№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Мұратхан Егінбаев | |||
2. | Құттыбек Баяндин |
Еліңнің қамын ойла деп,
Жеріңді жаудан қорға деп,
Бассын ісің оңға деп,
Боркемік жасық болма деп,
Батыр болар баланы
Уа, аруақ қолда деп
Бабаң да берген ақ бата,
Басыңа қонсын бақ бата!
Қыдыр кеп қатар қонсын деп,
Ғұмырың ұзақ болсын деп.
Өрісің малға толсын деп,
Арғымақ мінер ұлсың деп,
Қаһарыңнан қаймағып
Жуадай жауың солсын деп,
Атаң да берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!
Орның да болсын тақтан деп,
Халқыңмен бірге мақтан деп.
Жамандықтан сақтан деп,
Түспесін тісің жақтан деп,
Балалы үй – базарым
Айырмасын ақтан деп,
Әжең де берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!
Қызығың сенің алда деп,
Қатарыңнан қалма деп,
Бетінен жанның алма деп,
Жарыңа жара салма деп.
Адал жүріп, анық бас
Бойыңда қуат барда деп
Анаң да берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!
Құйрық та бауыр жегізіп,
Мың жылдық құда дегізіп,
Үстіңе шапан кигізіп
Астыңа жорға мінгізіп,
Құдайдай күтіп құрметтеп,
Төбеңді көкке тигізіп,
Құдаң да берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!
Кісісіз күнің құрысын,
Үйіңе өзің ұрысың.
Қырықтың бірі қыдырың
Бақ дәулетің ырысың,
Сыбағасын сыйлап бер,
Қазақтың бәрі туысың.
Қонағың берген ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!
Айналдым елім салтыңнан,
Салмағы артық алтыннан.
Жарым ырыс – жақсы сөз,
Өнеге тұтқан халқымнан
Өнерлі болсын ұл-қызың,
Жарқырай берсін жұлдызың
Бірлік болсын баршаңда
Тірлік жүрсін ортаңда
Әумин делік ақ бата
Басыңа қонсын бақ бата!