№ | Топ және жұлдызды топ атауы | Топ құрамында қашан болды | |
Қазір бар | Бұрын болған | ||
1 | 2 | 3 | 4 |
1. | Берік пен Эльмира | ||
2. | Руслан мен Эльмира | ||
3. | Аманжол мен Эльмира |
Неге екенін білмеймін, іздей берем,
Іздей берем, үмітімді үзбей келем.
Жаным, тәнім, жүрегім, барлығы да,
Тіпті, мынау мендегі сіз дейді өлең.
Неге екенін, әйтеуір көрсем деймін,
Көрсем деймін, ізінен ерсем деймін.
Көрген сәтте жүрегім алып-ұшып,
Кетерімде құлазып, кемсеңдеймін.
Неге екенін білмеймін, қиын маған,
Қиын маған, дәл осы күйім жаман.
Ол жаныма келгенде езу тартып,
Ал, жоғында күлу де бұйырмаған.
Неге екенін, сол ғана деп келемін,
Деп келемін, бір сәтте жек көремін.
Сағыныш па бұл әлде, түсінбедім,
Әйтеуір, сырларымды төкті өлеңім.
Раушан иісі аңқыған гүл деміңнен,
Айналайын, анажан, күлгеніңнен!
Тамсанып ажарыңа білесің бе,
Құрсағыңда жатып-ақ үлгеріп ем.
Періштең боп өзіңнен жаратылдым,
Дамылдадым астында қанатыңның.
Бір шоқ едім, кеудеңде шала жанған,
Бүгін, міне, от болып баратырмын...
Өмірімді өзіңсің ертегі еткен,
Жер бетіне сыйғызбай еркелеткен.
Шамын жағып өзгенің бір кездері,
Әттең, сенің қолыңнан ерте кеткем.
– Ал, қызым, сағынсаң, келіп тұрғын,
Дегеніңде жасыңды көріп тұрдым.
Күлімдеп сол бір мезет қарадың да,
Іштей ғана батаңды беріп тұрдың...
Содан бері өзіңсің сағынышым,
Сені ғана ойлаймын жанып ішім.
Тым ұзаққа кетпедім, сағынғанда,
Жаныңа тез жетіп бару үшін...
Самайыңды ағарған көрсем жүдеп,
Саулығыңды жүремін көркем тілеп.
Армандап жүрмін, ана, мына сенің,
Жүзге келген жасыңды көрсемші деп!
Үндемейсіз, үнсіздік пе досыңыз?
Болмай жүр ме, әлде, көңіл-хошыңыз?
Жау көрердей не жазып ем сізге мен,
Мұндай күйге қашан түстік осы біз?
Қаламайсыз, тағы үнсіздік арада,
Тұз сепкендей онсыз да ауыр жараға.
Бір ашылып сөйлемейсіз қырсығып,
Қайтсем екен, сізді мынау, жан аға?
Сезім жатыр арамызда... іркілген,
Көкте күн де арылмады-ау күркірден.
Жек көрді ме, бәлкім, бізді бұл өмір,
Көп көрді ме, кезімізді бір күлген?
Бақытты сәт өтті талай бізде көп,
Жалын еді-ау сөнбейтұғын біздегі от.
Мен бе, бәрін аңдаусызда бүлдірген,
Көрінбестей үнсіз кеткен сіз бе, жоқ?
Келеді әлі дейді бір кез үмітім,
Ал, түйсігім жалған дейді мұны тым.
Солай, солай күндер зулап өтуде,
Күтуменен жолға қарай күні-түн.
Бүгін тағы жылап алдым, не етейін,
Жылап тұрып, сырымды айтып кетейін.
Сізге деген сағынышын баса алмай,
Тілім-тілім шерге толды көкейім.
Махаббаттың білемісіз, көркі не?
Жылау... шыдау мұң-қасірет, дертіне.
Сағыныштың сары алқасын іліп ап,
Күйіп, тіпті, жанып кету өртіне.
Жараландым, білемісіз, аға, мың,
Бір ашылмай қойды-ау бүгін қабағым.
Кім не айтса, айта берсін, бәрібір,
Мен сүйген жан өзіңізсіз, бағалым!
Жарқырап от ұшқын көзіңде,
Оралып мойныңа білегім.
Сол сәтте сезіндім өзім де,
Дүрсілдеп тұрғанын жүрегің...
Шошынып, бір сәтте дір еттім,
Күлімдеп, қолымды қысқанда.
Дүрсілі ұлғайды жүректің,
Үнсіз кеп сен мені құшқанда...
Жанарым тайқыды селк етіп,
Қымсынып көзіңнен қараған.
Бір сезім ұшқыны мөлт етіп,
Жүректен жүрекке тараған...
Күйдіріп өткендей от жалын,
Өртендім деміңнен ып-ыстық.
Келмейді деп әсте тоқтағым,
Сен маған, мен саған ығыстық...
Ентелей қолдарың дірілдеп,
Аялап сипаған шашымды.
Есімде, содан соң күлімдеп,
Кеудеңе қойғаным басымды...
Жүзіңнен нұр-шуақ таратып,
Жүрекке бір жылу төккенің.
Көзімді көзіңе қаратып,
Есімде, мені алғаш өпкенің...
Деп жүріп сезімге ебім кем,
Жымиып, ішімнен күлдім-ай.
Орнында тұрса ғой дедім мен,
Біз үшін уақыт та жылжымай...
Жаны жайсаң, тамаша,
Шынайы оның күлкісі.
Сағат сайын, сәт сайын,
Мені ойлайды бұл кісі.
Таңнан кешке жүгірген,
Бала-шаға, Отан деп.
Ал, мен үшін жасаған,
Жақсылығы одан көп.
Қолдаушым да тірегім,
Ер мінезді батырым!
Қателессем, жаңылып,
Ақыл айтқан ақырын.
Таба алмасам егер де,
Көңілімнің күйін мен.
Бар уайымды мендегі,
Өзіне алып, күйінген.
Махаббатты жыр етіп,
Жазсам егер өлең мен.
Түсінсе де барлығын,
Қызғанады, дегенмен.
Қалауымды орындап,
Алам десем, әперген.
Шаңырақтың иесі,
Мол қуаныш әкелген.
Жүрегі оның кіршіксіз,
Кірленбеген көңілі.
Әлемдегі жақсы адам,
Бірінші ол нөмірі!
Жаным деші, күлімдейін күніңдей,
Көзімдегі қайғы-мұңым білінбей.
Сен сыйлаған сезіміңнен нәр алып,
Өмір сүрем, жабырқамай, түңілмей.
Жаным деші, танытайын ізгілік,
Еркелейін, ындым кетіп, үздігіп.
Құшағыңа басшы мені, асылым,
Өртеші кеп, қанды бойда қыздырып!
Жаным деші, махаббаттан балқиын,
Онсыз менің көңілсіздеу хәл-күйім.
Еркелетші, ғайып болсын көңілден,
Шешілмеген шешімі жоқ бар түйін!
Жаным деші, жаның болып қалайын,
Қажығанда, сенен қуат алайын.
Көңіліңе шөлдетпеші, өтінем,
Сол көңілден жанға жылу табайын!
Жаным десең, бағың болам өзіңнің,
Жалғызым сен, қарашығы көзімнің!
Біле білсең, мендегі бұл жүректің,
Арманы көп, жалғаны жоқ сөзімнің.
Жаным десең, болам мәңгі сүйгенің,
Сенсіз өмір қызық емес, түйгенім.
Кел де, өзің сырқатымнан айықтыр,
Бүгін жүдә біртүрлілеу күйдемін...
Бағыма баладым сол сәттік кездерді,
Бірақ та сол сәтпен қоштасар кез келді.
Келші, аға! Күрсінген халіме қарашы,
Мен басқа, сіз басқа, бәрі де өзгерді...
Мөлдір шық домалап, жанардан ағады,
Аспан да түнеріп, түсіпті-ау қабағы.
Келші, аға! Сөзіңмен жылытшы бойымды,
Суық жел жанымды тоңдырып барады...
Жаралы жүректің таба алмай бір емін,
Дауа іздеп жаныма алаңсыз жүдедім.
Келші, аға! Жұбатшы, мейірім бер, аяла,
Білмеймін, әйтеуір, бір жылап, күлемін...
Бойымнан әл кетіп, шаршадым, қажыдым,
Бір сізге сенгенім, сүйгенім – жазығым.
Келші, аға! Мауқымды бір басып алайын,
Бұл – менің білсеңіз, мың күндік азығым...
Басымнан не болды, арылмай мұң-қайғы?
Жанымды жұлмалап, аяусыз тырнайды.
Келші, аға! Айтшы енді тоқтасын осымен,
Мені емес, бәлкім, ол тек сізді тыңдайды...
Басылар деп жанымның сыздағаны,
Аралап, шолып шықтым күз-даланы.
Табиғат та тамаша күйге еніп,
Тамылжиды, келгендей ізгі адамы.
Жан-жағым сары алтын жапырақтар,
Сұлулығы көз байлап атырапта әр.
Дидарымды жып-жылы желі өбіп,
Күн сәулесін төгіп тұр шашырап бар.
Құстар әні тұндырып құлақтарды,
Беретіндей күз жайлы бір ақпарды.
Менің мына күйімді ұққандай-ақ,
Жапырақтар сау етіп, сыр ақтарды.
Қандай ғажап! Осы сәт, көркем едің,
О, Музам! Жүрегімді өрте менің!
Жырымның саған арнап ең әсемін,
Сырымды тек өзіңе шертер едім.
Көңілім көктем еді, күзгі айымда,
Өрте, өлең! Жаза түс, біз жайында!
Жүректерді жылытып бір мезетте,
Сезім келсе, Музам, сіз дайын ба?
Сағыныш – сары алқалы күйі күздің,
Ғажап қой, тұрса егер сүйіп ізгің!
Көктегі күн де бүгін жымиып тұр,
Хәлімізді ұққандай жиі біздің...
Күзгі бақта келгендей маған да дөп,
Қиял құсы қалқып жүр санамда көп.
Бүгінгі күнім сондай ерекшелеу,
Ал, басқаны ойлауға шамам да жоқ...
Мен сені жаным көргім келеді,
Арайлап атқан ақ таңнан.
Өзгелердің жоқ мүлдем керегі,
Өзіңмен ғана шаттанғам...
Мен сені жаным құшқым келеді,
Ұмытып мүлдем қайғыны.
Көкке де бірге ұшқым келеді,
Бағымның сенсің айдыны...
Мен сені жаным сүйгім келеді,
Көзімді жұмып, көзіңнен.
Отыңа балқып, күйгім келеді,
Ынтығып нәзік сезіммен...
Мен саған жаным сенгім келеді,
Сенгім келеді расымен.
Қайғы-мұңымды жеңдім, себебі –
Дертіме күлкің қазір ем...
Мен саған жаным бергім келеді,
Қуаныш, бақыт, шаттықты.
Жырымнан жақұт өргім келеді,
Жүрегім сен деп аптықты...
Мен саған жаным келгім келеді,
Күлімдей қарап, еркелеп.
Соңыңнан сосын ергім келеді,
Өзіңмен жаным ерте кет!
Өмірдің болмас дым да керегі,
Жанымда өзің болмасаң.
Көгермес көктеп көңіл желегі,
Жаурайды жаным, тоң басам...
Ұмыттым сен деп күлкіні мінсіз,
Дертіме мынау қонбас ем.
Жоқ болып кетсем бір күні үнсіз,
Не істер едің ал, сонда сен?
Бұлт болып жапсаң дағы күнді көктен,
Сезімді суырсаң да бұл жүректен.
Кешегі бар бақытты шағымыздың,
Сағыныш боп қаларын білді деп пе ең?
Байқасаң, бұл жүректің хəлі мүшкіл,
Ойға еніп, одан əрмен бағын ұштыр!
Өткенімді санамнан шығарғанмен,
Көңілімде əлі де сағыныш тұр!
Бақытсыз да емеспін, қапалымын,
Жүрсем де күліп, іште жатады мұң.
Мен сені ұмыттым деп ең болмаса,
Түсіме келіп айтшы, аха, бүгін?
Мазасыз күй кештіріп маған да бір,
Сансыз сұрақ сенделіп санамда жүр.
Сен шынайы ұсынсаң ниетіңді,
Жүрегіңе жыр болып барам қазір...
Армандарға сезіммен құлаш ұрған,
Жүрегінде бүр атып, жыры ашылған.
Деуші едім мәңгі бақи болса, шіркін,
Махаббатым өзіңдей бір асылдан!
Бақытқа осы шығар ұмтылысым,
Алладан тілеп келем күн-түні, шын.
Сен десе, сезесің бе кеудемдегі,
Жүрегімнің тағатсыз бұлқынысын?
Дегенмен, бізді алшақ жаратты Алла,
Бір бақыт күтер, бәлкім, әлі-ақ алда.
Бәрін де жеңеміз деп сертіңді бер,
Мендегі жүрек дейтін жауапты ал да!
Сезімге өзің айтқан тұрақтасаң,
Төзер ем басқа түскен сынаққа сан.
Жанымда сен де менің мәңгі жүрсең,
Таласып таңмен бірге шуақ шашам!
Іздегенде, бағыт берер жол шықпай,
Тағдыр тезі мені талай қорқытты-ай.
Бар мұңымды ұмытар ем лезде-ақ,
Сәби сүйсем маңдайы бар торсықтай...
Дейсіздер ғой, мына мені бақ тапты,
Иемдендім ана деген жақсы атты.
Шүкір деймін, артық болмас бірақ та,
Сәби сүйсем шырындайын тәп-тәтті...
Бес жасымда шашымды анам өріпті,
Анам менен өз бейнесін көріпті.
Ұлға – бауыр, қызға – серік дегендей,
Сәби сүйсем тағы да бір көрікті...
Таймай келем шүкір менен тәубәдан,
Жан-дүниемді жақсы ниет баураған.
Жақсылардың қалмай ерген ізінен,
Сәби сүйсем, әкесінен аумаған...
Тілеуімді берсін Аллам жалтартпай,
Қалмайын тек көкке қарап жалтақтай.
Сыңғырлаған шат күлкіге тойдырар,
Бір керемет сәби сүйсем балпақтай...
Бұл айтқанға келіс, мейлі, келіспе,
Айта берем, сақтамаймын тегі іште.
Бар әлемді тек шаттыққа бөлеген,
Сәби деген – періште ғой періште...
Қадірлім, жүрегімде сезімді ашқан,
Өзіңсіз көңіл жүдеп, төзім қашқан.
Ғашықпын әр сөзіңе еркелеткен,
Ғашықпын әр ізіңе өзің басқан!
Сен менің ардағымсың, асылым!
Өзіңсіз жанарымның жасы мұң.
Өзіңмен құлпырамын тасыдым!
Жалғанда жалғыз сүйген ғашығым!
Келеміз дәйім бірге қадам басып,
Сәл ғана алыстасаң, қалам жасып.
Тасыттың көңілімді махаббатпен,
Ғашықпын жүрегіңе маған ғашық!
Қарашы, аға, күз де келді сұрланған,
Жанарымнан не көресіз мұңданған?
Түнге барып ашсам ба екен сырымды,
Күнге барып айтсам ба екен нұрланған?
Ұрлап алып балдай тәтті ұйқымды,
Көңіліме бір ғажайып күй тұнды.
Қайта ғашық болсам ба екен еріксіз,
Айға ғашық болсам ба екен, сүйкімді?
Соқпағында бұл өмірдің сан қырлы,
Бірде тұман, бірде мынау таң нұрлы.
Сізді ұнатып қалсам ба екен, тап қазір?
Күзді ұнатып қалсам ба екен жаңбырлы?
Сезім, шіркін, армандарға бастаған,
Сүйе де алар жүзге жеткен жаста адам.
Жүрегімді сізге ұсынып көрсем бе,
Түнегімді жарық еткен жақсы адам!?
Жапырақтай жерге түсіп қуарған,
Күйге түстім жабырқаулы, жыларман.
Қайта бастап сүрсем бе екен өмірді,
Қайда бастап барады екен бұл арман?
Қайтер едік, сезім шіркін, міз бақса,
Мұны, сірә, ойладық па, біз баста?
Сізді сүйіп қалсам ба екен ертерек,
Қызды сүйіп қалмай тұрып сіз басқа?
Ғажап екен, шын беріліп сүйсең-ай,
Сезім келіп, қос жүрекке енсе оңай.
Асып өтіп қамалдардан ойланбай,
Ғашық етіп алғам сізді... мен солай...
Өзгешесіз, ұқсамайсыз басқаға,
Махаббаттың жолы неткен асқақ, ә?
Жырым осы сізге арнаған ең нәзік,
Сырым осы, тек ешкімге ашпа, аға!
Ашуланып, жыласа аспан алып,
Тасаладым тамшысын баспана ғып.
Өткеніме қарасам, біраз жандар,
Кеткен екен жанарды жасқа малып.
Аңғал басым сенгіш-ақ көрінгенге,
Дұшпаныма жай бердім төрімнен де.
Аспен ұрдым таспенен ұрғанды да,
Құшақ аштым кербездей керілгенге.
Ессіздігін елемей есіргеннің,
Қателігін мың қайта кешіргенмін.
Мен деген көңілдерге кері қарап,
Сезіміне селт етпей, кесірлендім.
Демеу етіп достардың бір әзілін,
Жеңілдеп қалсын дедім сірә, жүгім.
Ашуға ерік беріп кейде, бірақ,
Жүрегін жаралаппын біразының.
Күзді кешіп, жетсем де көктемдерге,
Қарайлап қоям тағы өткендерге.
Сүйемін деп айтыппын сүймегенге,
Жаным деппін жанымда жоқ пендеге.
Бағым санап сағымды еңістегі,
Сүйдім деп жүріппін-ау періштені.
Бақытым қуған сайын жеткізбестей,
Бағытым, түсінбедім, теріс пе еді?