№ |
Әннің атауы мен авторлары | Әннің бір немесе бірнеше орындаушылары |
1 | 2 | 3 |
1. | Сағыныш сен бе Сөзі: Әуелай Оспанова Әні: Дінмұхамет Ұябай | |
2. | Түсіме неге кіресің Сөзі: Әуелай Оспанова Әні: Гауһар Әлімбекова | |
3. | Қайран уақыт Сөзі: Әуелай Оспанова Әні: Дінмұхамет Ұябай |
Бәйтеректей бұтағын кеңге жайған,
Тамырлары тереңнен орын алған.
Шуағынан шұғыла тарайтұғын,
Момын ғана бар менің асыл анам.
Асыл анам ардақты бар ғаламнан,
Тауқыметін тірліктің арқалаған.
Мейірімді жүзінен нұр төгілген,
Көркем мінез сый еткен Тәңір оған.
Ақылымен астасқан парасаты,
Отбасының сақтаған дара салтын.
Әр сөзінде тәлімді өнеге бар
Ана деген атына жарасатын.
Ақ тілегі бізге айтқан – өсиеті,
Анам менің биігім бас иетін.
Бағыт берген баталы ақниеті,
Ұл-қызына дарысын қасиеті.
Бақытын тапқан бала жаныменен,
Тәлім берген, бойдағы барын берген.
Бізді ойласа ас батпас тамағына,
Тыным көрмей бір сәтке бейнеттенген.
Апа, сенсіз өмірдің бар ма мәні,
Ойлағаның қашан да ұрпақ қамы!
Ынтымағын ұйытып шаңырақтың,
Берекелі, базарлы әр кез маңың.
Сағыныштың ортаймас толасымы,
Апа, сенсің әнімнің жарасымы.
Ана деген атыңнан айналайын,
Аман жүрші анашым – жанашырым!
Махаббаттың баяндысы – ән-дастан,
Пәк сезімдер самғар биік талмастан.
Қол ұстасқан шақтан бастап жүректің
Лүпілдері жалғасқан.
Сүйенішім, өзің болдың тірегім,
Толастамас маған деген тілегің.
Бақыттың да, шаттықтың да бастауы
Бір өзің деп білемін.
Жарық төгер шам-шырағым өзіңсің,
Мөлдіреген таңғы шықтай сезімсің.
Жақсы көру құдіретті сезім ғой,
Ет жүрегім езілсін.
Арманыма қол созғанда демедің,
Аяладың, ай мен күнге теңедің.
Тағдырыңа тағдырымды қосқанда,
Бақыт құштым деп едің.
Қыр-сырымды сенен артық кім білген,
Бір гүліңмін таңдау түскен мың гүлден.
Ардағым да аяулым да өзіңсің,
Бақты сен деп білдім мен.
Тербеледі боз жусаны даланың,
Көзімді алмай бұл көрініске қарадым.
Бөлінбейтін егіз ұғым емес пе,
Жусан иісін дала иісі санадым.
Жұпарына толтырамын кеудемді,
Дала иісіне теңгерер ем, беу, нені?!
Қасиетіңнен айналайын, бозжусан,
Сипатыңды сақтай білдім зердемде.
Жүзгін, қияқ, тораңғы мен бұйырғын,
Жыңғыл өскен тал-тоғайға сиындым.
Топырағы қасиетті туған жер,
Сенің әр түп жусаныңа сүйіндім.
Теріп алдым бозжусаннан азырақ,
Далам иісін бір иіскесем жазылам.
Ауылымды аңсағанда, шіркін-ай,
Бола білген қолымдағы қазынам.
Көктем келіп, оралды жыл құстары,
Қиқулады табысып көл тұстары.
Бір күн жауын, бір күннің қабағы ашық,
Күн ұзарып келеді, түн қысқарып.
Өрік гүлдеп, маңайдың кірді сәні,
Сай-саланы толтырды жердің нәрі.
Көк те шықты, ағаштар бүрін жарып,
Кеше соңғы жауса да қыстың қары.
Көкте бұлттар қаумалар табан асты,
Найзағайы жарқырап, ашу шашып.
Құйып-төгіп жіберер нөсерлетіп,
Жел тұрса әп сәт атойлап, аулақ қашып
Ертесінде-ақ жадырап шығады күн,
Сезілмейтін секілді жердегі дым.
Құлпыртып-ақ жіберер жердің жүзін,
Жан бітіріп маңайға, жайнатып шын.
Табиғатым, жайлы ғой сенің саяң,
Көктемемен, жер-әлем, сен де оян.
Терезеден шығарып салдым қысты,
Күтетінім көктемнен өзіме аян.
Көктің жүзі көрінді түстік жақтан,
Жылғалардан сырғып су тыншып аққан.
Жер мен көктің арасын жақындатып,
Хабар берер тіршілік күншуақтан.
Айнала тамаша бір көрікке еніп,
Самал жел соғады желікке еріп,
Сүйіншісін көктемнің сұрағандай,
Біздің жақтың гүлдеді өріктері.
Бүршік жарып тал-терек тамырланды,
Сайраған құс қарсы алар аппақ таңды.
Жан бітірген жарық Күн жылу төгер,
Қуанышқа кенелтіп тірі жанды.
Көкпенен көмкеріліп жердің төсі,
Теректің көлбеңдейді көлеңкесі.
Жауқазын қылаң беріп қыр басында,
Әуеде көшіп-қонар бұлттың көші.
Саф ауада Алатау еңселі еді,
Күн шуағы Жер тоңын еңсереді,
Көктемнің көрігіне басын иген,
Аспан-жер, төрт құбыла теңселеді.
Көктем келді,
Қар үстіне бәйшешек көктер енді,
Көкірегімді көрікті ой бек кернеді.
Жан-жағыма қараймын қуанышпен,
Көрмекке осы күнге жеткендерді.
Ұмсынамын,
Бір әдемі сезімнен қысыламын,
Әйтсе де кеудемдегі күшім ағын.
Қызғалдақты далаға сағынышым –
Қызыл жасыл көңілімді ұсынамын.
Ақтарылам,
Көңілде күй болған соң шат-шадыман,
Дауысым жаңғырды тау шатқалынан.
Қуаныштан тасыдым, жан-жағымда
Жарқыраған алаудан, от-жалыннан.
Жан шуағы,
Іңкәрлікті сезініп тамшыдағы
Қолқа салып әуезді ән сұрадым.
Қаз-қалпында қағазға түсірмекке,
Шабытымды қосақтап қамшыладым.
Қызық қандай,
Осы шақты бір сәтке үзіп алмай,
Қанат бітіп, қалықтап көкке самғай.
Жерге түсу ой түгіл, түсімде жоқ,
Шыр айналдым, ой пәлі-ай, ғашық жандай!
Келді көктем,
Құдіреті тым ерек екен неткен,
Самал желі шаш сипап, беттен өпкен.
Біз ұқпайтын сырың көп, тылсым дүние,
Махаббатты сен бе екен Жерге сепкен?!.
Бұла жел жердің тілін табады,
Бұлағы таудың сылдыр қағады.
Шешінген жердің жылынып тәні,
Шуақты күннің жымыңдағаны –
Көктемнің келгені.
Ақ жауын жердің есін алады,
Толысып өзен, есіп ағады.
Кемпірқосақтың керілер шағы,
Қазбауыр бұлттар көшіп ағады –
Көктемнің келгені.
Шыбықтың шыққан желектегені,
Жас талдың оған өрекпегені.
Күншуақ жайып құшағын кеңге,
Ызғарды бүтін бөлектегені –
Көктемнің келгені.
Көңілі көктің жадырағаны,
Алдайды көзсіз сағым даланы.
Бусанып жатыр егін танабы,
Тірліктің мына дабылдағаны –
Көктемнің келгені.
Жайлаудың малға толып етегі,
Даланы жылқы дүбірлетеді.
Жалғанып жанның үлбір үміті,
Тізіліп көктен жыл құсы өтеді –
Көктемнің келгені.
Ашылып көктің көлдей қабағы,
Қызғалдақ кілем жерді жабады.
Жауқазын әрлеп қырат-төбені,
Таң ата көк шөп маржан тағады –
Көктемнің келгені.
Даланы тербеп таңның самалы,
Құс біткен әсем әнге салады.
Бозбала қырдан қырын қарады,
Сұлуы Сырдың сылаң қағады –
Көктемнің келгені.
Жаралғандай сезінем сағыныштан,
Аппақ сезім кеудемде алып-ұшқан.
Жақсылыққа, жылуға, махаббатқа,
Туған жерден сусындап қанып ұшқам.
Сенен ғана аламын қуат-күшті,
Сенен табам табылмас сұрақты ішкі.
Қасиетіңнен айналдым, туған жерім,
Құшағың кең, сендегі шуақ күшті.
Сенде қонды кеудеме ақ өлеңім,
Әуен қосып жырыма мәпеледің.
Адамдықты санама салып беріп,
Адастырмай арманға жетеледің.
Сен үйреттің төзімді болу жағын,
Мінезімнен өзіңді танудамын.
Адамдарға жақсылық жасар болсам,
Оның өзі мендегі сенің табың.
Көңілім көктем болып күркіреді,
Тілегім қызғалдақтай дүркіреді.
Қадіріңді, туған жер, қасиеттім,
Алыс кеткен қыз білмей, кім біледі?!
Өзінікін бұл уақыт алады екен,
Ал қимастық жүректе қалады екен.
Ауылым – аңсар әнім мен өзіңді
Сағынышқа мәңгілік балап өтем.
Сұлудың бұлғақтаған бұрымындай,
Су арнасын көрдің бе бұрын мұндай.
Сырдария даламның ен төсінде,
Нәрлендірген құмын да, қырын да ұдай.
Яксарт көне атауы қалыптасқан,
Сейхун депті арабтар тарихты ашсаң.
Сыр сұлуы атанған бүгіндері,
Оңтүстікте ежелден болып дастан.
Жұмақтың бір өзенін Сейхун деген,
Диқаншының мұндағы еңбегі ерен.
Тянь-Шаньнан басталған Сырдария,
Құлашы кең, арынды, түбі терең.
Жағасына тал-тоғай, жиде біткен,
Арнасына ырыздық төккен көктен.
Мал-жаны сая тауып жанға жайлы,
Маңайына тіршілік тарту еткен,
Бау-бақша мол суынан ішкен қанып,
Ернеуі толып аққан оман арық.
Жағалай қонған елдің несібесі,
Ау құрып, қармақ салса болған азық.
Ағысы алға ұмтылған көрмей тыным,
Өн бойына сақтаған Сырдың сынын.
Аялап, ардақтаған дариясын,
Жасай бер жері құмайт Қызылқұмым.
Толассыз күн
Кеш батса, таң ататын,
Таусылмағын, тағдыр бер жарататын.
Көзімді ашып-жұмғанша өтіп кетпе,
Қуаныш бер салалап санататын.
Сағыныш бер,
Өткенді аңсата көр,
Өкінбесек болғаны, шаршата бер.
Мұң берсең де, нәзіктеу етіп бергін,
Кейінгілер мұнымды пәлсапа дер.
Аларым мол
Өзіңнен күресінде,
Берерім бар, сондықтан түгесілме.
Күнпарақтар бос өткен күндер емес,
Толтырамын өзімнің үлесімді.
Жарық күннен
Қып-қызыл қуат көрдім,
Шыңға шықтым, шындықтан құлап көрдім.
Дөңгеленген дүние тоқтамасын,
Адамзаттың әр күнін сынақ дермін.
Құшағы кең, туған елім,
Далаң дарқан, байтақ жерің.
Табиғатың көз қуантар,
Көркің сенің қандай керім!
Қар жамылған асқар белің,
Шалқып жатыр шалқар көлің.
Атыраудан Алтайға асып,
Көз жетпейді шеті-шегің.
Самал сүйген орманды өрің,
Суың балдай, зеңгір көгің.
Құт-қазына қойнауыңда,
Құтты мекен сенің төрің.
Құмың шағыл, шұрат шөлің,
Жанға жайлы жібек желің.
Еркіндігім қыран құстай –
Егеменді елім менің.
Шаттығы мол думанды елім,
Мақтанышым – туған жерім.
Әлем танып мойындаған,
Жасай бергін, қазақ елім.
Түн ұзақ.
Ұйқы қашқан шақ,
Кірпияз көңіл жасқаншақ.
Жадағай ойлар жағамды ап,
Желдіртпе арман озды аңсап
Желбуаз қиял қозған шақ.
Ай жарық,
Әбден толысқан,
Жабылар перде – таныс қам.
Жұлдызды аспан түрілмес,
Қараңғылық ол – арыстан,
Жалғыздығымен жарысқан.
Түн демес,
Қала мүлгімес,
Қараңғы қиял іргелес.
Ой-орман қамсыз бола ма,
Айқаспас бүгін кірпік еш,
Көрініп көзге түнгі елес.
Таң атар,
Жаңа күн шығар,
Түнегі түннің тұншығар.
Алаңдап өткен уақытым,
Жаңа бір жырды ұсынар,
Ұйқысыз түн де сын шығар.
Даламның төсі кімдерге пана болмаған,
Бабамның көші қалдырған ізін сары далам.
Білектің күші, найзаның ұшы қорғаған,
Қасиетіңе, кең далам, сенің таңғалам.
Тағдыры дастан, жазылған тасқа өткені,
Тәуелсіз елдің аз емес бүгін жеткені.
Бабалар мұра еткені жердің жаннаты,
Тәңірден кейін түркілер пірі – көкбөрі.
Дініне берік, халықпыз мықты діліне,
Дәстүрім, салтым, ғұрыпым түгел бүгінде.
Мақтанышы да, мәртебесі де, мұрасы,
Байлықтың көзі қазақтың ана тілінде.
Тарихта көрген азапты да ғажапты,
Бүгінде әлем мойындап отыр қазақты.
Қабырғалы ел, рухы биік өр далам,
Көгінде көк ту, көгілдір аспан, азат күн.
Егемен елім еңселі, еркіндігін таныған,
Кеңдік қазақ қанына ен даладан дарыған.
Рухы биік, өрлікке құмар халқым қашанда,
Арды артық көретін кеудедегі жанынан.
Еркіндіктің белгісі – тарихтан сыр толғады,
Тәуелсіздік таңы атып, үзілгенді жалғады.
Өрнектелген бағана тұрғызылып алдымен,
Ұшқыр қанат барысқа Алтын адам орнады.
Бүркіті мен садағы айқындаған бейнесін,
Тәуелсіз ел сезімі асқақтатқан кеудесін.
Нық сеніммен көз тігер тұғырынан бүгінде,
Бақытты елдің бақылап мызғымайтын іргесін.
Тас тұғырдың мазмұны одан әрі молықты,
Төрт бұрышта отбасы мүшелері толықты.
Әке, шеше, олардан өрбитұғын ұл мен қыз
Толыққанды ел деген жүйелі ойды қорытты.
Бақ орнасын таймайтын ұлан-байтақ жеріме,
Ашық болсын аспаны, күн күлімдеп көгінде.
Тас кітапқа басылған алақанға қол қойып,
Аппақ таза көңілмен тілегіңді айт еліме.
Күнің де, туған жерім, құмың да ыстық,
Өзіңде өтті күндер бала, жастық.
Тартады топырағың алыс жүрсем,
Сағыныш сезімдері араласып.
Өзіңе іңкәр көңіл самғар талмай,
Кіндігім тамырыңа жалғанғандай.
Аңсарым ауып отыр, өтердей-ақ,
Иіскесем жусаныңды арман қалмай.
Жылуың маған әбден сіңген білем,
Туған жер, өзіңді әркез аңсап жүрем.
Қырқаңа бауыр басқан жауқазындай,
Сағынам, түсімде де сені көрем.
Жұлдызың түнгі аспанда самаладай,
Сырыңды қалай қайтам жағаламай.
Дертіме дауа ауаңды сіміремін,
Теңізді шарлай ұшқан шағаладай.
Самалың желкілдеткен бұрымымды,
Сақтадым жүрегімде тұнығыңды.
Қызылдың құмы менің туған жерім,
Мәңгілік құрмет тұтам бұл ұғымды.
Мініп ем дәл өзіңде арман-атқа,
Қымбатым сенсің менің қимас жатқа.
Қарлығаш қанатына хат жазамын,
Сағыныш сәлемімді жолдамаққа.
Құм көшеді, оған бөгет кім болар,
Құм суырған құмдауыт та шыңдалар.
Сусып жатқан, сырғып аққан төбенің,
Сағымдары қолын бұлғап мұндалар.
Бір қызығы құмда қалмас із деген,
Жұғыспайтын құм тағдыр бар жүздеген.
Құмдағының табиғаты бөлекше,
Құмдағының тамырлары тым терең.
Жел үрлесе көшке ілескен жосылып,
Сырлы әуенге көріп пе едің қосылып.
Шағылында сағыныш бар сыңсыған,
Мұң-наласын көрмеген-ау жасырып.
Құмға барсаң табаныңмен табын ұқ,
Маңдайыңды күнге сүйгіз сағынып.
Қасиет бар Қызылдың сол құмында,
Түйіршігін моншақ еткін тағынып.
Табиғаты қаталдықпен сынаған,
Арыстанды-Қарабасқа шыдаған.
Суырса да құмын шашау шығармай,
Қызылда құм, құмда тірлік тұр аман.
Ұстаз көрдім, ұлылығын ұғындым,
Ақылына басымды иіп, жүгіндім.
Сабырына, байсалдылық қалпына,
Сөздеріне жан тербеткен жылындым.
Ұстазымның ұлағатын сезіндім,
Жарқыраған нұрын көрдім көзінің.
Ардақ тұтқан қасиеттерін адами
Іздей бердім өн бойымнан өзімнің.
Білім берді, азық болар ғұмырға,
Ұстазымның орны алтын тұғырда.
Өнегесі бойымызға сіңірген –
Асыл байлық бағаласақ шынында.
Парасаты биігінен түспеген,
Ұстазымнан толайым мол күш көрем.
Тәрбиесін, бізге берген тәлімін,
Жабықпастан, жалықпастан істеген.
Кеңдігі бар өн бойында даланың,
Ізгiлiктi қашанда одан табамын.
Бойындағы барын берген, ұстазым,
Мәңгілікке шәкіртің боп қаламын.
Өлеңім – кеудемдегі самғар құсым,
Сырымды саған айтам, өзің түсін.
Қуанып, жабығатын әр сәтімнің
Қағазға таңбаланған белгісісің.
Өлеңім – ойларымның қазынасы,
Шумақтан толғақты ойым табыласың.
Көңілдің көк дөнені өрге шапса,
Асаудай алғы шепке ағыласың.
Өлеңім, шабытымның желкенісің,
Жанымның бүршік атар өркенісің.
Сезімсіз жазылар ма әдемі өлең,
Қиялдың жүзеге асқан көркемісің.
Өлеңім – мойнымдағы бойтұмарым,
Кестелеп өрнектеген ой тұрағын.
Қадірің менің үшін тым биікте,
Күмістен кесек құйған тайтұяғым.