсіз дедім, сақтадым.
Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,
Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ.
Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,
Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.
Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та баянсыз,
Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз.
Сағынып кешкен жылдардың самаласындай,
Көңілім ғана ,
Көңілім менің қаяусыз...
Сағыныш жоқ.
Жоқ сезім.
Сабылыс та.
Сәттер ғайып,
Аңсаған, алып-ұшқан.
Селт етпейтін қорқамын кескінімнен,
Жүректегі қорқамын жарылыстан.
Арман ғайып.
Нәп-нәзік үмітім де,
Жапырақтай кезім бұл үгітілген.
Мезгілдердің жоқ ешбір айырмасы,
Жоқ айырма, сәт, минут, күні, түннен.
Мейірімге мұқтаждау мезеттердің,
Өкінішін келді ме тез өткергім.
Қанат бітіп, еш жаққа ұша алмайтын,
Тоты құсқа тапанша кезеп көрдім.
Безіне алмас өзінен, тағдырынан,
Бейшара құс шырылдап, салды бір ән.
Күнге ұқсайтын көзімнен шуақ іздеп,
Бұлт астында өксиді жан шұғылам.
Тапқым келіп ең ізгі сәттерімді,
Парақтаймын күнтізбе, дәптерімді.
Күнбатыс пен Күншығыс арасындай,
Қайда апарып жасырам әттеңімді?
– Есіңде ме?
Ол мезгіл ақпан еді,
Қыламық боп қар түсіп жатқан еді.
Аппақ қардай жанымды аршып алып,
Сен мені қиянаттан сақтап едің.
Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,
Мен сені тағдырымнан тапқан едім.
– Есімде әлі…
Ол мезгіл көктем еді,
Бір іңкәрлік беймезгіл көктеп еді.
Бір нәзіктік сүйген сәт көктемені,
Қайтқан құстың сазындай сағынышпен,
Құдірет боп жанымды өбкен едің…
– Құстар, құстар, мегзейді көкте нені?
Беймәлім ғой, біздерге көк дерегі.
Адалдыққа ұласты көксегенім,
Сонау зеңгір куә боп қимастыққа,
– Аманат деп көз жасын төккен еді.
– Ал,қазір ше,
Ұқтырам көпке нені?
Мезгіл өтті. Бір үміт көктемеді.
Аңсарымды ай құшқан ғұмырымда,
Ақ жауынға несіне өкпеледім?!
Аманатқа қиянат ете алмайтын,
Адалдық қой.
Ол үшін сөкпе мені!
Ғажайыпқа бар жаныммен сенемін,
Сеніп өтем,
Сұрамаңдар себебін.
Ешбір адам өлшей алмас мен сүйген,
Кеудемдегі сағыныштың көлемін.
Жанарыма жарты әлемді сыйдырған,
Құдіреттей менің болмыс-өлеңім.
Сынамаңдар, неге осынша ғашық деп,
Сынамаңдар, жылап қалсам, жасық деп,
Сұрамаңдар өзге ешкімнен мен жайлы,
Алып-ұшқан сәттерімді тасып көп.
Өзге түгіл,
Өзім де ұқпас халім бұл,
Өзегімде өшпейтін бір жалын жүр,
Өліп-өшіп мен сүйетін ғұмырдың,
Өн-бойында бүлкілдейтін тамыр-жыр.
Мені осынша аяулы етті нәзіктік,
Минуттардың нотасынан саз ұқтым.
Мен осынша кінәсізбін Тәңірдей,
Мен осынша болам кейде жазықты.
Сезімімдей өлшенбейтін көлемі,
Ғажайыпқа сеніп өтем, сенемін.
Мен әлемді сүйем әлі сәбидей,
Сүйіп өтем,
Сұрамаңдар себебін!
Сәттерімде көктен сауға сұраған,
Сәттерімде жұбана алмай жылаған,
Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан.
Бейуақытта маған ессіз ұнаған,
Сен аман бол,
Мен сүйетін бір адам!
Ғаламымнан мыңға жұмбақ көрінген,
Аспанымнан кермиық боп керілген,
Жазмышымнан маған сый боп берілген,
Жақсы атыңды күбірлейін еріннен,
Сен аман бол, мен сүйетін бір адам!
Ғажайып та,
ғазал да емес, мұң да емес,
Ғайып та емес, ғарыш та емес, жыр да емес.
Жан біткеннен жасыратын сыр да емес.
Адалдықтың жаршысы боп жердегі,
Аман жүрші, әлдилеп мұң-кеудені.
Мені ешқашан сағынбайтын бір адам!
Аспаныма жазып кеткен кесімін,
Адалдық па сенің аппақ есімің?
Мендік болмыс, өзгермейді ол, нәзіктік,
Мендік болмыс, құбылмайды ол, кешірім.
Байқадың ба, арманымның қанатын?
Қанатыма кедергі емес қара түн.
Түн көгінде жарық көрсең, ол менмін,
Сағыныштан шамшырақ боп жанатын.
Сезесің бе, тазалықты мендегі?
Саф сезімді?
Сақтап тұрған кеудені?
Бір еркелік елжіресе көзімнен,
Сені аңсаған ғажайып қой жердегі.
Сенің барың, сүйеніштей жаныма,
Сенің барың, сүйеніштей арыма.
Қажет емес, сүйінгенің, сүйгенің,
Қона алмайтын құстай алақаныма.
Адалдық қой, сенің аппақ есімің!
Адалдықты сүйіп өтсем, несі мін?!
Менің атым, сол баяғы Сағыныш,
Менің атым, сол баяғы Кешірім.
Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар,
Тағдырым анық,
Түсіне алмайды мені олар.
Афродитадай Гефестті сүйген от болып,
Кеудемде ыстық жебе бар.
Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі,
Ақынның жаны –
Тағдырдың қилы шешімі.
Гомерлер сүйген Иллиада сынды дастаны,
Ғұмырым менің – от пенен судың кесімі!
Зевс те ұқпас, Ахиллес мәңгі құша алмас,
Мендегі сезім –
Тәңірдей тылсым, күш, алмаз.
Жер менен көктің арасын кезген құдірет,
Тәнті еткен мені күш алғаш.
Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар,
Дәл мендей биік ұша алмас!
Сұлу да деме,
Мифтегі мүсін – кейіпкер,
Ұғынғың келсе,жанымды бір сәт сүйіп көр!
Нәркестеу мынау жанардың төзсең отына,
Асқақтау мендік болмысты мына иіп көр!
Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін,
Дейсің бе, маған,
Өртеніп неге сүйесің?!
Алапат жанын алқаракөкке ұсынған,
Мендегі тылсым күй осы.
Адалдығымның, ғазал жырымның жердегі,
Бір өлең жалғыз иесі!
Хақтың нұрын,
Сен келіп төксең деп ем,
Жаумай қойды жаңбыр да.
Бұлттан бұрын көзіңді өпсем деп ем,
Датымды айтып тағдырға.
Сендік болмыс Тәңіріме ұқсайды,
Ала алмадым, құшақтап.
Аңсарымды бір құдірет тұсайды,
Сағыныш па, түсі аппақ.
Күннің райы менің халім, ұғынсаң,
Гүл секілді, солғаным.
Мендегі осы нәзіктіктен суынсаң,
Мен де жоқпын, ол мәлім.
Шөліркетті мынау аптап жанымды,
Нәр тамызшы, көктейін.
Жай отынан сақтап қалшы бағымды,
Жасыл тартсын, төскейім.
Сендік болмыс Тәңірімдей тым сұлу,
Сағыныштай түсі аппақ.
Қандай ғажап?!
сүймесең де тұншығу,
Қиялыммен құшақтап.
Мынау ғалам арылсын деп күнəдан,
Аспанға ұқсап,
Ағыл-тегіл жылаған.
Арашалап алғаусыздау үмітін,
Қара жерге қыламық боп құлаған,
Қар секілді бола алсақ қой кінəсіз.
Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,
Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,
Зеңгір көктің ғаламаты секілді,
Кіршіксіз қар,
Аймалайды бетімді,
Адалдыққа сенгісі кеп шүбəсіз.
Ең аяулы сезіміндей аспанның,
Мынау қардың пəктігінен жасқандым.
Жанды баурап,
Ақ ұлпасы мамықтай,
Ақша бұлтқа
ұшқым келді қалықтай,
Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.
Мен де сендей,
Ізгілікке құштар ем,
Естимісің?
Ақ ұлпа қар, қысқы əлем?!
Адалдыққа сеніп келем əлі де.
Ақұлпа қар,жанарымен аймалап,
Қара жерді құшты сосын,тайғанақ,
Бар шындығың осы болса,аяулы,
Тағдырыңның айтшы,кәне,мəні не?!
Жаны жаралы,
Тәні жаралы Алматым!
Кеудеңде өксіп, айта алмай кеткен бар датың.
Қарашығыңа қасірет тұнып, қарайсың,
Қайғыңа сұрар сауға кім?!
Алаштың ары, боздақтың жары секілді,
Аманатың ба, арда күн?!
Қан менен терін жазықсыз төккен киелім!
Тектілік буған сүйегін.
Көк бұлттарыңда рухы бар қанша қазақтың?
Қасіретіңе ие кім?
Алатауына арзуын айтып ах ұрған,
Басыңды қайда сүйедің?
Қара қобыздай киелім!
Ағытқан сенсің мұң менен шердің тиегін,
Саусағың шерткен шындықта жатқан бар даңқы,
Қарбаласыңды, жанталасыңды сүйемін!
Қазақтың ары, қазақтың жаны – Алматы!
Басымды саған иемін.
Көк сүңгі болып, шындықтың сөккен көбесін,
Желтоқсанымда,
Жасытқан жаудың жебесін,
Қасат қаңтарда қаңырап қалған көшелер,
Көз жасын қайда төгесің?
Жазмышың әттең Жаратқанымдай тым жұмбақ,
Уақыт па ұлы төрешің?!
Анам да болған,
Панам да болған Алматы!
Қап-қара түнде ақ қарға жаздым ар хатын,
Көктем келгенде, көктей алмадым, бүршіктей,
Батыраштарға бар датым!
Бақ пенен сорды арқалап өткен ғұмырдай,
Базынаң болсын, бейбіт ғұмырдың солдаты...