№ | Авторлар тізімі | Авторлықтың түрі | ||
Сөзінің авторы | Музыкасының авторы | |||
1 | 2 | 3 | 4 | |
1. | Марита Қабижанқызы |
Бұл толғауым ақ тілегім аналық,
Тыңдасын ел, ауыл-аймақ, қалалық.
Қаптап кетті түсінбеймін неге осы,
Соңғы кезде, күнде жайсыз жаңалық?
Дүние есігін мыңдап сәби ашады,
Нұр күлкісін бұл жалғанға шашады.
Сөйте тұра тұрақтамай өмірде,
Періштелер неге бізден қашады?!
Неге айналды мәселеге бұл біздің,
Осы сұрақ ойлантады күндіз-түн.
Жастар неге қол жұмсайды өзіне,
Жанбай жатып сөнгені ме жұлдыздың?
Суға кетіп, отқа өртеніп балалар,
Секіруге терезені жағалар.
Заманадан жарық таппай түңіліп,
Кетіп жатыр, келмес жаққа аналар.
Адасты ма бұл қазағым жолынан,
Жаңылғандай бәрі оң мен солынан.
Неге, неге ажал құшты, зорланып,
Періштелер педофилдің қолынан?
Ащы шындық тілгілесін ауаны,
Мың сұрақтың осы болар жауабы.
Адамдар-ау, іс қылыңдар ойланып,
Бәрінің де бар ғой обал-сауабы!
Азғындаған қазақ осы күйің бе?
Үміт жібін матап қойған түйінге.
Нан тапсам деп қаңғып жүрген аналар,
Отыруға жағдайы жоқ үйінде.
Құлақ асар жан бар ма деп қарадым,
Мұң-зары бар толғауында, ананың.
Ең бірінші жасаса екен үкімет,
Жағдайларын ана менен баланың!
Мейірімді сезіне алмай жас бала,
Неге өмір сүру керек жасқана?
Көп балалы аналарға тегін-ақ,
Берсеңдерші бастарына баспана!
Бала біткен қамқорлыққа бөленсін,
Жастай солмай, өссін-өнсін көгерсін!
Жоқшылықты көрмесінші, балалар,
Әр балаға қомақты ақша төленсін!
Аз беріліп жүр ме екен бата тым,
Қариялар қайдасың үн қататын?
Неге бізде берілмейді көмек боп,
Студентке тегін орын жататын?
Ұрпақ үшін өмір сүріп сай, мәнді,
Тигізіңдер, тәрбиелеп, пайдаңды.
Орталықтар қартаятын әдемі,
Әжелердің өз үйіне айналды!
Немеренің алаңдатпай ертеңі,
Ой-өрістің керілмей тұр желкені.
Ата-әжелер тренингті тоқтатып,
Айтса екен немереге ертегі!
Қариясы, ел ағасы, жасы бар,
Өнегеге бас июге асығар.
Әрбір адам өз орынын білгенде,
Болашаққа мүмкін ақ жол ашылар!
Жас сәбиге бал балалық шақ лайық,
Үміттерін жас ұрпақтың ақтайық.
Еліміздің қорғап, балғын жастарын,
Көзіміздің нұрындай қып сақтайық!
Дүние есігін мыңдап сәби ашады,
Нұр күлкісін бұл жалғанға шашады.
Сөйте тұра тұрақтамай өмірде,
Періштелер неге бізден қашады?
Жас сәбилер, неге бізден қашады?